Кенесарин Азимхан (1878-1937)

27

Кенесарин Әзімхан Ахметұлы (1878, Шымкент қаласы – 29.10.1937) – Алаш қозғалысының қайраткері. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Касымұлының немересі. 1897 жылы Шымкентте калалық училищені бітіріп, Әулиеата уезі басқармасында хатшы болып қызмет етті. 1905 жылы Әулиеата уезі қазақтары атынан Ресей империясы Министрлер Кеңесінің төрағасы  С.Ю.Витте атына петиция жазуға қатысқан.

Ә.Кенесарин 1917 жылы Акпан төңкерісінен кейін қалыптасқан жағдайға сай Әулиеата уезі қазақтарының саяси белсенділігін арттыру жолында қоғамдық өмірге кызу араласты.  Жергілікті халықтың мүддесін қорғау мақсатында кұрылған Әулиеата уездік Ұлттық кеңесіне төрағалық етті. Бірінші жалпықазақ сиезінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Бүкілресейлік Кұрылтай жиналысына Әулиеата  уезінен  сайлауға түсті. Оның ұйымдастыруымен 1917 жылы 12 карашада  Әулиеата  уезі қазақтарының сиезі болып өтті.

Осы жылы желтоқсанның 5-13-і аралығында өткен екінші жалпықазақ сиезіне Сырдария облыстық қазақтары атынан катысып, онда сиездің төрағасының орынбасары болды. Түркістан (Қоқан) автономиясына ізгі ниеттілік танытып, оны кеңес өкіметінің әскери күшпен талқандауына наразылық білдірді. 1921 жылдан Сырдария ревкомитетінің хатшысы, уездік атқару комиетінде жер бөлімінің меңгерушісі, гидротехник болып қызмет етті. 1930 жылы Кеңес өкіметі тарапынан «ұлтшыл» деген айыппен, қамауға алынып, кейіннен босатылды. 1937 жылы қайтадан тұтқындалып, ату жазасына кесілді. 1956 жылы Түркістан әскери округ трибуналының шешімі бойынша Әзімхан Кенесарин есімі ақталды.

Әдебиеттер:

  1. Кенесарин Әзімхан Ахметұлы // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.195
  2. Кенесарин Әзімхан Ахметұлы // Тлешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар баспасы, 2014. – Б.229