Төлеген Иманғазиев
Иманғазиева Жанот
Төлеген Иманғазиевтің бірінші әйелі Сарғожин Мырзагерейдің апасы Жамалдан. 1923 жылы өмірден озған. Жамалдан Хасан деген бір ұлы болған.
Төлеген Иманғазиевтің екінші жұбайы – Жанот. Жаноттан Құспан, Зинолла, Әсет, Қали атты ұрпақтары болған. Әкелерін қамауға алып кеткенде кенжесінің жасы небәрі 15 жаста болған.
Хасан Иманғазиев
Үлкені Хасан
Хасан – 1923 – 1928 жылға дейін Қаратөбенің Коммуна школының интернатында, 1928 – 1932 жылдар арасында Қаратөбенің коммунист жастар мектебінде оқиды. Мұны бітіргеннен кейін 1934 жылдың қыркүйек айына дейін «Жұлдыз» колхозының есепшісі болған. Сонымен қатар Қаратөбе оқу бөлімінде мектеп инспекторы болып жұмыс жасаған. 1937 жылдың қазан айының бірінен 1940 жылдың қазан айының біріне дейін Қарақоға орталау мектебінде мұғалім болған. Содан кейінгі мұғалімдік жолдары Жақсыбай, Коминтерн, Қоскөл мектептерінде жалғасын тауып, 1953 жылдан Егіндікөл орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып, зейнеткерлікке 1969 жылы шыққан.
Хасанның жұбайы – Жәнияш. Әйелі Жәнияш 1924 жылы туып, 1998 жылдың қысында қайтыс болған. Балалары Қайыржан 1942 жылы желтоқсан айының 2 күні дүниеге келген, Сұлтан 1950 жылы наурыз айының 25 күні туған. Одан кейін егіз – Айданай мен Ыбырай 1958 жылдың қыркүйек айының 18 күні туған. Сұлтан 2001 жылы 19 қаңтарда қан қысымынан кенеттен қайтыс болды. Хасан 1983 жылы бақилық болды.
Қайыржаннан – Ғабит, Сәбит, Сәтжан, Ержан, Нұржан деген балалары өрбіді. Жолдасы Рысты Хакімқызы Бижанова – көп жыл ұстаздық еткен зейнеткер. Қайыржан көп жыл аудандық газетте редактор болып, 2005 жылы желтоқсан айында зейнеткерлікке шықты.
Қайыржаннан тараған ұрпақтар
Сәбиттің жұбайы – Анаргүл. Олардан тараған – Әділжан және Гүлімжан атты балалары бар. Сәбит Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімшенің жауапты қызметкері болған. Жұбайы Анаргүл Қаратөбе аудандық ауруханада қызмет еткен.
Ғабит пен Іңкәрдан тараған Арайлым, Мөлдір, Аружан атты ұрпақтар тараған. Ғабит 1992 жылы М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-ді қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша тәмәмдаған. Мамандағы бойынша көптеген жоғарғы оқу орындарында қызмет атқарып, доцент атанған. Жолдасы Іңкәр БҚМУ-де мұғалім, педагогика ғылымы бойынша аспирантура бітірген.
Қ.Хасановтың үлкен ұлы филология ғылымдарының кандитаты, доцент Ғабит Хасанов (оң жақтан екінші)
Сәтжан мен Айнадан – Дәурен, Дәрия, Дәулет деген балалары дүниеге келген. Сәтжан бірнеше жоғары оқу орындарын тәмәмдаған. АҚШ-қа барып білімін жетілдірген. Шеврон Интернейшенал компаниясында жеткізілім басқармасының маманы болып қызмет атқарып, жанұясымен Хьюстон қаласында тұрған.
Қ.Хасановтың ұлы Сәтжан отбасымен
Сұлтан мен жұбайы Нұржауғаннан – Айжан, Гүлжан, Ербол, Гүлданай атты балалары бар. Бәрі тұрмысқа шықты, үйленді, ұрпақтары бар. Ыбырай мен Сағира балаларымен, Әбілқасым мен Гүлжан балаларымен Орал қаласында тұрған. Ербол жолдасы Алмамен, анасы Нұржауғанмен Оралдың қасындағы «Круглозерный» ауылында, Гүлданай жолдасы Сабырханмен Орал қаласында өмір сүрген.
Ыбырай мен жұбайы Сағирадан – Нелли, Нұрбол, Алтынай дүниеге келген. Нұрбол 2007 жылдың ақпан айында үйленді. Нелли, Алтынай Атырауда шетел компаниясында жұмыс жасаған. Екінші жолдасы Сәниядан – Қадыр.
