Мәметов Ахмет (1895-1938)
Мәметов Ахметғали (Ахмет) 1895 жылы, Астрахан губерниясы, Талов уезі, Қойтоғыт ауылында дүниеге келген. Батыс Алаш-Орда қайраткері, Бөкей өңірінде Алаш қозғалысына қатысушы, ағартушы, ақын, журналист, дәрігер. Әкесі Мәмет кедей шаруа болған. Мәметов жасынан әкесіне көмектесіп, жалданып мал бақты. Өз бетінше оқып, сауат ашты, жәдит мұғалімдер ашқан бастауыш ибтидай, орта рушдия медреселерінде оқыды. Елдегі көзіқарақты адамдар қауымының көмегімен 1910 жылы шамасында Өфедегі «Ғалия» медресесіне түсті. Медресе шәкірттерімен бірге төте оқулы Әліппе оқу құралын, Ғ.Қараштың «Бала тұлпар» өлеңдер жинағын шығарысты. Оралда шыққан «Қазақстан» газетінде алғашқы өлеңдерін жариялады (1912). Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспаханасынан 1912-1914 жылдары «Кеңес», «Ғибрат» өлеңдер жинақтарын шығарды. 1914- 1915 жылдары «Айқап» журналында «Бір қазақ қызының әкесіне зары» өлеңі, «Тарих исламнан» эфсана-өлеңі жарық көрді. 1915-1917 жылдары «Қазақ газетінде «Тілегім», «Көңіліме», «Су жағасында», «Алашқа сәлем» өлеңдері жарияланды. «Г-ді жұбату» атты өлеңі (1917жылы) ағартушы-мұғалім А.Балғымбаевтың қызы Г.Байгуринаға арналған. Ақындық жолы Ш.Бөкеев поэзиясының сыршылдық жағынан еліктеуден және жәдиттік оқу-білім игеру, әйелдер теңдігі, т.б. тақырыптардан, сондай-ақ әлеуметшіл, алашшыл сарындардан тұрады. Өлеңдері 1918 жылы «Абай» журналындағы «Екеу» (М. Әуезов, Ж. Аймауытов) мақаласында жоғары бағаланды. Медресе «Ғалияда» оқыған жастар қаржы тапшылығын шеккен. Жаз кезінде Сібір жаққа барып, мұғалім болды. 1915 жылы «Қазақ» газеті басқармасы тарапынан қаржылай көмек берілді. Ақыры қаржы қиындығына байланысты Орынбордағы «Хусаиние» медресесіне ауысып, осы оқу орнын тәмамдады. Бұл жылы Шәңгерейдің мәдени ықпал аясында болды, ақынға еріп Тайпақ, Жымпиты өңірін аралады, Алаш қозғалысына үн қосты.
1916 жылы дүрбелеңі тұсында босқыншылыққа ұшыраған қырғыз еліне көмек беру жөнінде Ә.Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Жәнібековтермен бірге 1917 жылы маусымда «Қазақ» газетінде қазақ еліне үндеу тастады. I Бүкілресей Мұсылмандар сиезіне қатысқан бір топ зиялының Жалпықазақ сиезін Ташкент қаласында өткізу, Алаш автономиясына Түркістан өңірін қосу туралы ойын қостады. Ақпан революциясынан соң Түркістан генерал-губернаторлығына қараған Ішкі (Бөкей) ордасынан Ташкентке барған бөкейлік оқығандар қатарында 1917 жылы Ташкент қаласына келіп, «Алаш» газетіне автор болды. 1917-1918 жылдары «Бірлік туы» серіктестігіне кірді, С.Қожанов редактор, М.Шоқай шығарушы болған «Бірлік туы» газеті басқармасында жұмыс істеді. Педагогикалық тақырыпта мақалалар, азаматтық әуенді өлеңдер жариялады. Түркістан мұхтариаты (Қокан автономиясы) 1918 жылы күзде большевиктер тарапынан қуып таратылғаннан кейін Ойыл уәлаятына келді. Ойыл облыстық земство басқармасында жұмыс істеді. 1918 жылы жазда Орал қаласынан Жымпитыға, облыстық земство басқармасына баспахана жеткізу ісімен айналысты. 1919 жылы Қаратөбеде өткен облыстық земство жиналысының облыстық земство басқармасы баспасөз органын шығару жөніндегі шешіміне сәйкес «Еркін қазақ» газетінің уақытша шығарушысы болып тағайындалды. 1919 жылы 26 қыркүйектен бастап «Еркін қазақтың» бірнеше нөмірін шығарды. Осы шамада Жымпиты кентінде тұратын судья Сүлеймен Күсепқалиевтің қызы Әминаға (Ә.Мәметова) үйленді. Батыс Алашорда үкіметі таратылғаннан кейін Батыс Алашорда қайраткерлерімен бірге Орал қаласына әкелінді. 1920 жылы РК (б) ІІ қатарына қабылданды. Орал губревкомының үгіт-насихат бөлімінің қызметкері болып істеді. 1920 жылы ақпанда Доссордан Орал қаласына мұнай тасу кезінде қазақ ауылдарында түсінік жұмысын жүргізу, қазақша үндеу, прокламациялар шығарып, тарату міндеті жүктелді. 