Мұстанбаев Ыдырыс (1898-1937)

35Мұстанбаев Ыдырыс 1898 жылы Алаш қаласы Семей губерниясына қарасты Заречный-Слабодкасында (қазіргі Семей қаласы Жаңасемей бөлігі) дүниеге келген. Ыдырыстың әкесі Мұстамбай Жауғашұлы әкесінен ерте жетім қалып, жалшылықта болады. Бірде Семейдің ірі көпесі Тінібай байдың саудагерлеріне жалданып, олардың елден жинаған малдарын айдасып, Семейге келіп, Тінібайға кіреші болып тұрып қалған.

Ал, Ыдырыс Мұстанбаев өз қолымен толтырған өмірбаянында былай деп жазыпты: «Менің әкемнің аты Мұстанбай, тегі Жауғашов болды, анамның аты Қолан. Мен 1898 жылы қазіргі Алаш қаласы Семей губерниясына қарасты Заречный-Слободкасында дүниеге келдім. Ата-анам Алексеевтердің жүн жуатын заводында жұмыс істеді. Шамамен 6-7 жасымда ата-анам мені мұсылмандық оқуға берді. Сонда он үш жасыма дейін оқыдым. Менің он екі жасымда анам заводта істей жүріп, қышымадан қайтыс болды. Осыдан кейін әкем заводтағы жұмысын тастап, етікші болды. Мен үлкен ағаммен заводта қалып, еңбек еттім. Ағам заводта ат айдаушы болды, мен үй шаруашылығындағы ұсақ шаруаларды атқардым. 1911 жылы 13 жасымда Семей қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне оқуға түстім. Сөйтіп, бір мезгілде заводта еңбек еттім. 1914 жылы өзімнің қабілетімнің арқасында қазыналық есептен интернатқа қабылдандым. Интернатта үш жыл оқыдым». Одан соң ол байланыс қызметкерлерін дайындайтын қысқа курсты оқып, почта-телеграф мекемесіне телеграфистік қызметке орналасады. [Салқынбек Д. Қайтпас қайраткер // Қазақстан тарихы.- 2011.- №5.- 4 б.]

Ыдырыс Мұстанбаев 1918 жылы қаңтар айында Семейде Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, пошта-байланыс жұмысшыларының атынан Семейлік депутаттар кеңесіне делегат болып сайланды. Осыдан кейін сәуір айында ол Алаш аудандық Кеңес депутаттары төрағасының орынбасары және Семей уездік Кеңес депутаттарының төралқа мүшесі болды.

1918 жылдың 11 маусымында Анненков әскері Семейді большевиктерден тазартып, билікті қолға алған кезінде қаншама боздақтарды қырғынға ұшырағаны тарихтың қаралы беттері болып жазылып қалды. Сол күні-ақ жергілікті кеңес өкіметінің басшылары К. Шугаев, И. Дубинин, П.Салов және тағы басқалар азаптап өлтірілді. Сондай бір қанды оқиғаның куәгері Нұрпейіс Садықұлы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ыдырыс Мұстамбаев туралы естелігінде: «1919 жылы Колчак қарақшылары Семейді тастап қаша бастағанда, өздеріне күдікті адамдарды іздеп жүріп атып тастап отырды. Жаңасемейде тұратын Қабдолла Қоскеев, Ғалымжан Дәулетбаев (Үйсінбаев), Нығметолла Күзембаев деген мұғалімдерді және Жанғали (Алашорданың тілектесі Ж.Алдоңғаров болуы керек – М.К.) деген ақсақалды аралға апарып атып тастаған жерлерінен сүйектерін тауып алды.

