Хасен Ақайұлы (1859 – 1931)
Ақаев Хасен 1859 жылы Семей облысы, Қарқаралы ауданы, Қу болысында дүниеге келген. 16 жыл Қу елінінің болысы қызметін атқарып, ел арасында жаңалық енгізуші, білім мен өнерді қолдаушы болған. Атақонысында орналасқан Қоянды жәрмеңкесінің өркендеуіне, орыс, татар, өзбек көпестерімен сауда-саттықтың дамуына көп күш салған. Дүкен ұстап, қыр қазағының өнеркәсіп өнімдеріне сұранысын өтеуге тырысқан. Егін егіп, мал тұқымын жақсартумен айналысқан.
Еуропалық үлгідегі қазақ-орыс мектебін ашып, оны бітіргендерді өз қаражатымен Қарқаралы, Семей, Омбы оқу орындарында оқытқан. Әнші, күйші серілерді, фельдшер, ісмер адамдарды жанында ұстаған. Балуандығымен, жүйрік аттарымен даңқы жайылған. 1905 жылы Қарқаралы құзырхатын (петициясын) ұйымдастырушылардың бірі болды. Қарқаралы уезінде 1905 жылы 22 шілдеде патшаға жазылған құзырхатқа қол қойған.
1906 жылы М.Дулатовты, Ж. Ақпайұлын кепілдік қаржы төлеп қамаудан босатуға атсалысқан. 1910 жылы қазақтарды патша үкіметіне бағынбауға, сырттан көшіп келушілерге жер бермеуге, Қазақстанды Ресей империясынан бөліп алуға үгіттеді деген айып тағылып, әкімшілік жағынан жауапқа тартылып, Барнауылға жер аударылған. 1917 жылы 16 наурызда Қарқаралы уезі қазақ комитетінің мүшесі болып сайланды. 1918–1920 жылдары алашорданың елдегі сүйеніштерінің бірі болды. 1921-1922 жылдары Кеңес орындарына елге сыйлы азаматтардың сайлануына ықпал жасады. Семей өңірінен аштыққа ұшыраған Торғай еліне жәрдем малын жинастыруға атсалысты. Мал-мүлкі әлденеше рет тәркіленді. 1927 жылы Қызылжарға, одан Башқұрстанға кетуге мәжбүр болды. 1931 жылы Қызылжарда қайтыс болған.
Әдебиеттер:
Хасен Ақайұлы // Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – Б.21-22
Хасен Ақайұлы // Алаш қозғалысы: дерек пен дәйек. Ахмет Байтұрсынұлы мен Алаш қозғалысы қайраткерлеріне қатысты шетелдегі архивтерден табылған материалдар жинағы. – Астана, 2022. – Б.53- 55