Мәрсеков Райымжан (1877-1937)

32

Райымжан Мәрсеков 1877 жылы бұрынғы Семей облысының Өскемен уезі Айыртау болысында (Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында) дәулетті, елге сыйлы Сасықбайұлы Мәрсектің отбасында дүниеге келген. Әкесі Мәрсектің руы – Найман ішінде Терістаңбалы, анасының руы – Жанай, атақты Тана мырзаның ұлы Омар мырзаның қызы Бейілхан ханым. Көреген ата-ана заман ағымын түсініп тетелес өсіп келе жатқан ұлдары Райымжан мен Шериязданды уездік орыс-қазақ мектебіне беріп сауатын аштырған. Орта білімін Омбы классикалық гимназиясында оқумен толықтырған жасынан зерек Райымжан енді Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түседі.

Райымжан жас кезінен-ақ еті тірілігімен көпшілік көзіне түскен. Оның күрескер тұлға, қайраткер ретінде қалыптасуының негізі осы кезеңнен бастау алған. Студент шағынан ол қоғамдық жұмыстарға қызу араласып, өзіндей алыстағы қазақ жерінен келіп оқып жатқан қазақ жастарымен тығыз қарым-қатынаста болды. Қоғамда болып жатқан өзгерістер, патша үкіметіне қарсы бой көтеру, толқулар әсерінен өзі қатарлас жастардың бойын билеген еркін ой-идеялар Райымжан үшін де жат болған жоқ.

Жастардың қайнаған ортасында жүрген Райымжан 1899 жылғы ақпан-наурыз айларында болған отаршыл саясатқа қарсы студенттер қозғалысына қалыптасқан саналы күрескер ретінде қатысты. Әрине, бұл әрекеті үшін ол билік назарынан тыс қалған жоқ, тиісті жазасын алып оқудан шығарылып, астанадан қуылды.

Елге келген оған Семей облысы әскери губернаторы сыртынан полицияның қатаң бақылауын қойған. Басқан ізі аңдулы екенін сезген ол көп аялдамай сол жылы тамызда қайта Петербургке барып, ізденіп жүріп, үлкен қиындықпен қайта оқуын жалғастыруға қол жеткізген. Талап етілген тәртіпті бұлжытпай орындап, ол 1902 жылы оқуын бітіріп шыққан. Оқуын бітіре салысымен Р.Мәрсеков Семейдің округтік сотына қызметке тағайындалып, алған білімін халқының игілігіне жаратты.

Райымжан Мәрсеков көкірегі ояу, көзі ашық әрбір ұлтжанды азаматты толғандырған қазақ қоғамының өзекті мәселелеріне студент кезінен-ақ қалам тартқан. Оның алғашқы зерттеу мақалалары 1899-1900 жылдары «Дала уалаяты» газетінде жарияланып тұрған. («Сайлау һәм оның ақырғы залалы» (Дала уалаяты газеті, 1899, №44, 45, 46; «Қазақ билерінің тексерулері» 1900, №1, 2; «Бір ауылдан бір ауылға шықпақ турасында» 1900, №6).

Райымжан Мәрсеков 1902 жылы 22 желтоқсанда Семей орыс географиялық қоғамына мүше болуға өтініш беріп, мүше-қызметкер ретінде қабылданған. Оның 1901 жылы «Санкт-Петербургское въдомство» газетінің №68 санында жарияланған «Киргизы и переселенцы» атты мақаласы аса құнды еңбек ретінде Абай атындағы кітапхананың сирек қорында сақталған 1902 жылғы каталогына енгізілген.

Сонымен қатар кітапхана каталогына Р.Мәрсековтың: «Сайлау (выборы) и его вредн. послъдст.», «Киргизский народный судъ» және «По поводу статьи въ киргиз. Степ. Газ. «Женщина»» мақалалары енген.

1903 жылдың 30 наурызында Р.Мәрсеков географиялық қоғамның мәжілісінде қазақ өлкесіндегі басқару ісіне, болыстық соттар мен старшындарды сайлауға қатысты «О выборном начале у киргизов» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол сайлау барысында қазақтардың бірнеше партияға бөлініп, ел басқару ісіне дау-жанжал арқылы, сондай-ақ, әртүрлі заңсыз жолдармен сайланатынын баса айтып, қазақ өлкесін басқаруда болыстық соттар мен старшындарды сайлауда ақсақалдар сайлауы емес, тікелей қара халықтың сайлауын, яғни төте сайлау енгізу жөнінде ұсыныс жасайды. Райымжанның бұл ұсынысы қызу пікірталас туғызған.