Жаңасемейдің сол кездегі Мұхтар Әуезов бастаған жастары үлкен Семейде орналасқан Совет өкіметіне қосылып, партияға кіріп, ақтардың қырып кетуінен елді аман сақтап қалу әрекетіне белсене кірісе бастаған болатын. Қаланың (Жаңасемей мен үлкен Семей) екі жағында ақтар мен қызылдар аралас қимылдады. Ақтардың көпшілігі және штабы Жаңасемейде болды да, қызылдар үлкен Семейде орналаса бастады. Совет өкіметін қарсы алған жастар: Мұхтар Әуезов, Ыдырыс Мұстамбаев, Ахметбек Сейсенбаев, Ғарифолла Ысқақов, Даниял Ысқақов, Әмзе Нахимжанов, т.б. үлкен Семейде Әниярдың үйінде жасырынып, большевиктермен астыртын қатынасып отырды.

Бір күні елеусізденіп, Жаңасемейдегі үйіне келіп, қайтып бара жатқан Ыдырысты біреудің көрсетуімен ақ солдаттар ұстап алып, қамап қояды. Соңынан сұрап барғандарға біз көргеніміз жоқ деп жасырады. Бұл жайдан хабарланған Мұхтарлар: «Совдепке бірінші депутат болған жолдасымызды ақтар қамап қойып жасырып отыр. Түн болысымен олар атады. Соны тірі құтқаруға тез көмек сұра», – деп Ғарифолла Ысқақовты қызылдар штабына жібергенін анық білемін.

Сталиндік саяси қуғынға ұшырап, бес жыл өмірін Сібір абақтысында өткізген жармалық Нұрпейіс Смағұлов ақсақалдың осындағы «Ажал аралы» деп айтып отырғаны, қазіргі Түйемойнақ (Полковничий) аралы. Бұл аралда Анненковтың жендеттері түрмеге түскен талай адамдарды мылтықпен атып, қылышпен шауып, денелерін көмусіз қалдырған. Немесе тірідей қапқа салып Ертіске батырған. Бір жағынан Ертісті жұрттың «қанды су» дейтіні осыдан ба дейміз.

Осы орайда айта кету керек, 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессиялау кезінде мұнда Семейдің жетпіске жуық мұсылман дін өкілдері, сондай-ақ көптеген ұлт зиялылары, мысалы, Алаш тілегінде болған Мұхаметхан Сейітқұлов (көрнекті абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметхановтың әкесі), Мәннан Тұрғанбаев және тағы басқалар құрбандыққа ұшыраған. Әлі күнге марқұмдардың сүйегі қайда екені белгісіз табылмай келеді.

Семейдегі екі аптаға созылған Аненнковтың ісі бойынша өткізілген әскери сот процесі кезінде, бұл өзі өмірде болатын кездейсоқтық па, жоқ әлде жаратқанның бұйрығы ма, кім білсін, сонау бір аумалы-төкпелі уақытта ұлы Мұхтар Әуезов өлімнен құтқарып қалған Ыдырыс Мұстамбаев қоғамдық айыптаушы ретінде сөз сөйледі. Ол «В истории гражданской войны бывали всякие жестокости и гнусности. Бывали случаи, когда сдирали кожу с рук красноармейцев и делали из нее перчатки. Но Анненков пошел дальше. Ряд пылающих деревень, заживо сжигаемые люди, поднятые на штыки дети, поголовное насилование женщин, – это – не сон и не легенда, а трагическая действительность вчерашнего дня. Раны этой действительности еще не зажили; из них сочится кровь и до сих пор. Об этих ранах не могли спокойно говорить свидетели, им нужно было давать воды… Здесь уже говорили о политической фигуре Анненкова. Все его соратники и друзья старались рисовать Анненкова национальным героем и вождем. Посмотрите, что же в самом деле, в действительности представляет из себя этот национальный герой и вождь… Все действия Анненкова от Славгорода до знаменитого «Орлиного гнезда» – сплошная уголовщина. На всем пути – ни капли национальной политики, ни капли национального духа. И даже наоборот – всяческое унижение и оскорбление национального достоинства… Анненков – не национальный герой, а бандит» – дей келіп, айыптау сөзінің барысында «үш қайталап айтамын, Анненковқа ешқандай кешірім жоқ!» деді. Итке ит өлім деген осы. 1927 жылдың тамыз айында Әскери трибунал А.Б. Анненков пен оның жандайшабы Н.А. Денисовке үкім шығарып, ату жазасына кесті.

