Сәрсенов Биахмет

Биахмет Сәрсеновтың әкесі бай Шегедектiң екi әйелiнен сегіз ұл, 4 қыз тарайды. Осы сегіз ұлдың iшiнде Биахмет, Жанахмет, Халел, Дәлел және Салық орысша-қазақша оқыған, саяси сауатты азаматтар болды.  Тағы бір ерекше екпін түсіріп айтарымыз, тарихтан белгілі Сәрсеновтер әулеті Алаш қозғалысына белсене қатынасқан.

Ғалихан Сәрсеновтың Шымкент қаласында тұрған Громов көшесінің №26 үйі.

 

Ғалихан Биахметұлы Сәрсенов

 

Ұшқыш Ғалихан

Биахмет Сәрсенов 1918 жылы дүниеге келген жалғыз перезентінің есімін Алаш көсемі Әлиханның құрметіне Ғалихан қойған. Ғалихан Кеңес өкiметi кезiнде «алашордашыл», «ұлтшылдың баласы» деген атаққа ие болып бірталай, қысым мен теперіш көрген. Жастай жетім қалған Ғалихан әкесінің інісі Жанахметтің тәрбиесінде болған. Ол 1925 жылы мектеп-медресесінің бірінші сыныбын аяқтаған. 1926 жылы Семейдегі №6 мектептің 3 сыныбын бітіріп шығады. Сұм заманның керітартпа саясатының салқынымен бұл мектептен «алашордашылдың» баласы деген желеумен оқудан шығарылады. 1931-32 жылдары қаладағы ирригация техникумында оқиды, ағасы Дәлелдің қайтыс болуына орай оқуын Алматыдағы техникумда жалғастырады. 1934 жылы екі бірдей институтта, яғни Қазақ коммунистік журналистер және тау-кен институтының геология-барлау факультетінде білім алады. 1936-39 жылдары Тамбов қаласындағы авиамектепте ұшқыш-истребитель мамандығында оқиды. 1939 жылы әскери білімін жетілдіру мақсатында теңіз әуе күштері курсында оқуын жалғастырған. Әкесiнің Алашорда үкiметiне белсенді қызмет еткені үшін, оған сенiмсiздiк білдiрiліп, жас ұшқышқа ұшуға рұқсат берiлмеген. Өкінішке орай «алашордашылдың баласы» деген атақ, ізінен қалмай саяси сенімсіз кадр ретінде әскери бөлімге жіберілмеді. 1940-41 жылдары  аэроклубта У-2 самолетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарды. Әскери атағы капитан. Бұған жасымаған  талантты жас 1940 жылы Москваның шетел тілдері институтының француз, ағылшын және неміс тілдері факультетінің сырттай бөлімін аяқтаған. Тіл маманы ретінде ағылшын, француз және немiс тiлдерiнде еркiн сөйлеген. Гүлшара жеңгеміздің айтуынша соғыста тұтқынға түсіп, одан қашып шыққан соң Голландиядағы Қарсыласу майданының сарбаздары құрамында ұрыс қимылдарына қатынасқан.

Соғыс аяқталған соң 1945 жылдың тамыз айынан бастап неміс, француз, ағылшын тілдерінің тілмашы ретінде үш жыл Голландия (Нидерландия) мемлекетінің аумағында Кеңес үкіметі тарапынан құрылған айырықша топпен бірге аталған мемлекеттің Амстердам, Ротердам, Утрехт қалаларында жұмыс жасады. Бұл топтың негізгі міндеті мен мақсаты екінші дүниежүзілік соғыс уақытында фашистік Германия тарапынан еріксіз жұмысқа алынған Кеңес елі территориясындағы украиндықтар мен белорустарды және өлім лагеріндегі соғыс тұтқындарын елдеріне қайтару болатын. Сонымен, 1945-48 жылдары соғыс тұтқындарын елдерiне қайтару туралы халықаралық комиссиялардың бiрiнiң құрамында тiлмаштық қызмет атқарады. Сол кезде ол Нидерланд мемлекетінің бұрынғы королiнiң ортаншы қызы, ханшайым Иоке Мульдерспен танысып, тағдырдың жазуымен оған үйленеді. Олар 1947 жылы Херат есімді ұл сүйеді. Бұл туралы журналист Ж.Қанапина (Информбюро) «Туркестанцы во Второй мировой войне: из плена в Сопротивление» атты  мақаласында тарих ғылымдарының докторы, профессор Г.Меңдіқұлованың Франция архивінен Ғ.Сәрсеновтің корольдың ортаншы қызына үйленгені туралы мәліметтің сақталғаны жөнінде дерек келтіреді.

