Тілеулин Жұмағали (1890-1938)
Тілеулин Жұмағали – Алаш қайраткері, аудармашы, білікті дәрігер. Ол 1890 жылы Ақмола облысы, Көкшетау уезі, Айыртау болысы Жаманшұбар ауылында туған. 1913 жылы Орынбор әскери мектебін бітірген. 1913-1917 жылдары Петропавл уезінде фельдшер болып жұмыс атқарған. 1917 жылы Омбы қаласында Алаш партиясының Ақмола облысындағы бөлімшесін құруға қатынасып, күрескерлігімен көзге түседі. Омбы қаласында өткен II Жалпықазақ сиезінде Алашорда ұлттық өкіметіне мүше болып қабылданады. Алаш өкіметі таратылғанша ұлт қайраткерлері қатарында ел азаттығы жолында батыл күреседі. 1919-1921 жылдары Петропавл қаласында уездік жер басқармасында, Көкшетау уезінің денсаулық сақтау бөлімінде жұмыс істейді. 1922 жылы Петропавлдағы мұғалімдер даярлайтын үшжылдық курсты басқарады. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы 1923 жылы оған қазақша медициналық оқулықтар жазу міндетін жүктейді. 1924 жылы Орынборда «Гигиена», 1926 жылы Мәскеуде «Жұқпалы аурулар», «Қотыр және жұқпалы аурулар, оларға қарсы қолданатын шаралар», 1926 жылы Орынборда «Денсаулық» кітаптары жарық көреді. Қазақтың алғашқы буын аудармашыларының бірі ретінде 1924 жылы «Көз ауру – трахома» (Мәскеу), «Мерез» (Мәскеу), 1926 жылы «Қолдағы хайуандардан адамға жұғатын аурулар» (Мәскеу) атты кітаптарды қазақ тіліне аударады. 1927-1930 жылдары Ақмола губерниясында және Петропавл аумақтық денсаулық сақтау округінде меңгеруші қызметін атқарады. 1930 жылы 5 маусымда тұтқындалады. «1918-1920 жылы Кеңес үкіметіне қарсы қарулы күрес және өкіметке қарсы ұлтшыл үгіт-насихат жүргізді, шетелдік орталықтармен байланыста болды» деген айып тағылады. 1932 жылы 5 жылға бас бостандығынан айырылып, Воронеж облысына жер аударылады. 1932 жылдан бастап Қырғызстанда дәрігер болып жұмыс істейді. 1938 жылы Қырғызстанның Новотройцк ауданында аурухана меңгерушісі болып жүрген кезінде тұтқындалып, ОГПУ «үштігінің» шешімімен атылады.
Әдебиеттер:
- Тілеулин Жұмағали / Алаш. Алашорда: энциклопедия. – Алматы: Арыс, 2008. – Б.337-338
- Жұмағали Тлеулин: Жұмағали Тлеулин туралы деректер, қайраткердің еңбектері және құжаттар жинағы / құраст. С.Мәлікова, А.Мырзағали, Т.Долганова, К.Байгунакова. – 2015. – 280 бет.
- Тлеулин Ж. Жұқпалы аурулар. – М.: Издательство народов СССР, 1926. – 84 с.
- Ақтаев С. Бесаспап // Ана тілі. – 2012. – 31 мамыр; 6 маусым
- Ақтаев С. Алаш Ардағы // Ақиқат.- 2003. - №6. - Б.67-72
- Самрат Ж.Мағжан өлеңінің кейіпкері // Егемен Қазақстан. – 2008. – 26 қараша. – Б.10
- Самрат Ж. Жылдар жылжып барады. – Астана: “Астана-полиграфия”, 2013. – 336 б.
- Муканов К. Жумагали Тлеулин – деятель “Алаш-Орды”: документальная биография. – Алматы: Жибек жолы, 2005. – 216 с.