1920 жылы көктемнен Жымпиты уездік ревкомының халық ағарту бөлімінің қызметкері. Сауатсыздықты жою ісімен айналысты, М.Жолдыбаев, Ш.Жантілеуовпен бірге саужой бағдарламасын талдап, жасау комиссиясының құрамына кірді. Уездік атқару комитетінің татар-қазақ бөлімі шығарған «Яна фикер» газеті тоқтағаннан кейін оның баспаханасы негізінде қазақша уездік «Ерік» газетін шығарды. Таралымы үш мың дана газеттің жеті нөмірі жарық көрді. 1920 жылы жазы – 1921 жылдың көктемі аралығында Орал облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы. 1921 жылы көктемде М.Шомбаловтың Бөкей губерниясы атқару комитетінің төрағасы болуымен сол жерге қызметке ауысты. 1921 жылы 19 – мамырда Бөкей губкомы төралқасы мен Бөкей губерниялық VI сиезі фракциялық бюросының біріккен мәжілісінде баламалы негізде ұсынылған алты кандидаттың ішінде басым дауыс алып, губатком төралқасына мүше болып сайланды. Сол жылы маусым айында баламалы негізде Бөкей губерниялық РК(б)П комитетінің үгіт-насихат бөліміне меңгеруші болып сайланды. Сәл кейін бұл қызметтен босатылып, Н.Манаев, Ғ.Мұсағалиев, Л.Атаянцпен бірге губерниялық партия комитетінің жаңадан ұйымдасқан органы-апталық «Сәуле» – «Рассвет» газетінің редакция алқасының мүшесі болып сайланды. 1921 жылы қыркүйектегі РК(б)П қатарын солшыл партиялар мен алашордашылардан тазарту саяси науқаны кезінде партиялық тазарту жөніндегі Бөкей губкомы комиссиясының шешімімен «Алаш» партиясында болғаны және патша тұсындағы Бөкей уақытша кеңесінің құпия кеңесшісі М.Шомбалов тобына қатысқаны үшін» РК(б)П қатарынан шығарылды. 1922 жылы Саратов қаласындағы жұмысшы факультетінің (рабфак) тыңдаушысы. 1923-1927 жылдары Саратов университеті медицина факультетінің студенті. 1927-1928 жылдары Маңғыстау өңірінде дәрігерлік қызметте, 1929-1930 жылдары Семей округтік денсаулық сақтау бөлімінің кәсіподақ-сауықтыру жүйесінің инспекторы. 1927 жылы «Жаңа мектеп» журналында жарияланған Исатай-Махамбет көтерілісі жайлы мақаласы әлі күнге осы тақырыптағы толымды да терең еңбектердің бірінен саналады. 1930 жылы Алматы қаласында Қазақ тері және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтын ұйымдастыруға шақырылды, осы институттың алғашқы директоры болды. Гигиена, тері-жұқпалы аурулар, олардан сақтану жөнінде жазылған 20-ға тарта кітапшаның авторы. 1931 жылдан бастап Орал облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 30 жылдың орта шенінде Алматы қалалық ауруханасында дәрігер. 1937 жылы ІІХК органдары тарапынан тұтқындалды. «Бұрынғы Алаш-Орда қайраткері, Орал облатком төрағасы Х.Қошанбаевтың антисоветтік тобының мүшесі» деген айыппен 1938 жылы 11 қарашада КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясы көшпелі сессиясының (Үштік) қаулысымен атылды. 1958 жылы 27 ақпанда КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясының қаулысымен ақталды. Қызы Мәншүк Мәметова әкесін ақтау мақсатында өзі тіленіп Ұлы Отан соғысына аттанды, 1943 жылы Невель қаласында болған шайқастағы асқан ерлігі үшін оған Шығыс қыздары арасында бірінші болып Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (қаза болғаннан кейін).
Әдебиеттер:
- Мәметов Ахметғали / Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.298-300
- Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы. – 2009. – Б. 236-238
- Ахмет және Әмина Мәметовтар: Алаштың ардақтылары… / Батыс Қазақстан Облыстық Тарихи- Өлкетану Мұражайы. – Орал, 2006. – 15 б.
- Құттымұратұлы Қ. Орал өңірінің атылған журналистері // AMANAT. – 2014. – № 1. – Б.342-346
- Құттымұратұлы Қ. Жымпитыдағы баспасөз // Орал өңірі. – 2015. – 14 қараша. – Б.5
- 6.Тәж-Мұрат М. Батыс Алаш-Орда: биобиблиографиялық сөздік тәжірибесі. – Ақтөбе: Полиграфия, 2003. – 233Б.
Интернет сілтемелер:
https://kk.wikipedia.org/wiki/Ахмет_Мәметов
Ахмет Мәметов және большевизмге қарсы күрескен газет // http://danakaz.kz/alashtanu