Мұхитов Ғұбайдолла
Батыс Алаш-Орда қайраткері, сазгер Мұхитов Ғұбайдолла Мұхамбетжанұлы 1892 жылы Орал облысы, Ілбішін уезі, Жақсыбай болысы, Ақбақай ауылында туған. Атақты әнші Мұхит Мерәліұлының бел немересі – әншінің бәйбішесі Ермектен туған үш баланың үлкені Шоңның (Мұхамбетжан) баласы. Жақсыбай болыстық орыс-қазақ училищесін бітіргеннен кейін Орал мұғалімдер семинариясын тәмамдап, елде мұғалім болды. 1916 жылы Батыс майданда тыл жұмысында жүрген Жайық өңірі жұмысшы жасақтарында жүзбасы болды. 1917 жылы жазда елге оралып, уездегі Алаш қозғалысына, қазақ атқару комитеті және земстволық управа жұмысына араласты. 1918 жылы мамырда Жымпитыда өткен IV Қазақ Орал облыстық сиезіне қатысты. Сол жылы жазда Ойыл бекінісінде ашылған Ойыл уәлаяты Бірінші қазақ кавалерия юнкерлік мектебінде оқыды. Юнкерлік мектепті 1918 жылы 1 қазанда прапорщик шенімен бітіріп шығып, Алаш полктеріне алынған қазақ жігіттерін әскер өнеріне үйрететін нұсқаушы болды. Жымпитыдағы Алаш полкінде және Ойылдағы Батыс Алаш-Орда Халық әскері штабы жанындағы офицер ретінде жаңадан әскер бөлімдерін жасақтаумен, күзет қызметімен айналысты. 1919 жылы көктемде Қаратөбеде өткен V Қазақ Орал облыстық сиезінің қарарымен Жымпиты, Қаратөбе және Ойыл юнкерлік мектебінің алғашқы түлектері-прапорщиктерінің қатарында Ойыл маңында жинақы халық әскери жасақтарын құрысты. 1919 жылы күзде құрамында Мұхитов бар 28 офицер басқарған Алаш полкімен Орынбор казактары полктерімен бірге Ойыл бекінісін қорғап тұрды. Қазан айында Ойылдағы Алаш құрамалары адай жасағының шабуылына ұшырағаннан кейін полктің қалған құрамымен Қызыл-Қоға кентіне ығысты. 1919 жылы қараша айында Батыс Алаш Орда Үкіметі жанында Миялы жайлауындағы отрядты басқарған 8 офицердің бірі. Ішінде Бисенов, Шабназаров, Оспанов бар офицерлер тобының құрамы Кеңес жағына шығуы қолдады. Генерал А.В.Акутиннің Елек казак корпусын қолға түсіру операциясын жүзеге асыруға қатысты. Түркістан майданы қолбасшысының 1919 жылы 20 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес Алаш әскери құрамалары қарусыздандырылғаннан кейін ел ішінен аулақтатылған командалық құрам қатарында 1920 жылдың басында Орынбор қаласына әкетіліп, Қазақ өлкелік әскери комиссариатының қарамағына берілді. Айтылмыш комиссариаттың 1919 жылы 9 наурыздағы бұйрығына сәйкес бұрынғы Алаш-Орда әскери қызметшілерінің әскери дайындық деңгейін анықтау мақсатында құрылған комиссияның аттестаттауынан өтті. Түркістан майданы Қазақ әскерлерінің, ерекше бөлімінің мақұлдауымен, әскери дайындығын жақсарту үшін Борисоглебскідегі Орынбор кавалериялық командалық құрам мектебіне жіберілді. 1921-1922 жылдары аталмыш мектептің курсанты Мұхитов музыкаға да аса қабілетті болған. Інісі Лұқпан екеуі Мұхит әндерін әкесінің ағасы Нәудің баласы Шайхыдан үйреніп, ел ішінде Мұхиттың ән дәстүрін таратуға белсене атсалысты. 1920 жылы жазда қазақ әндерін нотаға түсіруді бастаған А.В.Затаевичке Мұхит әндерін алғаш айтып, нотаға түсіртушілердің бірі. А.В.Затаевич «Ах, дариға-ай» әнін алғаш Қуандық Жездібаевтан жазып алғанымен, кітабына Мұхит вариантын енгізгеніне қарағанда, оның әншілік қуаты күшті болған. Мұны Мұхитов Ғұбайдолла А.В. Затаевичтің белгілі «Қазақтың 1000 әні» кітабына кірген материалдарды сараптау, баға беру комиссиясы құрамында болғаны дәлелдей түседі. 1922 жылы командалық курсты аяқтаған Мұхитов Орта Азияға қызыл командир етіп жіберіліп, баспашыларға қарсы ұрыс қимылдарына қатысты. 1924 жылы әскери қызметтен босап елге оралды, әртүрлі жауапты қызмет атқарды. 1926 жылы Бөкей Ордасынан қайтып келе жатқан А.В.Затаевичпен екінші рет ұшырасып, Жайық өңірі әндерін Мұхит шәкірттері орындауында жаздыру ісін ұйымдастырды, өзі де бірнеше ән жазғызды. Ғ.Мұхитов 1930 жылдың басында Орал облыстық атқару комитетінде істеді. Саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Мұхитов 1937 жылы қазан айында «халық жауы» ретінде он жылға жер аударылды. Екі жылдан соң үкім өзгертіліп, бостандыққа шықты.
Әдебиеттер:
- Тілешов Е, Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.316-317
- Мұхитов Ғұбайдолла / Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.253-254