Ал 1920 жылдын ақпан айында Мұстанбаев ешқандай кандидаттық өтілсіз партия мүшелігіне қабылданды. Бұдан кейінгі жылдары Ы.Мұстамбаев партиялық және кеңестік әртүрлі жауапты қызметерді аброймен атқарды. Мысалы, 1919-1921 жылдары Ыдырыс Семей губернисының революциялық комитеті мен губерниялық атқару комитетінің мүшесі болып, Семей, Өскемен, Аягөз, Зайсан уездерінде ұйымдастырушылық-басшылық қызметтер атқарды. 1921-1923 жылдары Ы.Мұстанбаев Орал губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары және Орал губерниясының прокуроры, 1924-1925 жылдары Ыдырыс Ақмола губерниясының прокуроры, 1925-1926 жылдары ол Сырдария губерниясы атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.

1927 жылы Мұстанбаев аймақтық қызмет конторасының меңгерушісі, 1925-1927 жылдары Кеңестік Социалистік Респубикалар Одағының Орталық атқару комитетінің мүшесі, 1920-1927 жылдары Қазақ Орталық атқару комитетінің мүшесі лауазымдарын атқарды. 1928-1929 жылдары Мұстанбаев Қазақ Кеңестік Республикасы Одағының жұмысшы-шаруа инспекция комиссариатының аға инспекторы, 1931 жылы аймақтық колхоз одағы басқармасынын мүшесі, 1932 жылы ол Қазақ жоспарлау комитеті жанындағы стандарттау бюросы меңгерушісінің орынбасары, ал, 1929-1930 жылдары байланыс наркомының орынбасары, Қазақ Кеңестік Социалистік Республика Одағының Халық комиссариатының мүшесі болып қызмет атқарған.

Мұстанбаев Қазақстанда Кеңес үкіметі орнаған кезден бастап әртүрлі жауапты қызметтерді атқарып, Кеңес үкіметінің нығайуы жолында еңбек еткен. Ол алғашқы кезден бастап-ақ Кеңес үкіметінің ұлт саясатына өз наразылығын ашық білдірген қайраткер болды. Бұл ұлт мүддесі жолындағы табанды күрес, Голощекиннің Қазақстанға келіп, өзінің жеке билігін орнатуға кіріскен кезде ашық түрдегі саяси күреске ұласты.

Мұстанбаевтың «Барлық уақытта жолдас Голощекинге сенуге болмайды, Ежовтың қолымен Қазақстанда коммунизм орната алмайсың»- деген сөзінің қаншалықты растығын республикамыздағы 1929-1933 жылдары болған аштық және 1937-1939 жылдары болған қуғын-сүргін оқиғалары әлденеше рет дәлелдеп берген болатын.

Қазақстандағы Голощекин саясатына қарсы шығып, С.Садуақасов сияқты қайраткерлермен пікірлес, мүдделес болған Ы.Мұстанбаев Голощекин тарапынан сәдуақасовшылдықтың «губерниялық деңгейдегі» жақтасы, қолдаушысы тұрғысынан қараланып, ашық түрде қуғынға түсті.

«Сырдария ісі», «Шаян ісі» деген секілді істердің ақ–қарасын анықтау барысында, бұл істер бір жақты бұрмаланып, оның астарынан Ф.Голощекин жікшілікті іздеп, Ы.Мұстанбаевты кінәлі қылып шығарып, жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеді.

Мұстанбаев өзінің қоғамдық қайраткерлігімен қатар шын мәнісіндегі қазақ тілі мен оның бай ауыз әдебиетін сол әдебиеттің көрнекті өкілдерін, олардың артына қалдырған бай мұраларын насихаттаушы, қорғаушы болды.

Ол сыншы-публицист ретінде осы салаға қатысты қалам тарта отырып, халқымыздың жазба әдебиетінің негізін қалаушы ұлы Абай мұраларын жанын сала қорғауы – өз алдына бір төбе ерлік. Ол А.Байтұрсынов, М. Жұмабаев және басқа Алаш қайраткерлерінің шығармашылық еңбектеріне жоғары баға берді.

