Саматов Мұхтар (1894-1938)
Саматов Мұхтар Саматұлы (1894, Павлодар уезі, Баянауыл – 1938) – Алаш козғалысының көрнекті өкілі, қоғам кайраткері, саяси қуғын-сүргін кұрбаны. 1917 жылы Омбы ауыл шаруашылық училищесін, 1919 жылы Омбы политехехникалық институтының 1-курсын бітірген. 1910-13 жылдары Петербург статистикалық экспедициясының (Павлодар, Өскемен, Зайсан уездері) аудармашысы, Павлодар уезінде мүғалім болған.
1914-16 жылдары «Бірлік» атты оқушы жастар одағын ұйымдастыруға қатысты. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін «Алаш» партиясының Ақмола облыстық ұйымдастыру комитетінің мүшесі болып, жергілікті бөлімшелерді ұйымдастыруға қатысты. Азамат соғысы жылдарында дутовшыларға қарсы жасақ ұйымдастырды. 1918-19 жылдары облыстық жер басқармасының нұсқаушысы болған. 1920-21 жылдары Қарқаралы уездік атқару комитетінің төрағасының орынбасары, 1921-24 жылдары Қазақ АКСР-і Азық-түлік халық комиссары, 1924-25 жылдары Қазақ АКСР-і Халық шаруашылық Орталық Кеңесінің төрағасы кызметтерін атқарды. 1925-37 жылдары өлкелік партия-кеңес мектебінің лекторы, өлкелік баспа басқарушысы, Семей губерниялық атқару комитетінің төрағасы, Қазақ АКСР-і Су шаруашылығы басқармасының бастығы, Қазақ КСР-і Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы төрағасының орынбасары, Халық шаруашылық есебі басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.
1937 жылы «халық жауы» ретінде ұсталып, 1938 жылдың ақпанында ату жазасына кесілген.
Әдебиеттер:
1. Саматов Мұхтар // Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.272-273