Сәдуақасұлы Смағұл (1900-1933)
Сәдуақасұлы Смағұл (1900, Ақмола облысы, Омбы уезі. Қорған болысы, 3 ауыл, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы, Ұялы-Жарқын ауылы – 1933, Мәскеу) – көрнекті мемлекет және қоғам кайраткері. Ауыл мектебін, 2 сыныпты орыс-қазақ училищесін, 1931 жылы Мәскеу көлік инженерлері институтын бітірген. 1915-16 жылдары өз ауылы Жарқынға мұғалім болды. 1916-1918 жылдары Омбы ауылшаруашылық училищесінде, политехника институтының кооперация курсында, ауылшаруашылық институтының кооперация факультетінде оқиды. Сонымен бірге, қысқаша курстарда дәріс беріп, Ақмола облыстық Жер-су басқармасында қазақ бөлімі оқу ісінің меңгерушісі болды.
1917-18 жылдары саяси күреске араласып, «Бірлік», «Жас азамат» ұйымдарында қайраткерлік шыңдалудан өтеді. 1918-20 жылдары Ақмола облыстық земство басқармасы жанындағы қазақ бөлімінің қызметкері, 1920 жылдан бастап Сібір жастар комитетінің (Омбы) мүшесі, «Жас азамат», «Еңбекшіл жастар», «Кедей сөзі» (Омбы), «Ұшқын», «Еңбек туы» (Орынбор) газеттерінің жауапты шығарушысы, алқа мүшесі, Жастар одағының хатшысы қызметтерін атқарған.
Мәскеу қаласында 1920 жылы 12-18 қыркүйек аралығында өткен Күншығыс ұлттары жастарының I конференциясына өкіл болып барып, қазақ жастарының атынан сөз сөйлейді. Құрылтай сиезінде (1920 ж. қазан) Қазақ АКСР-і Кеңестері ОАК-нің мүшесі және Қазақ ОАК-нің саяси хатшысы қызметінде болды. Қайраткер сол жылдары Қазақ жерінің тұтастығына қатысты жұмыстарға белсенді қатысты. 1921 жылы Семей облысын Сібір ревкомының қарамағынан Қазақ АКСР-і құрамына алу ісіне басшылық етті. Ақмола мен Семейді 1921 жылы 1 қаңтарынан Қазақстанға қайтаруы тиіс болса да, бұл мәселе уақытында орындала қоймайды. Омбыдағы Сібір басшылары мерзімді соза берді. Қазақ басшылары алған бағытынан қайтпады.
1921 жылы 2 ақпанда АК төрағасы С.Меңдешұлы, хатшысы Сәдуақасұлының қолы қойылған «Семей, Ақмола, Торғай, Орал губернелерінде бос жерді еңбекші қазақ халқына қайтарып беру туралы Декрет» жарияланды. Сол жылы мамырда С.Меңдешұлы бастаған елшілер Омбыдағы Сібір төңкеріс комитеті басшыларына, ал Смағұл Семейге аттанады. Онда Семей губернесінің жиылысын шақырып, өз ұсынысымен «отаршылдық іс-әрекеті үшін» губерниялық атқару комитетін таратып, оның орнына губерниялық төңкеріс комитетін (губревком) кұрады. Өзі губревкомның төрағасы ретінде шаруашылық пен ел басқаратын азаматтар жөнінде бірқатар батыл шараларға барады.
Аштық зардабымен күресу мақсатында ҚазОАК қайраткерді 1922 жылы төтенше өкіл ретінде Қостанай гүбернесіне жібереді. Ол тағы да батыл қадамға барып, қазақ ұлтына жасаған теріс әрекеті үшін Торғай уездік комитетін таратады. Оның орнына төңкеріс комитетін кұруға шешім шығарады. Бұрмалаушылықтар туралы «Қызыл Қазақстан» журналына «Қостанай-Торғай» атты жолжазба жариялады. 1923-24 жылдары Қазақстан жоспарлау комитетін, 1925-27 жылдары Халық ағарту комиссариатын басқарады.
