Оразайұлы Ахмет (1861-1927)

02Оразайұлы  Ахмет (1861, Сырдария уезі, Зіңкетер – 1927, Телікөл) – белгілі меценат, Алаш қозғалысын қолдаушы, «Қазақ» газетін шығаруға қаржылық көмек көрсеткен қайраткер. Әкесі Оразай (1807-1898) – өңірге аты белгілі діндар, зиялы кісі болған. Жасынан әкесінен сауат алған ол кейін Бұхарада оқыған. Елге діни сауатты азамат болып оралып, Орталық Қазақстанмен шектес Сарысу, Телікөл маңайында мешіт, медресе салдырып, қазақ халқының білім дәрежесін көтеруге атсалысқан.

1881-1883 жылдары екі мәрте Меккеге қажылық сапармен барған. Ыстамбұл, Қазан, Уфа, Шығыс мұсылман елдері қалаларынан ислам әдебиетін алдыртып, әр елдегі діни ғұламалармен байланыс жасап тұрған. Діни сауаты, рухани беделі, зиялылығы мен жалпы парасаты  Ақмола, Торғай жұртшылығының аузында жүрген. Медреселерін жәдитшілдік жүйеге құрып, Қырым татарынан шыққан қайраткер Исмаил Ғаспыралының ағартушылық бағытын қатты қолдаған. Торғай уезі Қызылшеңгел болысында тұрып жатқан қайраткер 1906-1914 жылдарда Ресей  қалаларында өткен Мұсылмандар сиезіне қатыса алмаса да, оның шешімдерін сараптап, өз бетімен ізденіске толы жұмыстар істеген. 1910 жылдың басында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сынды жаңашыл қайраткерлермен танысып, Алаш қозғалысына ниеттес екенін білдіреді.

Ишан жиған барлық қаржысын және пікірлестерінің де қаржысын саяси газет шығару үшін жұмсауға әзір екенін жеткізеді. Сөйтіп, А.Байтұрсынұлы мен А.Оразайұлының атынан Орынбор генерал-губернаторына «Қазақ» атты газет ашуға өтініш жасағаны туралы хат жолданады. Патша үкіметінің жоғарғы Баспасөз басқармасы рұқсатнаманы 1913 жылы 5 қаңтардағы бұйрығымен бекітеді. Мұнда өкіметтің ресми жарлықтарын, Мемлекеттік Дума жұмысын, ішкі-сыртқы жаңалықтарды, қазақ тұрмысын, мәдениетін, ауыл шаруашылығын, оқу-ағарту саласын, денсаулық пен малдәрігерлік ісін, жергілікті хабар-ошарларды, құлақтандыруларды, хабарламаларды жариялап тұруға мұрсат берілетіні жазылған.

«Қазақ»  газеті 1913-1918 жылдары жалпы қазақтың «көзі, құлағы һэм тілі» (А.Байтұрсынов) болып, елдің көзін ашқаны белгілі. Газетте А.Оразайұлының да мақалалары, ой-пікірі жарияланып тұрды. Қайраткер мұның сыртында жергілікті жерде суландыру және денсаулық сақтау жұмыстарын ұйымдастырып, халыққа қамқорлық көрсетті.

Әдебиеттер:

  1. Оразайұлы Ахмет // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.265-266
  2. Оразайұлы Ахмет // Тлешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық // Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – Б.334-335
  3. Дайрабай Т. Оразай-Ахмет Ишанның ұрпақтары // Ақиқат. – 2011. – №10
  4. Тоқтарбай Е. Алаштың рухани шамшырақтары // Қазақстан заман. – 2016. – 29 ақпан
  5. Дербісәлі Әбсаттар Қажы. Қазақстанның мешіттері мен медреселері: рухани шамшырақтар / ред. Қ. Байғабылова. ­ – Алматы: Аруна, 2009. ­ – 496 б.
  6. Аккулы С. Казахское государство воссоздавалось из руин на средства… баев-меценатов // Абай. – 2016. – №4. – С.14-29

Интернет сілтемелер:

https://kk.wikipedia.org/wiki/Ахмет_ишан_Оразайұлы