Өресі кең, жан-жақты білімді, орыс-қазақ тілдерін терең меңгерген Райымжан қаламынан туған мақалалар көтерген мәселелерінің күрделілігімен, кең ауқымдылығымен ерекшеленіп, сол тарихи кезең тынысын танытады. Оны толғандырған:

 

«Жер мәселесі» (Қазақ, 1914, №67);

«Ата қонысынан айрылған қазақ жайы» (Қазақ, 1915, №179);

«Қазақ қайтсе жерге ие болады» (Айқап, 1912, №1,2);

«Бас қосудың керектігін» (Айқап, 1913, №10);

«Қазаққа бөлек муфтилік керек пе?» (Қазақ, 1913, №43);

«Қазақ қайда бара жатыр?» (Қазақ, 1914, №62);

«Қоныстандыру басқармасының озбырлығына қарсы наразылық» (Қазақ, 1914, №67) т.б. соның айқын айғағы.

1908-1912 жылдары Р.Мәрсеков Омбы сот палатасының шақыртуымен сонда қоныс аударып, адвокатурада қызмет жасады.

Ал 1912 жылы Райымжан Мәрсековтьң отбасымен қайта көшіп келуін Семей халқы жақсылыққа балап, қуанышпен қарсы алған. Р.Мәрсеков білікті заңгер-маман ретінде көпшілікке танылып, қараңғылықтан жапа шегіп, жалған айыптан жазалы болғандарға бостандық әперген.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен елге пана, исі қазаққа тұлға болуды мақсат тұтқан арыстарымыз Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ж.Ақпаев, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедовтермен бірге Райымжан Мәрсеков те Алаш автономиясын құруға бар жан-тәнімен кіріскен. Қалың елі қазағының сауат ашу, қоныстану, жер мәселесі, шаруашылық, ел билеу ісі, сайлау, тіл, дін сияқты саяси-әлеуметтік өзекті мәселелеріне үн қоса отырып Р.Мәрсеков жас Алашорда үкіметінің Семей облыстық басшыларының бірі болды. Барлық алаш қызметкерлері Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында қызмет жасады. Р.Мәрсеков те Семей облыстық Қазақ комитетінің төрағасы қызметін атқарып, облыстық атқару комитетінің мүшелігіне сайланған. Сонымен бірге ол жаңадан құрылған Облыстық қазақ сотының төрағасы лауазымын қоса атқарған.

Р.Мәрсеков 1917 жылы 27-сәуір-мамыр аралығында өткен Семей облысының қазақ съезін ұйымдастырушылардың бірі болып, күзде Алаш партиясы атынан Бүкілресейлік Құрылтай жиылысына депутат болып сайланды. Ол С.Сейфуллин тілімен айтсақ «Алашорданың ресми тілі» болған «Теңдік» серіктестігінің демеуімен Семейде шығып тұрған «Сарыарқа» (1917-1919) газетіне Х.Ғаббасов, Р.Марсеков редакторлық етті. «Сарыарқа» газетінде «Алаш» партиясының бағдарламасы, қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, қазақ жеріне қоныстанған орыс шаруалары мен қазақтар арасындағы қарым-қатынас, құрылтай жиналысы, қазақ елінің мәдениеті, тіл, оқу-ағарту ісі сияқты өзекті мәселелерге қалам тартқан Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, Р.Мәрсеков, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, Б.Малдыбаев, Ж.Ақпаев, М.Тұрғанбаев, Б.Сәрсенов, Т.Құнанбаев т.б. мақалалары жария көрген.

 

Халық күйзелісі жанына сая бермеген Р.Мәрсеков Қиыр Шығыстағы Владивосток қаласына сапарға шығып, Американың «Мейер» фирмасынан Семей облыстық земствосы атынан 15 миллион сомның тауарын жергілікті шикізатқа айырбастап, бұқара халықты мұқтаж заттарымен қамтамасыз етіп, жоқшылықтан құтқаруға көмек көрсетеді.

Қазақстанда Большевиктік режим орнағаннан кейін өзге алаш зиялылары қатарлы ол да кеңестік жүйе мекемелерінде қызмет жасады. 1922 жылдың 5 көкегінен 4 маусымына дейін Семей губерниялық атқару комитетінің ақпараттық нұсқаушылар бөлімінде нұсқаушы тексеруші қызметінде болғанын өзі толтырған жеке қызмет ісінде жазған екен. Бұл Р.Мәрсековтың өз Отанында соңғы істеген қызмет орны.

