Бекмұхамедов Шафқат (1892-1958)

12

Бекмұхамедов Шафқат Мұқамеджанұлы Алаш қозғалысы кезінде ұлтшылдық бағыт ұстанып, қозғалысқа қатынасқан азаматтардың бірі. Ол 1892 жылы Бөкей ордасының 2-теңіз жағалауы округінде туған. Өз заманында белгілі мемлекет қайраткері болған. 1903-1912 жылдар арасында Астрахань ерлер гиназиясында оқып, 1916 жылы Қазан университетінің заң факультетін бітірген. Оқып жүрген кезінде студенттер қозғалысына қатынасқаны үшін оқудан шығарылып, кейін қайта қабылданады.

1916-1917 жылдары тыл жұмысына алынған қазақ жігіттеріне көмек көрсету мақсатында қазақ зиялыларымен бірге Белоруссияда болған. 1917 жылы 2-6 сәуір аралығында Орынбор қаласында өткен Торғай облыстық қазақтарының сиезінде төралқа, хатшы болып қызмет атқарады. 1917 жылы 21 сәуірде Бөкей ордасының болыстар сиезінде төралқаның орынбасары болады. Қазақ халқының өкілі ретінде Ресей мұсылмандар сиезіне қатынасады. Алашорда таратылған соң амалсыздан Кеңес үкіметіне қызмет етеді. Ол Бөкей ордасының алғашқы жер комиссары, губерниялық жұмысшышаруа, қызыл әскерлер кеңесінің төрағасы болады. 1918 жылы әскери комиссардың орынбасары, 1919 жылы қарашадан бастап Қазақ төңкерістік комитетінің мүшесі болған. 1921 жылы қыркүйекте екінші жалпықазақтық кеңестер сиезінде халық комиссариаты кұрамына сайланады. Қазақ АКСР-і конституциясын әзірлеу комиссиясының мүшесі болады. Кейін мемлекеттік кеңестік мекемелерде жұмыс істеген. 1958 жылы қайтыс болған.

Әдебиеттер:

  1. Бекмұхамедов Шафқат Мұқамеджанұлы // Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.114-115
  2. Қабдешев Б. Қазақ автономиялық Республикасының бірініші прокуроры Шафқат Бекмұхамедов // Заң және заман. – 2006. – №12. – Б.79
  3. Қабдешев Б. Қазақ автономиялы республикасының прокуратурасы қалай қалыптасты? // Заң және заман. – 2009. – №12. – Б.44-47
  4. Қабдешев Б. Шафхат Бекмұхаметов – алғашқы прокурорлардың бірі (Ш.Бекмұхамедовтың туғанына 120 жыл) // Заң және заман. – 2013. – №1. – Б.61-65