Жанұясы – біреу, үш әйелі болған. Мұхамеджан Тынышбаевтың балаларының тағдыры да өте тауқыметті болды. Үш ұядағы ұл мен қыз бірін – бірі көрмей өсті, кейбіреуі өзінің туған бауырлары бар екенін де білмей өмірден өтті. Оған себепкер – әуелі тағдыр, содан кейін кеңестің зұлматы.
Алғашқы құдай қосқан қосағы – қазақ даласына, соның ішінде Жетісу өңіріне белгілі фельдшер Бақи Шәлімбековтің қызы – Гүлбаһрам Бақиқызы. Сауатты, сенімді, мейірбике әйел. Ол: «1921 (бір деректе – 1923 жыл, түрмедегі көрсетіндіге жүгінсек, 1921 жылға орайласады) Шымкентте адамдарды тырысқақ (холера) індетінен емдеу кезінде инфекция жұқтырып алып қайтыс болған, сондықтан да, денесін кислота құйып өртеп жіберуге мәжбүр болған» (Ескендір Мұхамеджанұлының мағлұматы).
Гүлбаһрамнан – Ескендір атты бір ұл, Фатанад – Бану (Фатима), Динарзада (Дина) атты екі қыз қалады. Әкелерін қолдарынан түрмеге жөнелткен бұл екі қыз да тағдыр тауқыметін қатты тартып, жүрекке түскен жаралары емделмеген күйі өмірден озды.

М.Тынышбаев бірінші әйелі Гүлбаһраммен

М.Тынышбаев балалары: Фатима,Ескендір,Динамен

М.Тынышбаев қызы Фатима, немересі Нәзипамен
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Тынышпаев Ескендір Мұхамеджанұлы 1909 жылы 9 мамыр күні Ашхабадта дүниеге келген. Ескендірге «әкеңнің бар екенін ұмыт» деген сөздер көп айтылған. Бірақ ол: «Әкем үшін жауап беремін! Жауап бергім келеді және оның әр сөзіне, әрбір іс – әрекетіне де жауап беремін!» – деп жауап берген. Аудан хатшысы әкеңнен бас тарт дегені үшін оны ұрып, 1934 жылы түрмеге отырған. Осылай он жыл уақыты бір түрмеден екінші түрмеге, Соловкиден Беломор – каналға, одан басқа ГУЛАГқа ауысумен өткен. Ташкентте «Таһир мен Зуһра» фильмін түсіріп жолы ашылған.
Ол кинодағы еңбегін 1928 жылы бастады. «Востоккино» студиясының қазақ бөлімінің ашылуына және «Соңғы жаңалықтар» қазақ киножурналының құрылуына қатысты.

М.Тынышбаев ұлы Ескендірмен
Ескендір Тынышпаев Қазақстанның тарихы туралы бірқатар жоғары көркемдік ойын және деректі фильмдер түсірді. Оған мыңдаған фотошедеврлер тиесілі. Ол кинооператордан авторлық фильмдердің режиссерына дейінгі жолды өтіп, қазақ киносында алғаш рет трюктар түсіре бастады. Оны қазақ киносының ақсақалы деп атайтын. Себебі Е.Тынышпаев Шәкен Аймановпен, Мәжит Беғалинмен, Кененбай Қожабековпен, Ораз Әбішевпен және қазақ киносының өзге де майталмандарымен бірге ұлттық кинематографияның дамуына белсене қатысты. Ол «Қазақфильмнің» құрылуына етене араласып, онда ұзақ жылдар бойы бас оператор болып жұмыс істеді. Ескендір Тынышпаев «Кеңестік Қазақстан» киножурналы үшін 10 мыңнан астам сюжет түсірді. «Біз Жетісуданбыз», «Оның уақыты келеді» көркемдік фильмдер – оның үздік жұмыстары.
Бірінші зайыбы Гүлбаһрам қайтыс болғаннан кейін төрт жылдан соң досы, дәрігер Сәдуақас Шәлімбековтің жесірі, қазақша қайырғанда қайын бикесі Әзизаға үйленеді. Одан туған қызы Еңлік Мұхамеджанқызы 1926 жылы дүниеге келді. Зиялы Әзиза апай ұзақ жылдар бойы туған әкесінің кім екенін жасырып келіп, 1976 жылы, яғни, Еңлік Мұхамеджанқызы 51 жасқа толғанда ғана айтады. Еңлік Мұхамеджанқызы – әкесі туралы ашылып сөйлеспейтін, сырын ішіне сақтаған, мінезді адам болған екен.
Мұхамеджан Тынышбаевтың үшінші жары құмық қызы Әмина Ибрагимқызы Шейх – Әли мен одан туған ұлы Дәулет.

М.Тынышбаевтың жары Әмина Ибрагимқызы Шейх-Әли

М.Тынышбаевтың әйелі Әмина

М.Тынышбаевтың ұлы Дәулет
- Дәулет Мұхамеджанұлы профессор Әбу Сақтағанұлы Тәкеновке жолдаған хатында өзі туралы былай мағлұмат береді:«Құрметті профессор Тәкенов, саламатсыз ба! Сізге жазып отырған Мұхамеджан Тынышпаевтың ұлы – Дәулет. Мен өз фамилиямды (Шейхали – ред.) әкемнің талабына сай алыппын. Әкем осылай деп ұсталып жатқанда шешеме хабарлапты. Менің анам – Шейхали Әмина Ибрагимқызы, ұлты – құмық, тегі – Дағыстаннан. Әкем 1937 жылы тұтқындалғаннан кейін біз шешеммен бірге туыс нағашы апамның қолында Уфада тұрдық. Мектепті, одан соң мұнай институтына қызметке тұрдым, кандидаттық диссертация қорғадым. Докторлық диссертациямды, ойда – жоқта Башқұртыстаннан тыс жерде ұзақ уақыт қызмет атқаруыма байланысты тәмәмдап үлгермедім, тақырып бойынша жарыққа шыққан 70 – тен аса еңбектерім бар. ҒЗИ – нда мен ғылыми – зерттеу бөлімін басқаратынымды, «Башқұртыстан Республикасының ғылымы мен техникасына еңбек сіңірген қайраткер» деген құрметті атағым бар екенін айтсам, мақтанады демессіз.
Менің Асқар атты ұлым – металтанушы, физика – математика ғылымдарының кандидаты, қызым – Аделя дәрігер. Жұбайым – музыка мектебінің оқытушысы, қазіргі кезде зейнеткер.
Хатымның әдріс бойынша сізге тиетінінен толық сенбегендіктен, осымен аяқтаймын. Сіздің хабарыңызды асыға күтемін.
Құрметпен және игі тілектермен Дәулет Шейхали (Тынышпаев)… 30.05.95 жыл.»
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Тұрсын Жұртбай // «Ұраным – Алаш!». Екінші кітап. – Алматы: «Кітап» баспасы, 2019. – 110 – 117 б.
- Дәуірдің жарық жұлдызы: Халқымыздың көрнекті саяси қайраткері М.Тынышпаевқа (М.Тынышбаевқа) арналады / Құраст. М.М.Бегманова. – Алматы: Орталық ғылыми кітапхана, 2001. – 138 – 141 б.
- Алашорда: Фотоальбом. – Алматы: «Орхон» Баспа үйі, 2012. – 172 – 176 б.
- https://kaz.inform.kz/news/kazaktyn-tungysh-kasibi-kinooperatory-eskendir-tynyshbaevtyn-100-zhyldygy-atalyp-otiledi_a1227776/