Мәннан Тұрғанбаев

Мәннанның Қапал түрмесінде отырған (4/ІV1930-30/ІV-1932 ж.) екі жылдан астам уақыт ішінде оның отбасы Семейді жайлаған аштық апатының шеңгеліне ілінеді: әйелі мен Есен атты қыз баласы қайтыс болады, анасы -Қалыш пен ұлы – Мұрат, немере туысы Әбділманның үйін паналады.

Мәннан басына бостандық алып келісімен, қаладағы облыстық, оқу бөліміндегі таныс жолдастары бірден қызметке шақырады. Отбасының (жанұясының) ауыр жағдайын көңіл қимас, өзін сыйлайтын дос-жолдастардың қалауымен келген бетте қызмет алып, қаржы мәселесін шешеді.

Мәннан Тұрғанбаевтың ұрпақтары

 Тұрғанбаев Мұрат Мәннанұлы

Тұрғанбаев Мұрат Мәннанұлы 1924 жылы 23 шілдеде Семей қаласында дүниеге келген.   1932 жылдан бастап Алтай өлкесінде Өскемен уезіне жататын Мұрат кентінде тұрды. Әкесі ауылда мұғалім болып жұмыс істеді, ал Мұрат Черно-Ануй ауылындағы орыс мектебіне берілді, онда ол әкесінің досының үйінде тұрды. 1936 жылы шілдеде Тұрғанбаевтар отбасы Семей облысы, Белағаш ауданының Красный ауылына қоныс аударады. Әкесі қазақ орта мектебіне мұғалім болып орналасып, Мұратты сол жерде орыс сыныбына береді. 1937 жылы 24 қаңтарда Мәннан қамауға алынды, жұбайы балаларымен туыстарына кетті, ал Мұрат Бесқарағай балалар үйіне түсті. 1939 жылы Мұрат Семей педагогикалық техникумынан 7 сыныпты бітіріп, Үржар ауданының Науалы ауылына мұғалім болып жіберілді. 1942 жылы ол майданға кетіп, контузия алып 1947 жылы соғыстан лейтенант болып оралды. Соғыстан кейін 1962-1984 жылдары Семей қаласында Жаңасемей ауданы Мұрат ауылының Ворошилов атындағы мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді. 1990 жылдан бастап Алматы қаласында тұрады. Мұраттың 7 баласы бар: 5 ұл және 2 қыз, бәрі жоғары білімді азаматтар бірі  дәрігер, юрист, мұғалім, ғылыми қызметкер.

Гүлбаһрам Мәннанқызы Тұрғанбай

 Гүлбаһрам Мәннанқызы Тұрғанбай әкесінен бір жаста, шешесінен 8 жасында қалып, 1945 жылы анасының жылын беріп Новосібір қаласына көшіп барады. 1951 жылы Семей жаққа  көшіп келіп, 6 сыныпты Новопокровка  орта мектебінде, 7-8 сыныпты №11 интернатта ал  9-10 сыныпты Қарағандыда оқиды. 1957-1963 жылдары Қарағанды медициналық институтын бітіріп, Семей қаласында  КГБС-на жұмысқа орналасады.

1964 жылдан бері Қарағанды қаласында тұрады,  зейнеткерлікке шыққанға дейін облыстық тері ауруы емханасында меңгеруші болып қызмет етеді. Жолдасы 1975 жылы  қайтыс болған,  3 қыз бір ұлы, 7 немересі бар ұлағатты ана.

Тұрғанбаев Отан Мәннанұлы

Тұрғанбаев Отан Мәннанұлы 1934 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. Ол 3 жаста болғанда әкесі қамауға алынады. 1945 жылы оның анасы қайтыс болып жақын туыстары тәрбиелеуге алады. 1952 жылы 8 сыныпты бітіріп, Қарағанды индустриалды техникумына оқуға түсті, техникумды бітіргеннен кейін Жезқазған облысы Шарбақты совхозында прораб, кейін Новосібір қаласының №13 училищесінде өндірістік оқыту шебері болып жұмыс істеді. 1959 жылы Қарағанды политехникалық институтына оқуға түсіп, институтты бітіргеннен кейін Павлодар қаласына жіберіліп, ірі панельді үй құрылысы цехының бастығы, ӨСК-3 аға инженер, «Семколхозстрой» трестінің аға инженері болып жұмыс істеді. 1988 жылдан 1992 жылға дейін Қарағанды қаласында Октябрь ауданында ПМК және ТКШ жұмыс істеді.  Отбасында 2 баласы бар.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Тәбәрікұлы C. Мәннан Тұрғанбаев. – Алматы: Қайнар, 1999
  2. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының қорынан алынған материалдар мен фотосуреттер.

Сілтемелер:

1.https://oldsite.karlib.kz/saryarka/karaganda/book/Mannan%20Turganbaev.pdf