Қодаров Қарасай (1898-1935)
Батыс Алашорданың белсенді мүшесінің бірі, халық мұғалімі Қодаров Қарасай 1898 жылы бұрынғы Гурьев уезі, Қарақол болысы, Тасшағыл ауылында туған. Орта дәулетті отбасынан шыққан. Қарақол бір сыныптық болыстық орыс-қазақ мектебін 1906 жылы, Гурьев екі сыныптық қазақ-орыс Романов училищесін 1908 жылы бітірген. Орынбор қаласындағы орыс-қазақ мұғалімдер мектебін үздік тәмамдады. Ақтөбе уезіне қарасты Алтықарасу болыстық мектебінде мұғалім болды. 1916 жылы қазан айында Түркістан генерал-губернаторлығы мен Ресей Земство комитеті майдандағы тыл жұмысына алынған қазақ жігіттеріне басшылық жасауға жоғары оқу орындарындағы студенттерді, мұғалімдер мектебін, семинария бітірген қазақ жігіттерін мыңбасылық, жүзбасылық қызметке шақырған тұста «Қазақ» газетінің басқармасы М.Есболов, Т.Шонанов, М.Жолдыбаевтармен бірге осы қызметке лайықтаған сауатты қазақ жастарының бірі. 1917 жылы қыс, көктем айларында Күнбатыс майданындағы қазақ жұмыс қостарында мыңбасы болып, жұмысшылардың мұң-мұқтажын тиісті орындарға дұрыс жеткізу, жігіттерді ұлттық тамағымен қамтамасыз ету тағы басқа міндеттерді орындады. Орынборда А.Кенжин құрған «Еркін дала» мәдени-ағарту ұйымының қызметіне араласып, Орынбордағы мұғалімдер кеңесіне әзірлік жұмысына қатысты. 1918 жылы мамырдағы IV Қазақ Орал облыстық съезіне қатысушы. Ойыл уәлаяты үкіметінің, кейін Алашорданың Батыс бөлімшесі үкіметінің кұрамында жергілікті басқару органдары – болыстық, уездік және облыстық земство басқармалары бойынша оқу-ағарту жұмыстарын жүргізу ісін үйлестіріп отырумен айналысты. Ойыл облысымен жапсарлас Орал, Орынбор қалаларында гимназия, училище, семинарияларда оқып жатқан уәлаят студенттерінің земстволар тарапынан уақтылы стипендиямен қамтамасыз етілуін, оқуды үзіп алмауын, олардағы пансиондардың жабылып қалмауын қадағалады. Орал Войско үкіметімен, Комуч, Сібір Уақытша үкіметімен осы мәселелер бойынша байланыс жасады. Осы жылдары майданасты отырған елде бұрын Ы.Алтынсарин үлгісімен қызыл кірпіштен салынған стандартты ауылдық-болыстық мектептердің жабылып қалмай, елді сауаттандыру ісін жалғастыра беруі, земство мекемелері тарапынан көзделген кор, қаржының уақтылы бөлінуі, оқу құралдарымен жабдықталуы, бұрынғы орыс-қазақ мектептерінің миссионерлік бағыттан ұлттық тағылым бағытына ойысуы, сабақты ана тілінде жүргізу, осы міндеттердің үдесінен шығу үшін уәлаяттағы М.Жолдыбаев, С.Бекболатов, Т.Өтеулиев, М.Шолақов, Ғ.Нығмаділов, Ж.Бейісқалиев, Е.Байтақов Ж.Нияров тәрізді білікті халық мұғалімдеріне жағдай жасау ісі Қ.Қодаров есімімен байланысты. Қ.Қодаров 1920-1921 жылдары Батыс Алаш Орда таратылғаннан кейін Орынборда Қазәсревкомның Халық ағарту бөлімінің, Қазақ өлкелік Халық ағарту комиссариатының қазақ мектептері секциясының қызметкері қызметтерін атқарды. 1922 жылы елге кайтып, өзі оқыған Қарақол мектебінің меңгерушісі болып істеді. 1920-1930 жылдары Жымпиты уездік атқару комитетінің халық ағарту бөлімінің, Гурьев округтік халық ағарту бөлімінің, Орал облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі. 1935 жылы Батыс Қазақстан облысының Чапаев қаласында қайтыс болды.
Әдебиеттер:
Қодаров Қарасай // Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: Сардар, 2014 . – б. 271-272
Қодаров Қарасай // Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б. 225-226