Бейсенов Бақтығали (1889-1938)

11Бейсенов Бақтығали – Батыс Алашорда қайраткері, алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі. Ол 1889 жылы Орал облысы, Ілбішін уезі, Қызылжар болысы, 5-ауылда (қазіргі Ақжайық ауданында) туған. Әкесі Бейсен сауатты, дәулетті адам болған. Болыстық орыс-қазақ мектебін, қалалық Романов орыс-қазақ училищесін және 1901 жылы осы училище жанындағы жоғары оқу орнына даярлайтын қосымша класты бітірді. 1902-1910 жылдары Орал реальдық әскер училщесінде оқыды. Училище оқушылары Ұ.Есенғұлов, И.Қашқынбаев, Ы.Шұғыловтармен бірге 1-орыс революциясы тұсында «Фикер» газеті маңына ұйысқан Қазақ кадеттер партиясына ниеттес болды, осы үшін жандарм бақылауына ілікті. 1910 жылы тамызда Саратов университеті медицина факультетінің 1-курсына қабылданды. Арнаулы талапқа сәйкес 1911 жылы Орынбор халық ағарту округінің сынақ алу комитетінде латын тілінен балалар гимназиясының 8-класы көлемінде сынақ тапсырып, оқуын жалғастырды. Бірінші дүниежүзілік соғысқа байланысты оқу курсының тоғыз семестрін мерзімінен бұрын аяқтады. Университет сынақ комиссиясының 1917 жылғы 30-сәуірдегі қорытындысымен дәрігер мамандығын алып елге келді. Орал облысы 13- Қызылкүлгін ауылдық-дәрігерлік учаскесінде дәрігер болып істеді. Болыстық, уездік дәрежеде земство мекемелерін құру қызметіне қатысты. Інілері, Орал реальдық әскер училищесінің түлегі Ишанғали Бейсенов Жымпитыдағы Ойыл уәлаятының прапорщиктер мектебін бітіріп, штаб офицері болып қызмет етті, Зепқали Бейсенов Ойыл юнкер мектебін бітіріп, Алаш полкінде жүзбасы болды. Батыс Алашорда таратылғаннан кейін Б.Бейсенов 1920 жылдан бастап Орал облысындағы Калмыков уездік денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1924 жылы Жымпиты уезіндегі Байғұтты ауруханасының меңгерушісі. Одан кейінгі жылдары Жымпиты уездік ауруханасында дәрігер. 1937 жылы тұтқындалып, 1938 жылы 25 ақпанда КСРО Жоғары Соты Әскери коллегиясы үштігінің қаулысымен Орал қаласында атылды. 1958 жылы 14 маусымда Орал облыстық соты қаулысымен ақталды.

Әдебиеттер:

1. Бейсенов Бақтығали // Батыс Қазақстан: энциклопедия. – Алматы: «Арыс», 2002. – б.183
2. Бейсенов Бақтығали // Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – б.113-114
3. Бейсенов Бақтығали // Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009. – б. 99-100
4. Сержанұлы К. Ізі қалған өшпестей // Егемен Қазақстан. – 2016. – 2016. – 15 маусым