Ыдырыс Мұстанбаев жалған айыппен сотталып кеткеннен кейін де өзінің кінәсіздігін, өз ісінің дұрыстығын, Қазақстандағы кеңестік құрлысты жүргізуде Голощекин бастаған партия басшылығының өрескел қателіктерге ұрындырып отырғанын, оның зардаптарын батыл көтеріп, айта білді.

Ыдырыс голощекиндік жалған саяси айыптаулардың зардабын алғаш тартқан қазақ қайраткерлерінің бірі болды. Голощекин өзінің басты қарсыластарын жауапты қызметтерден бірінен соң бірін ығыстырып шығарғаннан кейін, өзінің қарсыласы Ы.Мұстамбаевты да ұмытпады.

Ол 1926 жылдан бастап, Голщекиннің «қырағы» күзетінде болды. Ыдырыс 1933 жылы қаңтар айында жоғарғы оқу орындары директорларының кеңесіне барғанда Мәскеу қаласында ұсталды. Сол жылдың шілде айында Ресей Кеңестік Федеративті Социалистік Республикасының қылмыстық кодексінің 58 бабының 2, 11 тармақтары бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

1937 жылы 11 қарашада Алматы облыстық Біріккен мемлекеттік саяси басқармасының «үштігінің» қаулысымен «Кеңеске қарсы ұлтшылдық террорлық көтерліске және тыңшылық-диверсиялық ұйымға қатысқаны үшін» Мұстанбаев ату жазасына кесілді.

Жазықсыз жапа шеккен Ы.Мұстанбаев 1959 жылы 9 мамырдағы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы соты қылмыстық істер сот алқасының шешімі бойынша ісінде қылмыстық белгі болмауына байланысты ақталды.

 

Әдебиеттер:

  1. Мұстанбаев Ы. Абай сын-айтыс. // Алаш ақиықтары: Мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар. – Алматы: Алаш, 2006. – Б.95-126
  2. Мұстанбаев Ы. Көркем әдебиет туралы // Алаш ақиықтары: Мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар.- Алматы: Алаш, 2006.-  Б.66
  3. Мұстанбаев Ы. Біздің таластарымыз // Алаш ақиықтары: Мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар. – Алматы: Алаш, 2006. – Б.85
  4. Мұстанбаев Ы. Ақын Абай және оның философиясы // Алаш ақиықтары: мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар. – Алматы: Алаш, 2006. – Б.135

Ы. Мұстамбаев туралы әдебиеттер:

  1. Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.247
  2. Алаш қозғалысы: құжаттар мен материалдар жинағы: 1918-2007 жж: Т 4. – Алматы: Ел-шежіре, 2008. – Б.280-397
  3. Алаш туы тігілген өңір (Алашорданың 100 жылдығына орай) / құраст. М.Қ. Каримов, М.Қ. Асылбеков, Н.С. Нанбекова. – Семей, 2015. – 311 б.
  4. Мұхаметханұлы Қ. Ыдырыс Мұстамбайұлын кім білмейді?: өмір тарихынан қысқаша мағлұмат // Абай. – 1992. – № 4. – Б.52-56
  5. Сағатова Ш.Б. 1920 жылдардағы Ы.Мұстамбаевтың сыншылдық көзқарасы // ҚазҰУхабаршысы. Филология сериясы = Вестник КазНУ. Серия филологическая. – 2009. – № 5/6. – Б.264-267
  6. Салқынбек Д. Қайтпас қайраткер  // Қазақстан тарихы. – 2011. –  №5. – Б.4
  7. Төлеген Т. Алаштың қос арысы // Қазақ әдебиеті. – 2010. – 31 желтоқсан. – Б.14
  8. Шәкеев Н. Қандығатайдан шыққан қайраткер: Ы. Мұстамбаев туралы мұрағат деректері // Жалын. – 2006. – № 5. – Б.43-48

Интернет сілтемелер:

http://imena.pushkinlibrary.kz/kz/d-alashkz/750-.html