Баймұрат пен жұбайы Айданайдан –Нұрайым, Әлия, Руслан атты ұрпақтары бар.
Төлеген қарттың екінші ұлы Құспан – 1917 жылы дүниеге келген. Сәуле елді мекеніңде 1941 жылдары Степкина Евдокия Федоровна деген жас дәрігерге көмекші, атқосшы болыпты. Құспанның зайыбы Мүгілсін Байбақты руының қызы, 1916 жылы туған. Құспан Ұлы Отан соғысына қатысып, қаза тапқасын, басқа кісімен отау құрыпты. Құспан 1942 жылдың наурыз айының 3-і күні майданға алынып, 1942 жылдың қыркүйек айының 29 күні Ленинград облысы, Слуцк ауданының Хутралево селосы маңында қаза табады. 187 атқыштар полкінің қатардағы жауынгері. Есімі Қаратөбе селосындағы «Даңқ» мемориалындағы мәрмәр тасқа қашалып жазылған.
Төлегеннің Әсеттен бұрын Зинолла деген ұлы болыпты. Ерте қайтыс болыпты.
Үшінші ұлы – Әсет Төлегенов 1923 жылы желтоқсан айының 10 күні Сабынкөл ауыл советінде дүниеге келген. 1942 жылы маусым айының 10 күні Совет армиясына шақырылып, Орынбор облысына жақын жерде 13 Тотск бригадасында кіші командирлер дайындайтын үш айлық мектепте оқып, сержант атағын алған. 1942 жылдың қараша айының бірінен бастап ұрысқа қатысқан. Сталинград майданына барады. Жараланады, хабарсыз кетеді, әйтеуір елге аман-есен оралып, өмірінің барлық уақытында Қаратөбе ауданы мектептерінде ұстаздық етеді. Бірнеше жауынгерлік орден, медалдары бар. Баласы Марат ерте дүниеден өткен. Қыздары Лағыл, Гүлсім Алматыда тұрған. Гүлсім жоғарғы оқу орнын бітірген. Гүлсімнің ұлының есімі – Дамир. Гүлсім Алматыдағы мекемелердің бірінде бас есепші болып қызмет атқарған. Лағыл мен Бұқпаштың Мұрат, Сая, Жанна деген балалары бар. Ұлы – Берік үбірлі-шүбірлі болып Алматы қаласында қоныстанған.
Төртінші ұлы – Төлегенов Қали да мұғалім. Қаратөбе өңіріндегі белгілі домбырашы Дүйсеғұлов Әжігерейдің шәкірті. Күй тартқан, оркестр құрамында болған. Қали мен жұбайы Мінуәраның балалары – Рая, Райса, Нұрбек, Таңсұлу, Темірбек. Ұлы Қали 1929 жылы маусым айында туып, 1978 жылы 30 қарашада қайтыс болды. Зираты Егіндікөлдегі «Беске» қорымында.
Т.Иманғазиевтың шөберелері
Ержан мен Ләйләдан – Мағжан, Меруерт туған. Ержан жанұясымен Атырау қаласында қоныстанған. «Арман – Импекс» компаниясының директоры қызметін атқарған. Жолдасы Ләйлә облыстық мұғалімдердің кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының әдіскері.
Ержан Қайыржанұлы Нұржан Қайыржанұлы 2005 жылы Ақжан есімді қызбен шаңырақ көтерген. Нұржан жұбайымен бірге Атырау қаласында шетелдік мұнай компанияларында қызметте болған.
Қайыржанның Ержаны мен Нұржаны Қаратөбенің қақ ортасынан, бұрынғы сол Алашорданың I сиезі өткен үйдің орнына 100 миллион теңгеге өлке және Алаш тарихына арналған мемориалдық музей салып берген және оны ауданға сыйға тартқан. Осылайша шағын ауылға Алаштың алауын жақты. Ол музей «Алаш және Қайыржан Хасановтың өлкетану музейі» деп аталады. «Алаш және Қайыржан Хасанов тарихи-өлкетану» музейі – заманауи технологиялық жабдықталған жаңа әрі сұлу кешен.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Хасанов Қайыржан. № 2368 Іс немесе Төлеген Иманғазиев тағдыры туралы. – Орал: «Полиграфсервис» – 2007. – 80б.
Мұштанова Дариға. Қайыржан Хасановтың жолы… // https://zhaikpress.kz/kk/news/kajyrzhan-xasanov-zholy/
Сұлтанғалиева Рита. Қаратөбеде Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейі бой көтерді // https://adyrna.kz/post/56780