Бірімжанов Ғазымбек (1896-1938)
Алаш қозғалысының қайраткері, қаламгер Бірімжанов Ғазымбек 1896 жылы бұрыңғы Ақтөбе облысы, Торғай уезі, Тосын болысында туған. Орынбордағы реалды училищесінде, Орта Азия мемлекеттік университетінің дәрігерлік факультетінде білім алған. Алашорда атынан Колчак үкіметімен келіссөз жүргізуге қатысып, Алашорданың Башқұрт үкіметі жанындағы уәкілі қызметін атқарған. 1921-1922 жылдары «Ақжол» газетінде редактор қызметін атқарған. Мақалаларын «Шеген» деген бүркеншік атпен жариялап отырған. 1922 жылы күзде Т.Рысқұлов қолдауымен Түркістан жастарымен бірге Германияға оқуға жіберіледі. 1928 жылы Берлиннің ауылшаруашылығы университетін бітіреді. 1928 жылы Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы сынды Алаш көсемдерімен бірге тұтқындалады. Карелиядағы Медвежегорск қаласына 10 жылға жер аударылады. Ақтеңіз – Балтық каналының құрылысына қара жұмысқа жегіледі. 1937 жылы кезекті саяси қуғын-сүргінге алынып, ату жазасына кесіледі. Ғ.Бірімжановтың есімі 1988 жылы 4 қарашада ақталды.
Әдебиеттер:
Бірімжанов Ғазымбек // Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.134
Бірімжанов Ғазымбек // Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.123
Жұртбай Т. Ұраным Алаш: түрме әфсанасы: зерттеулер. 1-т. / Т. Жұртбай ; ред. Қ. Алпысбаев ; рец.: С. Қирабаев, Р. Нұрғали, Б. Аяған . – Алматы : Ел-шежіре, 2008. – 472 б.