Жолдыұлы Таңжарық (1903-1947)

23Ақын, жырау, ағартушы, композитор Жолдыұлы Таңжарық 1903 жылы 15-ші наурызда, Қытай қазіргі  Іле-Қазақ автономиялық облысында, Күнес ауданы, Қамысты ауылында туған. 1916 жылы орыс жерінен қуғындалып келген Әбділмәжит атты татар оқымыстысынан білім алып, кейін Шапқы (1918), Күре мектептерінде (1919), Қазақстанның Кеген, Нарынқол аудандарында жеті жылдық мектепте оқыған (1922-1925). Т.Жолдыұлы 30-жылдары Шыңжаңда мұғалім, жаңадан ашылған «Іле» газетінің тұңғыш редакторы (1936) болған. Жасынан өлең жазып, айтысқа қатысқан. Ол араб, парсы, шағатай, қытай, орыс, ұйғыр тілдерін жетік меңгеріп, әлем әдебиетінің озық үлгілерімен танысқан. Қазақ ауыз әдебиеті мен шығыс ойшылдарының еңбектері, Абай мұрасы мен XX ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің туындылары, сондай-ақ орыс әдебиеті мен мәдениетінің Жолдыұлының ақын ретінде  қалыптасуына әсері мол болды.  Ақынның Абайға еліктей жазған «Жаз таңы», «Тау табиғаты», «Көктем мысалы», «Жаз мысалы», т.б өлеңдері бар. Ақынның еңбегінде ел мен жер, ұлт тағдыры, қоғамдағы қайшылықтар, әлеуметтік өмір шындығы айшықталады.

Ол XX ғасырдың 30-жылдары Шыңжаңда өткен демократиялық бағыттағы көтеріліске белсене араласты. Құлжадағы ағарту ұйымының насихат бөлімін басқарып, алғашқы ұлттық театрдың іргетасын қалады. Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» пьесасын сахнаға шығарып, өзі Әбдірахман рөлінде ойнады. Т.Жолдыұлы 1940-1946 жылдары Қытайдағы солақай саясат әсерінен тұтқындалып, түрмеге жабылды. Оның «Жастарыма», «Осы таң кімнің таңы?», «Оқып көр газетімді», «Көңілім қалды, торықты», «Абақтыда кім жатыр?», «Ақын сыры», «Еліме», «Абақты», «Іле түрмесінен», «Тұтқындалу», «Елмен, жермен қоштасу», «Түрме тарихы», «Құлжадан айдалғанда» атты өлең-толғаулары осы тұста жазылған. Жолдыұлының заман шындығын асқақ азаматтық пафоспен, терең философиялық толғаныстармен, шынайы сезіммен толғаған «Қоштасу» (1941-1942), «Өткен күндерім» (1942) атты жырлары мен «Назигүл» (1943) дастаны ұлт әдебиетіне қосылған асыл қазына саналады. Сонымен бірге, «Түлкі мен тауық», «Арыстан мен түлкі», «Молда мен бақсы», «Қасқыр мен Бөрібасар» (1934-1943), т.б. мысалдары бар. Ақынның «Біздің қазақ не қып жатыр?» атты жыры Мағжан өлеңімен сабақтаса жырланады. Ақынның «Ой толғау» туындысында қазақ халқын алаштық идеяларды қолдауға шақырды. Ол жырларында өнер мен ғылымды насихаттады («Оқы, жастар, қалам ал», «Ойлаймын жастарымды жатсам-тұрсам», «Қылығы надандардың еске түссе», т.б.). «Дүние», «Заманның құбылыңқы түрі қандай?» шығармаларында жалған дүние мен бақилық о дүние жайында, өмірдің мәні турасында терең философиялық толғаныстарға барады. Оның шығармалары негізінен Отанға, елге, туған жерге, халқына деген сүйіспеншілікті, махаббат пен өмірге құштарлықты жырлауға арналған. Ақынның Қойдыммен, Нұриламен айтыстары сақталған.  Т.Жолдыұлы 1946 жылы 8 тамызда түрмеден босағанымен, абақты азабынан дертке шалдығып, бір жылдай уақыт өткенде қайтыс болды. Т.Сақаловтың  «Жұлдыз» журналының 1975 жылғы №8  санында жарық көрген «Түрмеде туған жырлары» Таңжарық Жолдыұлына арналған.

 

Әдебиеттер:

  1. Жолдыұлы Таңжарық // Тілешов Е, Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.174-175
  2. Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.156-157
  3. Дәулетхан Ә. Алаштың ардагер ақыны: рухани қазына //Ақиқат. – 2011. – № 7. – Б.53-58
  4. Нұрпейсов К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: Ататек, 1995. – 256 б.
  5. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы: Санат, 1995. – 185 б.