Большевиктік үкімет тарапынан қуғын көріп, тәркілеуге ұшыраған Р.Мәрсеков 1923 жылы Қытайға өтуге мәжбүр болады. Соңғы анкетасындағы мәліметтерінде өз жасын 43-те, әйелі-Гүлназибұлбұл, Жанша атты ұлы, Гүлғасыл, Гүлрауза атты қыздары барын жазған. Үлкен балалары Гүлғасыл мен Жанша 1920 жылы 20 ақпанда Семейде қайтыс болған бірінші жолдасы Рахимадан туған. Екінші әйелі қазақтар арасында беделді татар байы Бекметьев Ғабдулғазиздің қызы – Бұлбұл-Гүлназдан кіші қызы Гүлрауза дүниеге келген. Басқан ізі аңдулы болған Р.Мәрсеков отбасын Қытайға алып өте алмаған. Алғаш Алтай аймағына өткен ол, кейіннен Мамырбек төренің баласы Қызыр үкірдай ауылында тұрып Алаш партиясының ең басты мақсаттарының бірі-халықты өнер-білімге үйрету ісімен айналысты. Жүрген жерінде туған халқына сая бола білген ел ардақтысы Райымжанның беделі зор болды. 1936 жылы Шың Шицай үкіметі інісі Шерияздан екеуін тұтқындағанға дейін, орысша және төте жазумен бала оқытып, парасатты ел ағасы Қызыр үкірдайдың қолдауымен Байбосынқызы Нұржамалға үйленіп, отбасын құрып, Гүлихан, Гүлсипат, Сәлихан атты қыздары мен Жаһанхан атты бір ұл сүйеді. Толы аудандық үкіметке Алашордашыларды қамау туралы жарлық түскенін Қызыр төреден естіп, Құлжаға кетіп, бай татарларға жасырынып, атын өзгертіп, бұл арада да бала оқытумен айналысады. Артынан бала-шағаларын алдырғанымен көп ұзамай өзі тұтқындалып, Үрімжі қаласындағы Шың Шицай зынданына қамалған. Сол кезде аталған түрмеде жатқан інісі Шерияздан тамақ тасушылардан ағасының бар екенін сұрастырып, біліп отырған. Кейіннен ағасының із-түзсіз жоғалғанын естиді. Аштық пен қинаудан денсаулығынан айрылған Шерияздан алты жылдан соң аурулығы себепті түрмеден шығарылғанмен көп ұзамай дүниеден өткен, ал Райымжан туралы ешбір дерек болмаған.

Әдебиеттер:

Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.239

Райымжан Мәрсеков // Тілешов Е, Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – б.301-302

Әбдешев М. Алаштың арысы-Райымжан // Ертіс өңірі. – 2007 .- 31 қаңтар. – б.10.

Әділбекқызы Ж. Семей орыс географиялық қоғамы және қазақ зиялылары //Абай.- 2004.- №1.- Б.61-64.

Әлина Р. Райымжан Мәрсеков – алыстағы жылдардың қасіреті тағдыры //Дидар.- 1999.- 10 шілде.

Белгібаев М., Әділбекқызы Ж. Орыс Географиялық Қоғамының Семей бөлімшесі //География және табиғат.- 2004.- №3-5.

Байғалиев Б. Адвокат Райымжан Мәрсеков // Түркістан.- 2003.- 16 қаңтар.

Бапанова Ә. Алаш арыстарының бірі – Райымжан Мәрсеков // Семей таңы.- 2007.-

30 тамыз.

Егізбаев Қ. Алаштың арысы – Райымжан Мәрсеков // Қазақ тарихы.- 1999.- №2.- б.38-43.

Жайнақов Ы. Райымжан Мәрсеков – атаусыз қалған алаштың арыстары // Қазыбекұлы Н. Ағалардан қалған із. – Алматы, 2011. – б.75-82.

Жұмаділұлы Қ. Шыңжаңдағы қазақ зиялылары // Қазақ тарихы. – 1997. – №3

Қайса О. Алашта артық туған бір тұлға еді // Дидар. – 1999. – 3 тамыз.

Мәрсеков Р. Қазақ әдебиеті жайынан // Қазақ газеті.- Алматы, 1998. – б.154-157.

Мәрсеков Р. Көлбайдың сөзінен шындық табылар ма екен? // Қазақ газеті.- Алматы, 1998. – б.210-212.

Мәрсеков Р. Бюроға кісі жіберу // Қазақ газеті.- Алматы, 1998. – б.287-288.

Мәрсеков Р. Патшалық // Қазақ газеті. 1914 жыл /Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева.- Алматы: Арыс, 2009. – б.29-31.

Мәрсеков Р. Патшалық // Қазақ газеті. 1914 жыл /Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева.- Алматы: Арыс, 2009. – б.18-19.

Мәрсеков Р. Патшалық // Қазақ газеті. 1914 жыл /Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева.- Алматы: Арыс, 2009. – б.100-102.

Мәрсеков Р. Патшалық арасындағы заң // Қазақ газеті. 1914 жыл /Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева.- Алматы: Арыс, 2009. – б.194-195.

Мәрсеков Р. Қазақ қайда бара жатыр // Қазақ газеті. 1914 жыл /Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева.- Алматы: Арыс, 2009. – б.188-189.

Мәрсеков Р. Газетаға сөз жазушыларға // Қазақ газеті. 1914 жыл /Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева.- Алматы: Арыс, 2009. – б.13.