Болғанбаев Хайретдин (1894 – 1937)

22Көрнекті Алаш қайраткері Болғанбаев Хайретдин Әбдірахманұлы 1894 жылы Ақмола облысы, Ақмола уезінде (бүгінгі Қорғалжын ауданы) туған.  Ауыл мектебінен кейін Орынбордағы Хусаиния медресесінде оқыған. Осында        оқып жүріп, «Қазақ» газетіне мақала жаза бастаған. Ресей империясы I дүниежүзілік соғысқа араласқанда, 1916 жылы қазақ солдаттарына қамқор топтың ортасында Минскіде болған. 1917 жылы төңкерістер кезеңінде Ташкентте (Түркістан) М.Шоқай, С.Қожановпен бірлесіп «Бірлік туы» газетін шығарысқан. Аталған басылымның 7-14 нөмірлеріне редакторлық еткен. Қайраткер I және II жалпықазақ сиезіне (Орынбор, 1917-1918) Түркістан мен Сырдария уездері атынан делегат болып қатынасқан. Үлкен кызметі 1917 ж. 17 желтоксаннан 1918 ж. 11 ақпанға дейін өмір сүрген Түркістан автономиясын құрысуға атсалысуы. Бұл автономия большевиктер тарапынан күшпен талқандалғанын ол ашық һәм ашына жазды. 1917-1918 жылдары Ақмолада Алаш Комитетін құруға да көмек көрсетті. 1920 жылы ол басында «Ұшқын» газетінің, кейіннен аты «Еңбек туы» боп өзгерген осы басылым жалғасының алқа мүшесі болды (А.Байтұрсынұлымен бірге). 1919 жылы Түркістанда (Ташкент) жұмысшылардың ағарту одағының мүшесі, 1918-1920 жылы (әр мезгілде) Ташкентте оқу ісінің меңгерушісі, мұғалім, 1921-1922 жылдары ТүрОАК-тің сайлау ісі жөніндегі мүшесі болған. 1920 жылы желтоқсанда Ахмет, Әлихан, Смағұл,  Жүсіпбектермен бірге «Қазақстан» мемлекеттік баспасының сарапшылар алқасына енді. Қаламгер ұлт тағдыры және руханият жөнінде біраз шығарма жазған. Оның И.Гаспаралы туралы мақаласы Түркияда шыққан жинақта (1934 ж.) басылған. 1921 жылы бірнеше серігімен Алаш Орда атынан Бұқарада большевизмге қарсы қозғалыспен келіссөздер жүргізген. Ресми мәліметтерде 1924 ж. дейін қайраткердің немен айналысқаны көрсетілмеген. Бұл уақытта ол басмашылар арасында немесе елде «ашаршылықпен күрес» шараларының ішінде болса керек. 1924-1928 жылдары Петропавлда губерниялық халық ағарту бөлімі меңгерушісінің орынбасары, педтехникум мен кеңес партия мектебінің мұғалімі, кеңес партия мектебі оқу бөлімі меңгерушісі қызметін атқарды. 1928 жылы 17 желтоқсанда ол «контрреволюциялық ұйымға кірді» деген айыппен тұтқындалды. 1930 жылдан Архангельск пен Сыктывкарда айдауда болып, 1934 жылы Алматыға оралды. ОГПУ оған бас қалада тұруға рұқсат бермей, Оңтүстіктегі Қапланбек зооветтехникумында ұстаздық қызмет етуге жіберді. Осында 1937 жылы 21 сәуірде қайта ұсталып, 21 қарашада Ташкентте атылды.

Әдебиеттер:

  1. Болғанбаев Хайретдин // Тлешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – Б.118-119
  2. Болғанбай Хайретдин. Иман күші. – Алматы: Арыс, 2009. – 288 б.
  3.  Болғанбаев Х.   Алаш автономиясы // Қазақ елі. – 2009. – 28 мамыр
  4. ҚамзабекұлыД. Хайретдин Болғанбаев // Қазақ елі. – 2009. – 28 мамыр. – Б.6-8
  5. Тоқсанбай Қ. Рахима // Егемен Қазақстан. – 2016. – 27 қаңтар. – Б.13

Интернет сілтемелер:

https://kk.wikipedia.org/wiki/Қайретдин_Әбдірахманұлы_Болғанбаев