Бұл деректерді Ғалихан Биахметұлы 1995 жылдың 9-маусымда өз қолымен толтырған өмірбаянында жазып, растайды. Алайда 1940-45 жылдар аралығындағы қызметі туралы ешқандай мәлімет бермейді. Бірақ та Ұлы Отан соғысының ардагерімін деп жазады. Сондай-ақ, оның 8 орден, 13 медальмен марапатталуы көп нәрсені айғақтайды деген пікірдеміз. Бұлардың барлығын бейбіт кезеңде алуы мүмкін емес екендігі белгілі.

Сонымен 1948 жылы Ғалихан Биахметұлы елге әйелi мен баласын алып келе жатқан кезде шекарада тексеріп, жас нәрестелi Иоке шетел азаматы болғандықтан шекарадан өте алмай, Кеңес үкіметінің қатігез де қатаң заңдарының тармақтарына «биографиясы мен географиясы» сай келмей, пұшайман болып керi қайтады.

Бірнеше жылдан кейін Ғалихан Биахметұлы Шымкент жақта Анна Дубова деген орыс қызымен танысып, үйленедi. Шаңырақта үш ұл дүние есігін ашады. Жанұясы туралы тұңғыш ұлы 1992 жылы кісі қолынан опат болғандығын, екінші ұлы 21 жасында (1971) қайтыс болғанын,  үшінші ұлы анасымен Ресейдің Тверь қаласында тұратындығын жазады. Ғалихан Биахметұлы елге келгенен кейін орта мектептерде шет тілі мұғалімі және Оңтүстік Қазақстан облысы газеттерінде журналист қызметтерін атқарған. 1977 жылы зейнеткерлікке шыққан. Бір қызығы 1950 жылдардың аяғында Ғалиханның атына Москвадағы шетелдiк елшiлiктен арнайы шақырту қағазы келеді. Оны шақыртушылар – Москваға халықаралық делегация құрамында келген  сонау Голландияда қалған әйелі Иоке мен ұлы Херат екен. Москваға бара алмау себебін өзінің аурулы екендігімен түсіндіреді.  Бірақ та өкімет тарапынан ресми рұқсат болмаған соң олардың жүзiн көре алмауы да мүмкін деген пікірді де жоққа шығаруға болмас. Сол кезеңдегі Кеңес үкіметі тарапынан азаматтарға қатаң бақылау болғандығы бүгінгі күндері құпия емес екендігі белгілі. Шымкент қаласының Абай ауданында тұратындығын жазады. Бұл деректерді бүгінгі күндері Семей қаласында тұратын Жанахметтің немересі Әміртай Әлімханұлының жеке архивінен алған болатынмын.

Биахметтің талайлы тағдырлы ұлы  82 жасында 2000 жылы Шымкент қаласында қайтыс болды.

…Алаштықтар еркелете «Биаш» атаған Биахметтің жалғыз ұлы Ғалиханның қилы тағдыры осылай үзіледі.

 

Дереккөздер:

         Кенемолдин М. Алаш ардагері – Биахмет Сәрсенов // Астана хабары. – 2007. – 7 тамыз. – Б.4

         Кенемолдин М. Бияш деп елі еркелеткен // Абай. – 2006. – №3. – Б.36-41

Аққали А. Биахметтің жалғыз тұяғы //  https://abai.kz/post/63964