«Еңбек туы», «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» басылымдарына редакторлық етті. Ол жастардың ұлттық қозғалысына арналған алғашқы зерттеулермен айналысты. Оның қаламынан туған «Жастарға – жаңа жол», «Жастармен әңгіме», «Ұлт театры туралы» «Қазақстанда халық ағарту мәселелері» т.б. танымдық кітаптармен бірге «Сәрсенбек», «Салмақбай-Сағындық», «Күміс қоңырау», «Салмақбай, Махамбет», «Аптономия», «Өртең» т.б. прозалық еңбектері, орыс тілінде әзірлеген «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» нұсқасы (Г.Тверитин аударған), «Молодой Казахстан» жинағы тұсында өте танымал болды. Қазақстан экономикасын өркендету жөнінде зерттеулер жазды. Оның публицистикасы қоғамдық ойдың қалыптасуына ықпал етті.
С.Сәдуақасұлы 1923 жылы 11 ақпанда А.Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойын өткізуге мұрындық болып, жиында «Ақаңның алдында» атты баяндама оқыған. 1926 жылы тұңғыш ұлт театрын ашуды ұйымдастырып, қазақ ән-күйін нотаға түсіруші А.Затаевичке қамқорлық көрсеткен.
Қайраткердің саясаттағы елеулі белесі – Кремль функционері Ф.Голощекинмен ашық күресі. Оған С.Сәдуақасұлының Қазақстанда өндірісті дамыту, биліктегі шовинистерден арылу, ескі оқығандарға жағдай жасау, халықты шын теңдікке жеткізу идеясы, ұстанымы ұнамады. Ол 1927 жылдан бастап саяси қызметтен қуғындалды, біраз уақыт Ташкенттегі Қазақ пединститутын басқарғаннан кейін жұмыстан босатылды. 1928-32 жылдары Мәскеу жол құрылысы институтын бітіріп, Мәскеу-Донбасс жолында инженер болады. Қайраткер 1933 жылы 16 желтоқсанда Кремль ауруханасында қапыда дүниеден озады. Сүйегінің күлі Мәскеудегі Дон христиан зиратханасының қабырғасында сақталынып келді. 2011 жылы ол Астанаға әкелініп, ел дәстүріне сай Хан Кене сарбаздары қорымына жерленді.
Әдебиеттер:
- Бектасова Г. Смағұлдың рухы Сарыарқаға оралды // Түркістан. – – 27 қаңтар. – Б. 1-2
- Боранғалиұлы Т. Тағы да “Смағұлдың жігіттері” // Егемен Қазақстан. – 2014. – 20 желтоқсан. – Б.12
- Жұртбай Т. Алаш идеясы – арыстарымыздың арманы еді // Айқын. – 2011. – 5 тамыз. – Б.5
- Қамзабекұлы Д. Қазақ … тарихынан?: Алаш мұрасы // Түркістан. – 2003. – 10 шілде. – Б.6
- Махат Д. Қазақ зиялыларының қасіреті. – Алматы: сөздік-Словарь, 2001. – 304 б.
- Нұрқасымова А. Қызыл қырғын құрбандары // Шәкәрім. – 2013. – № 2. – Б.58-61
- Сәдуақасұлы Смағұл // Тлешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық // Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – Б.352-354.
- Сәдуақасов Смағұл // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – Б.280-282
- Сәрсенбай А. С.Сәдуақасұлы жайлы тарих көмбесіндегі екі сыр // Қазақстан заман. – 2011. – 21 сәуір. – Б.7
- Смағұл Сәдуақасов: «Мен «Кіші Октябрьге» қарсымын!» // Қойгелдиев М. Қазақ елі: ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы күрес (ХІХ ғ.-ХХІ ғ.басы): монография.-Алматы: «Қаратау КБ» ЖШС, «Дәстүр», 2014. – Б.278-282
- Ісімақова, Айгүл. Тәуелсіздік және Алаш ғылымы: зерттеулер, мақалалар / А. Ісімақова. Алматы: Дәстүр, 2015. - 288 б.
Интернет сілтемелер:
Сәдуақасов С. Мен кіші октябрьге қарсымын: http://old.abai.kz/node/6582