Иманғазиев Төлеген (1874-1938)

22

Алаш қозғалысына қатысушы, ағартушы-педагог, Иманғазиев Төлеген 1874 жылы Орал облысы, Ілбішін уезі, Жақсыбай болысы, Айтқали ауылында туған.

Әкесі Иманғазы Орал-Жымпиты-Ойыл жолы бойындағы Қарақұдық деген жерде лау ауыстыратын бекет ұстаған дәулетті адам. 1887 жылы Т.И.Гурьев уезіне қарасты Есбол (Индер) екі кластық болыстық мектебін, 1890 жылы Орал қалалық екі кластық орыс-қазақ училищесін тәмамдады. 1890-1894 жылдар аралығында Орынбор орыс-қазақ мектептері мұғалімдері мектебінде оқып, оны «Халық мұғалімі» атағымен үздік бітірді. 1894-1896 жылдары Торғай облысындағы Әулиекөл болыстық орыс-қазақ мектебінде мұғалім, 1896-1904 жылдары Орынбор орыс-қазақ мектептері мұғалімдері мектебінің дайындық класының оқытушысы қызметтерін атқарған. 1904-1917 жылдар аралығында елде мұғалім болып істеді, кейінірек болыстық управитель болып сайланды. 1917 жылы Ақпан революциясынан соң жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құру, земстволық оқу-ағарту ісін жолға қою ісіне белсене қатысты. 1918 жылы ақпанда Қаратөбеде өткен III Орал Қазақ облыстық сиезінің делегаты. 1920-1929 жылдар аралығында ауылда шаруашылықпен шұғылданды. 1929-1938 жылдары Жақсыбай орталау мектебінде жағырафия, орыс тілі және еңбекке баулу пәндерінен сабақ берді. 1937 жылы ақпанда «діни қайраткерлер Құрманғали Қуанышқалиев, Хасан Нұрмағамбетовпен байланыс жасады» деген айыппен тұтқынға алынып, 1938 жылы 15 ақпанда бұрын болыс болып, Батыс Алашорда қызметіне қатысқаны үшін Орал түрмесінде атылды. Иманғазиев әулетінен ұстаз-мұғалімдер көп шықты. Немересі Қайыржан Хасанов – белгілі өлкетанушы, журналист.

Әдебиеттер:

  1. Иманғазиев Төлеген / Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.215
  2. Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.184-185
  3. Құттымұратұлы Қ. Атылған арысқа ескеркіш тақта // Орал өңірі. – 2013. – 28 қыркүйек
  4. Сүлейменова Д. Белгілі жайдың беймәлім беттері: Төлеген Иманғазиев туралы // Егемен Қазақстан. – 2015. – 16 маусым
  5. Хасанов Қ. Ағартушы не үшін атылды? // Түркістан. ­ – 2014. ­- 7 тамыз.
  6. Хасанов К. Ақтаңдақта атылған азаматтар. – Чапаев селосы, 1996. – 55 б.
  7. Хасанов К. Дело №2668 Іс немесе Т. Иманғазиев тағдыры туралы. – Орал, 2007. – 80 б.