Аңдамасов Ахметжан

Ахметжан Аңдамасов (т.ж.б –ө.ж.б) –Алаш қозғалысының өкілі. «Алаш» партиясына мүше болған.
1917 жылы 28 наурызда Семейдегі Заречная–Слободкада болған жергілікті қазақ комитетінде бірауыздан оның құрамына мүше болып сайланған. Заречная-Слободканы Алаш қоймасы етіп бөліп алу жанында қызмет етіп, білім беру ісіне және қаражатсыз оқушылар мен шәкірттерге, ұлт қазынасына қаржылай көмек көрсеткен. Семей Славодкедегі алғашқы қыздар мектебі туралы Мұстақым Малдыбаев «Айқап» журналында «Қайырлы ниет, жақсы ырым» деген жазбасымен бөліседі. Дүниеге нұрын шашқан ұсыл жәдид біздің қазақ арасында ақырындап кіре бастағанын, бірақ, ер балалар орысша-мұсылманша оқытлыса да ұлттың жартысы, әр үйдің тіптен бүкіл ұлттың үлгісі болатұғын қыз балалар, оқудан мақұрым еді дей келе: «Ахметжан қажы Аңдамасовтың арқасында Славодкеде қыздар мектебі ашылып 50 ден артық қыз балалар екі сыныпқа айырылып оқып жатыр. Жоғарыда жақсы ырым дегенім осы кісінің ісі. Бұдан жақсы ырым, қайырлы іс бола ма?! Жаратушым бұндай адамдарымызды көбейтіп, дүние және ақыретте бақытты етсін!» — деп, тілекші болады.
Қалалық дума сайлауына қатысып, 25 адамдық құрамына өткен. 1917 жылы 6-17 желтоқсанда өткен І төтенше уездік съезге қатысып Жер басқармасының құрамындағы бағалау комиссиясына мүшелікке алынған.

Әдебиеттер тізімі:
Азалы кітап = Книга скорби: расстрельные списки. – Алматы, 1996. – 240 с.
Алаш. Алашорда: энциклопедия. – Алматы: Арыс, 2009. – Б.54.