Тынышбаев Мұхамеджан (1879-1938)
Мұхамеджан Тынышбаев (1879 ж. 12.05 Жетісу облысы, Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысы – 1938 ж. Ташкент) – қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алашорда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері.
Ауыл молдасынан хат таныған соң, 1890 жылы Верныйдағы ерлер гимназиясының екі жылдық дайындық сыныбында оқиды. 1900-1906 жж. Санкт-Петербург қаласындағы Императорлық жол қатынасы институтын бітіріп шыққан. Мұхамеджан студент кезінде-ақ қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, баспасөз беттерінде орталық билікті сынайтын мақалалар жазып, патша үкіметінің жүргізіп отырған саясатына қарсы үгіт-насихат жүргізді. Ол патша үкіметіне оппозициядағы партиялардың ұйымдастырған іс-шараларына атсалыса араласты.
1905 жылы қарашада өткен автономияшылар одағы ұйымының ұйымдастыруымен өткен сиезде сөз сөйлейді. Сөзінде патша өкіметінің қазақ жерінде жүргізіп отырған отаршылдық саясатын айыптай отырып, ендігі уақытта ұлттық езгідегі халықтарға автономия берілуін талап етті. Институтты бітірген соң инженер маман ретінде Орта Азия темір жол құрылысына қызметке жіберілді. 1907 жылы ол ІІ Мемлекеттік Думаға Жетісу облысынан депутат болып сайланды және онда аграрлық комиссия құрамында қызмет етті. Дума таратылған соң Орта Азия темір жолы құрылысына айрықша өкілетті нұсқаушы-инженер болып тағайындалып, Әмудария өзені арқылы өтетін көпірді салуға қатысты. 1911 жылы ол Урсатьевск – Әндіжан темір жол құрылысының бастығы әрі бас инженері, 1914 жылы Арыс-Әулиеата темір жол құрылысының бас инженері қызметін атқарды. 1916 жылғы 25 маусымдағы патша жарлығына қарсы шыққан халық көтерілісінің салдарын күні бұрын болжап, көтерілісшілерді сабырлылыққа шақырды. Патша үкіметінің жергілікті билік орындарынан көтеріліске шыққан қазақтар мен қырғыздарды жазалауда жасаған озбырлығын әшекерлеуде белсенділік танытты.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Уақытша үкіметтің Жетісу облыстық комиссарының орынбасары болып тағайындалды. Түркістан өлкесі орталық атқару комитеттері өкілдерінің съезіне қатысты. Ол уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі ретінде Жетісу облысындағы 1916 жылы Қытайға ауып кеткен қырғыз босқындарына көмек көрсетуді ұйымдастырды. Тынышбаев І Жалпықазақ сиезіне қатысып, онда Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Қайраткер Түркістан өлкесінде жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің билікті өз қолына алу жолындағы әрекетіне қарсылық танытты. Осы жылдары Тынышбаев Түркістан өлкесі мұсылмандарының төртінші сиезіне қатысып, онда құрылған Түркістан автономиясының Уақытша үкіметінің төрағасы және Ішкі істер министрі болып сайланды. Екінші Жалпықазақ сиезінде Тынышбаев Алашорда үкіметі құрамына сайланды. Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге қазақ елі дербестігін қалпына келтіруге, елдің амандығын сақтауға күш салды. Ол осы мақсатта Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, Р.Мәрсеков, У.Танашев секілді Алашорда үкіметі мүшелерімен бірге Уақытша Сібір үкіметімен, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелері комитетімен және Колчак үкіметімен келіссөздер жүргізуге қатысты.
1920 жылы 1 қазанда Ташкент қаласында ашылған Қазақ халық ағарту институтына қызметке орналасып, осы оқу орнының аяғынан тік тұрып кетуіне көп еңбек сіңірді. Институт үшін Тынышбаев ел арасынан қаржылай көмек жинауды ұйымдастырды және осы оқу орнында білім алу үшін Сырдария мен Жетісу облыстарынан қазақ жастарын жинастырды. Халық ағарту институтында математика, физика, химия, түркі халықтары тарихы пәндерінен дәріс оқыды. Сонымен қатар, ғылыми жұмыспен де белсене айналысты. Ол Орыс Географиялық қоғамының Түркістан бөлімінің, Қазақстанды зерттеу қоғамының, «Талап» ұйымының мүшесі болды. Тынышбаев халқымыздың тарихының күрделі, бұрын зерттелмеген кезеңдеріне арнап, дерек көздері бай, ғылыми тұрғыдан негізделген іргелі еңбектер жазды. Бұған «Қырғыз-қазақ руларының шежіресі», «Қырғыз-қазақтың шығу тегі», «Қазақ этнонимі туралы», «Алтын Орданың күйреуі және Қазақ хандығының құрылу тарихы» т.б.тақырыптағы еңбектері дәлел бола алады.
1922 жылы Түркістан автономиялы республикасының Су шаруашылығы басқармасында, 1924 жылы Ташкентте Жер суландыру бөлімінде, 1925 жылы Қызылорда қаласының құрылыс-жөндеу жұмыстарында, 1926 жылы Жетісу губерниялық атқару комиетінің жол бөлімінде еңбек етіп, өзін білікті инженер-маман ретінде таныта білді. 1927 жылдан бастап Түркістан-Сібір темір жолында қызмет етті. Осы еңбектеріне қарамастан кеңестік биліктің қуғын-сүргініне ұшырап, Түрксіб құрылысын салып жатқан кезінде 1930 жылы 3 тамызда тұтқынға алынды. Оған «тап жауы», «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. 1937 жылы 21 сәуірде М.Тынышбаевты Өзбек ССР-і Ішкі істер халық комиссариаты тұтқынға алып, 1938 жылы Ташкент түрмесінде ату жазасына кесті. Алматы қаласындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясына Тынышбаев есімі берілген. Алматы облысы Сарқант ауданындағы бір ауыл және Алматы қаласындағы бір көше Тынышбаев есімімен аталады. Аз өмір сүрсе де қазақ халқы үшін көп еңбек сіңірген, туған халқы үшін жанын пида еткен Мұхамеджан Тынышбаев қазақ халқының есінде мәңгі қалады.
Әдебиеттер:
1. Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст. Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – Б.335-337
2. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – Б.406-409
3. Ескендірұлы М. “Алаш-Орда” министрлері – Министры Алаш-Орды”. – Алматы: «Раритет», 2008. – Б.42-43
4. Нұрпейіс К. Тарихи тұлғалар. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 2007. – Б.334-339
5. Тарихи тұлғалар / құраст. Б. Тоғысбаев, А. Сужикова. – Алматы: «Алматы кітап»
баспасы, 2012. – Б.63-65
***
6. Балқияұлы Н. М. Тынышбаев – Қазақстанның көлік экономикасының негізін қалаушы // Республика ұстаздары. – 2014. – № 9-10. – Б.2
7. Жұртбай Т. «Қазақ ауылына – азаматтық соғыс жариялады!..» // Ақиқат. – 2010. – № 10. – Б.41
8. Жүгенбаева Г. Тәуелсіздік үшін күрескен тұлға // Отан тарихы. – 2011. – № 1. – Б.59-69.
9. Мұхаметжан Тынышбаев // Жас алаш. – 2011. – 20 қаңтар. – Б.3
10. Тоғысбайұлы Б. Тынышбаев пен Голощекин // Парасат. – 2007. – № 4. – Б.24-27
11. Төлбасиева С. Мұхаметжан Тынышбаев – Қазақ шежіресін зерттеуші // Қазақ
тарихы. – 2004. – № 1. – Б.83-86.