Ипмағамбетов Нұрғали (1883-1922)
Алаш қозғалысының қайраткері, жоғары білімді алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі Ипмағамбетов Нұрғали 1883 жылы Орал облысы, Орал уезі, I Қараоба болысында дүниеге келген. Қараоба болыстық төрт сыныпты орыс-қазақ мектебін, Орал реальдық әскер училищесін бітірген. 1904 жылы Санкт-Петербург әскери-медициналық академиясына түскен. Бірінші орыс революциясы тұсында студенттер толқуына қатысқаны үшін оқудан шығарылып, төрт ай түрмеде отырған соң академияның озық ойлы оқытушыларының талап етуімен оқуға қайта қабылданып, 1911 жылы бітіріп шыққан. 1911-1913 жылдары Термез каласында дәрігер, Түркістан атқыштар дивизиясының 113-полкінде аға дәрігер болды. Н.Ипмағамбетовке Медициналық кызмет подполковнигі әскери атағы берілді. 1914 жылы 1-дүниежүзілік соғыс басталған кезде Кавказ майданына жіберіліп, ондағы орыс армиясының Бас хирургі болып тағайындалады. Осы жылы медициналық қызмет полковнигі атағын алды. 1917 жылдың басында бірнеше дәрігерлер біраз жауынгерді жарамсыз деп әскер қатарынан босатқаны үшін тұтқындалып, Сібірге жер аударылады. Одан Ақпан төңкерісінен соң елге оралып, Алаш қозғалысына араласқан.
1917 жылы шілдеде Ойыл бекінісінде өткен II Қазақ Орал облыстық сиезіне Қараоба болысынан делегат болып қатысты. Осы сиез аясында өткізілген земство мекемелерін сайлаушылар жиналысында Орал уездік земство управасының мүшесі болады. Осы жылы өткен I Жалпықазақ сиезінде Орал облысынан Құрылтай жиналысына депутат кандидаттығына және Алаш партиясы атынан Құрылтай жиналысы депутаттығына ұсынылды.
1917 жылы желтоқсанда II Жалпықазақ сиезіне Орал облысынан делегат болып қатысып, сиезде Алаш автономиясын дереу жариялауды жақтап дауыс берген. 1918 жылы қаңтарда Қаратөбе кентінде өткен III Қазақ Орал облыстық сиезіне қатысты. Осы сиезден соң Орал облыстық солдат, жұмысшы, шаруа және қазақ депутаттарының құрылтай сиезіне катысып, облыстық Совдеп атқару комитетінің денсаулық сақтау комиссары болып сайланды. Орал Войско үкіметінің 29 наурызға қараған түнгі төңкерісінен кейін Темір уезіне келеді. «Ақ жол» тобының мүшелері А.Кенжин, С.Қаратілеуов және Ғ.Есенғұловпен бірге сөз жүзінде Темір уездік атқару комитетінің жергілікті басқару органының жұмысына қатысады. Айтылған қайраткерлермен бірге Ташкенттен келе жатқан М.Шоқайдың Орал, Орынбор бағытына өтуін ұйымдастырады.
1918 жылы жазда Ақтөбе майданында Зиновьев басқарған Қызыл армия жеңіске жетіп, Темір, Жұрын атырабы Фогельдің «Тарбо» отрядының қолына көшкеннен кейін Оралға қайтты. Сол жылғы тамыз айында жергілікті қазақ атқару комитеттері мен Алаш партиясы атынан Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелері комитетіне (Комуч) мүше болып кірген 11 Алаш кайраткерінің бірі. Қазақ атқару комитеті атынан Жайық өңірінде Самара комитетінің билігін нығайту жолындағы үгіт-насихат жұмысымен шұғылданды. Комуч пен Сібір Уақытша үкіметінің 1918 жылы кыркүйекте Уфада өткен мәжілісіне қатысты. Сол жылғы қыркүйекте Комуч тарапынан Алашорданы тану жөнінде декларация қабылданып, Уфа мәжілісінен кейін ресми түрде Алаш автономиясының батыс бөлігін баскару жөніндегі Алашорда бөлімшесі (Батыс Алаш-Орда) құрылғаннан кейін жаңа ұлттық мемлекеттік кұрылымның Уақытша Бүкілресей үкіметінің (Директория) саясатын жүргізу жағында болды. 1919 жылы қарашада Қызыл армия ақ казактардан босатқан Жымпиты, Қаратөбе атырабына дәрігерлік-санитарлық отрядты бастап келіп, ауылдарда етек алған сүзек індетіне қарсы санитарлық өңдеу, індет ошақтарын жою шараларын ұйымдастырды. Жымпитыда, Қаратөбеде стационарлық емдеу лазареттерін ашты. 1919 жылы желтоқсанда Қазәсревкомның ұсынуымен Орал облыстық ревкомы тарапынан Орал облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалады. Қазәсревкомның 1920 жылғы 24 маусымдағы шешімімен Орал губревкомының жаңа құрамына мүше болып енді. ҚАКСР Кеңестерінің 1920 жылғы кұрылтай съезінде ҚАКСР ОАК мүшесі болып сайланды. 8 Бүкілресейлік Кеңестер сиезіне делегат болып қатысты. Кейінірек денсаулығының нашарлауына байланысты қызметінен кетіп, ауылда шаруамен айналысқан. 1922 жылы 13 тамызда сүзектен кайтыс болады.
Әдебиеттер:
1. Ипмағамбетов Нұрғали // Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.188-190
2. Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред.Ғ.Әнес. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2002. – б.307-308.
3. Жағыпарұлы Ж. Тіршіліктен тамыр тартқан тұлғалар // Егемен Қазақстан. – 2012.- 28 желтоқсан