Бекімов Молданияз (1882-ө.ж.б.)
Бекімов Молданияз – арнаулы білімді алғашқы қазақ офицерлерінің бірі, этнограф, фольклорист, аудармашы, Алаш қозғалысының қайраткері. Әкесі Бекім орта дәулетті шаруа адам болған. М.Бекімов ауыл молдасынан сауат ашты, Жақсыбай болыстық төрт класты орыс-казақ мектебін бітірді. 1895-1902 жылдар аралығында Орал реальдық әскер училищесінде оқыды. 1902 жылы 28 тамызда әскери қызметке өз еркімен тіленген бұратаналар қатарында Қазан жаяу әскер юнкерлері училищесіне қабылданып, оны 1905 жылы 22 сәуірде подпоручик шенімен бітірді. 6-Либава жаяу әскер полкында, 130-Херсон жаяу әскер полкында, 8-Закаспий атқыштар полкында және 1-Ташкент резерв батальонында кіші командир (1905-1906 ж.), Түркістан әскери округі штабында офицер (1906- 1908 ж.), 1-Түркістан атқыштар батальонында командирлік қызметте (1908-1910 жж.) болды. Жаркент қаласында жайғасқан 21-Түркістан полкында рота командирі (1910-1914 жж.). 1909 жылы поручик, 1913 жылы штабс-капитан әскери атағы берілді. 1914 жылы бастап Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. 1915 жылы қаңтар, ақпан айларында екі рет жараланды. Сол жылы ерлігі үшін 4-дәрежелі «Святая Анна» орденімен, 4-дәрежелі «Святой Владимир» орденімен және «Белый орел» орденінің лентасы бар жылтыр қола медальмен марапатталды. 1915-1916 жылдары Ташқорған гарнизонының бастығы және 1917 жылы Ресейдің Еуропалық бөлігінде әскери қызметте болды. 1917 жылы жазда Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі О.Шкапскийдің қаулысымен Жетісу облысына шақырылып, осындағы Нарын уезінің комиссары болып тағайындалды. Уездің 12 болысы бойынша 1916 жылдың дүрбелеңі тұсында Қытайға ауған қырғыз босқындарына көмек комитетінің жұмысына қызу атсалысты. Осы еңбегін Жетісу облысының комиссары М.Тынышпаев газет бетінде жоғары бағалады. («Қазақ», 1917, № 255). 1917 жылы желтоқсандағы II Жалпықазақ сиезінде Уақытша Ұлт кеңесінің (Алашорда) мүшелігіне кандидат болып сайланды. 20-ж. РКФСР-дің Шығыс Түркістандағы (Қытай) консулдығы қарамағында кызмет істеп, 30-ж. басында елге оралды. Кейінірек ағасы Қожаниязды сағалап, Башқұртстанға қоныс аударды. Осы жылы психологиялық депрессияға ұшырады. Кейінгі жылы Орынбор облысы аумағындағы Жалайыр елінде, сонан соң Златоуст қаласы маңында тұрған. Бұдан соңғы тағдыры мәлімсіз. Зайыбы Софья Иосифовна Амалдықова. Соңында ұрпақ қалғаны жөнінде дерек жоқ.
М.Бекімов А.С.Пушкиннің «Капитан қызы» романының дауыстап оқуға арнап ықшамдалған нұсқасын қазақшаға аударып, 1903 ж. Қазан қаласындағы Харитонов баспасынан араб әрпімен жеке кітап етіп шығарды. Н.Катановтың «Қырғыздың (қазақтың) халықтық эпосын зерттеуге қатысты материалдар» деген алғысөзімен «Известия общества археологии, истории, этнографии, при Императорском Казанском университете» атты басылымда (1904, т.20) М.Бекімовтің ел аузынан жинаған алты ертегісі, «Орал облысы қазақтарының үйлену салты» деген мақаласы жарияланды. Сондай-ақ, ол ауыз әдебиеті нұсқаларын жинап, «Средняя Азия» жинағында ертегілер мен аңыздар, «Туркестанский курьер» газетінде мақал-мәтелдер, «Киргизская степная газета» мен «Тургайская газета» беттерінде ертегілер бастырды. 1909 ж. «Қазақ тілін оқып, үйренуге басшылық» кітабы жарық көрді. «Айқап» журналында (1912,№1) «Қазақ халқы жайынан» деген мақала жариялаған. Россия ҒА-ның академигі С.Венгеров 1915 жылдың өзінде-ақ М.Бекімовты қазақ халқы жайында жазып жүрген этнограф деп таныған. Оның еңбектерін Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Ә.Дербісалин, Б.Аманшин т.б. ғалымдар мен қаламгерлер жоғары бағалаған.
Әдебиеттер:
1. Бекімов Молданияз // Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.115-116
2. Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.Ғ.Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: Арыс, 2009. – Б.102-103
Интернет сілтемелер: