Әлихан Бөкейхан

Әлихан Бөкейханның жары  – Елена Яковлева (т.ж.б. – 1921)

Әлихан мен Елена 1901 жылы Омбы қаласында отбасын құрып, 20 жылға жуық уақыт бірге тұр­ған. Алаштанушы ғалымдар олардың арасында үлкен махаббат болғанын айтады. Белгілі әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлының айтуынша, қыр баласы – Әлихан­ның ұзақ уақыт үйленбей жүруінің бірнеше себебі бар. Оның ең біріншісі Әлихан мен Еленаның арасында үлкен махаббат болса керек. Әлихан Бөкейхан 1916 жылдың ақпанында қазақты атты әскерге алу және халқына сайлау құқын қайтарып алу жұмысымен Самарадан Санкт-Петерборға кетеді. Сол кеткеннен 1918 жылдың көктемінде, араға екі жылдан астам уақыт салып, бала-шағасымен Алаш қаласында бір-ақ қайта табысады. Егер Әлихан әйеліне сенім біл­дір­месе, бірнеше жыл сыртта емін-еркін жүре алар ма еді? Елена Әлихан үшін от пен суды кешіп, көптеген қиын­шылық көреді, – дейді әлихантанушы.

Соңғы кездері Әлихан мен Еленаның үйленуіне оның қайын атасы қарсы болған деген әңгіме айтылып жүр. Әли­хантанушы ғалымның айтуынша, бұл – жаңсақ пікір. Яковлев қызына «Әрине, Әлихандай күйеу саған табыла қоймас. Алайда, Әлихан мұсылман, ал сен христиан дінін ұстанасың. Бұған Әлиханның туған-туыс­тары қалай қарайды, сенің ортаң оны қалай қабылдайды? Осыны ойлан да, өзің шешім қабылда. Мен батамды бере­мін» деп батасын беріпті.

Мұсылман мен христиан дін өкілдерінің шаңырақ кө­теріп, өмір сүруінің қиын сәттері болмай қойған жоқ. Бұл арада Еленаның әкесі Яков Севастьяновтың «Әлиханның туған-туыстары саған қалай қарайды?» деп алаңдауы рас­талған тәрізді. Себебі, Әлихан Бөкейханның орыс қызына үйленгеніне оның анасы қарсы болған көрінеді. Әлекең шешесінен бата алуға барған кезде «Мойнына крест таққан келінімнің қалай маңдайынан сүйемін? Табалдырығымнан аттамасын!» деп қабылдамай қойыпты.

Кейінірек Әлекең ауылына барған кезде Еленаны Шәкәрімнің ауылына тастап, өзі бала-шағасын алып, үйіне барады екен.
Бұл оқиға болашақ ұлт кө­семінің жүрегіне қаяу түсіруі әбден мүмкін. Десек те, бұдан да қиын жағдай Елена мен Елизаветаның арасында орын алған болатын. Сұлтан Хан Аққұлының айтуынша, Елизавета анасының мұсылман дінін қабылдамағанына қатты ренжіген көрінеді.

Сырым Бөкейхановтың әйелі Александра Бори­сов­наның айтуынша, Елизавета анасының есімін ешқа­шан аузына алмайтын көрінеді. Бірде маған Александра Борисовна «Елизавета шеше­сінің мұсылман дінін қабыл­дамағанына қатты наразы болған. Сондықтан да ол Еленаның барлық суретін жойып жіберген» дегенді айтып еді. Шынында таңғалатын жәйт: Еленаның бір ғана суреті сақталып қалды ғой. Ал оның неліктен бұлай жасағаны мен үшін жұмбақ. Ал өзі «Анам әкемді шын сүйсе, мұсылман дінін неге қабылдамады?» деп ренжіген деген ой да туады, – дейді Сұлтан Хан Аққұлұлы.

Елизавета анасының мұ­сылман дінін қабыл­дама­ға­нына қатты наразы болуы әбден мүмкін. Дегенмен Әлихан Бөкейхан «мұсылман дінін қабылда» деп Еленаны күштемегені анық. 1921 жылы Семейде қайтыс болғанда Әлихан оны христиан дінінің барлық рәсімі бойынша жерлеген. Бұл оның Еленаға деген ерекше махаббаты болса керек.

Әлихан мен Еленаның бір ұл, бір қызы болады.

Елизавета (Зейнеп)  Әлиханқызы (1903 – 1971)

Зейнеп  Әлиханқызы  Совет Одағы көлемінде аса танымал жетекші медицина қызметінің демографы, социал-гигиенист маман, медицина ғылымының докторы, профессор және Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер, медицина саласы бойынша III дәрежелі майор шеніндегі әскери-дәрігер болған.

Ол бауыры және әкесімен бірге 1922 жылы Мәскеуге көшіп барып, қалған ғұмырын Мәскеуде өткізген. 1923 жылдың сәуірінде ол саяси қайраткер ғана емес, сонымен қатар драматург, қазақ жұртшылығы арасында ағарту жұмысын ұйымдастырушы ретінде танымал Смағұл Садуақасовқа тұрмысқа шығады. Үйлену тойы Смағұлдың туған ауылы Жарқында өтеді. Тойда талантты жерлесі және досы Мағжан Жұмабаев өлең оқыған. Сұмағұл мен екеуінің үйлерінде талай болған достары Мұхтар Әуезовті, Әлкей Марғұланды, Нығмет Нұрмақовты Зейнеп жақсы білген, ал Дәмеш Жүргеновамен өмір бойы сырлас болып өткен.

Зейнеп Әлиханқызы 1927 жылы Мәскеу медицина университетінің бірінші медицина факультетін тәмәдаған. Ол ұзақ жылдар бойы Денсаулық сақтау министрлігінің аппаратында қызмет атқарған. 1945-1948 жылдар аралығында Н.А.Семашко атындағы ВНИИ әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтау бөлімінің ғалым хатшысы, 1959 – 1969 жылдар аралығында осы институттың санитарлы статистика бөлімінің меңгерушісі сияқты жауапты қызметтерде істеген.

Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақаскеліні 1965 жылы «Түсік тастаудың әлеуметтік-гигиеналық проблемасы» («Аборт как социально-гигиеническая проблема») атты докторлық диссертациясын сәтті қорғап, медицина ғылымының докторы ғылыми дәрежесін иеленген. Ал, 1967 жылы медицина саласының «профессоры» ғылыми атағын алады. Ғалымның 1969 жылы «Отбасының әлеуметтік-гигиеналық аспектілерін реттеу» («Социально-гигиенические аспекты регулирования размеров семьи») атты монографиясы жарыққа шыққан. Ғалым-дәрігердің бұл еңбегі КСРО тарихындағы түсік тастау мәселесіне орай жазылған №1 еңбек болып саналған.

1933 жылы Кремль ауруханасында тосыннан Смағұл Садуақасов қайтыс болады. Ресми қортындыда суық тигеннен опат болды деген тұжырым жазылған. Зейнеп болса оны тікелей қолдан жазым етті деп есептейді. Сол жылдары Мәскеуде Мұхтар Әуезовті ауруханада өлім аузынан ғайыптың күшімен зорға аман алып қалады.

Зейнеп Әлиханқызы 1942 жылы Солтүстік Батыс майданының медициналық госпиталіне қызмет етуге аттанады. Алаш көсемінің қызы өмірінің соңғы жылдарында Орталық дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институтында қызмет еткен.

Алаштың оқыған аяулы қыздарының бірегейі, үлкен дәрігер-ғалым, профессор Зейнеп Әлиханқызы өзінің санаулы ғұмырында басынан түрлі қиындықты өткеріп, құсалықпен күн кешіп, айықпас дертке шалдығып, 1971 жылдың 23 маусымында дүниеден өтті. Ғалымның сүйегі күлі Мәскеу қаласындағы Новодевичье мазарында жерленген.

 

Әлихан Бөкейхановтың немересі – Садвакасов Ескендір Смағұлұлы (1924-1941)

Садвакасов Ескендір (Кенке) Смағұлұлы – Әлихан Бөкейхановтың қызы Зейнептің ұлы.  Ерте есейген 16 жасар жасөспірім жалғыз ұлы Ескендірді, 18 ге толды деп сендіріп, майданға жіберген. Ол сол аймақта Мәскеу облысы, Ново- Петровский ауданы, Скирмоново ауылының жанында жоғалып кеткен. Соғыстан кейін Елизавета Садвокасова ұзақ уақыт бойы ұлын немесе оның қабірін іздеп, сол күйі таба алмаған. Кейбір деректерде Ескендір КСРО-ны фашистік Германияның басқыншылығынан азат ету жолында ерлікпен қаза табады, – деп жазылады.

 

Сергей (Үгедей, Өкітай) Әлиханұлы (1904-1957) 

Сергей Әлиханұлы 1904 жылы Санкт -Петербургте туған. Кәмелеттік жасқа келгенде және кеңестік төлқұжатты алғаннан кейін Өкітайға Сергей атты екінші есім берілген. Сергей Мәскеу тау-кен институтының геологиялық барлау бөлімінің түлегі. Оның қызметі Жезқазғанмен байланысты. Мамандығы бойынша тау -кен инженері болған. Шамамен 1929 жылдан жұмыс істей бастап, Жезқазғанның келешегі туралы ғылыми еңбек жазған.

Ол өте білімді инженер-геолог, техникалық ғылымдар кандидаты, доцент болған. Ол Қаныш Сәтпаевпен әріптес болып, Жезқазғанда біраз кен орындарын тапқан. Қаныш Сәтбаев Жезқазған туралы көптеген еңбектерінде Қарсақпай комбинатының барлау бөліміндегі әріптесі Сергей Бөкейханов туралы жазып, «Бәрі Сергей Әлиханұлы деп атаған Бөкейханов бізбен қоныстанды. Біздің отбасы шағын үйде тұрды, оның жартысында барлау кеңсесі болды, ал екінші жартысында біз. Сергей Әлиханұлы үйленгенде, біз орын босатып, жас жұбайларға үш бөлмеміздің бірін босаттық. Кейін зауыт басшылығы жас отбасына жаңа тұрғын үй берді» деп жазған анасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ханиса Сәтбаеваның сөзін келтіреді.

C.Бөкейханов 1930 жылдың басынан Ұлытауға келіп, Қарсақбай комбинатының геологиялық бөлімінде аудандық геолог болып жұмысқа кіріскен. Байырғы жезқазғандықтар оны Ақтай деп атаған. Жас геолог өз міндетін тиянақты атқарған. КСРО Ғылым Академиясының Үлкен Жезқазған мәселесін жан-жақты талқылаған 1934 жылдың қараша айындағы төтенше ғылыми сессиясында Сәтбаевтан кейін (бес түрлі тақырып бойынша баяндама жасаған) мінбеге көтеріліп, Бөкейханов «Жезқазғанның кен аймағы және структурасы» деген тақырып бойынша (1935 жылы Мәскеуде жарық көрген «Большой Джезқазған» жинағында жарияланған) баяндама жасаған. Бөкейханов кейіннен Оралдағы Блява мыс өндірісіне ауысқан. Өйтуіне әкесінің Мәскеуден шығуға құқы болмай, саяси қуғын-сүргін көруі түрткі болған.

Мыс және уран кен орындары бойынша көптеген ғылыми еңбектер жазып қалдырған. Елуінші жылдары Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жиналыста Қазақстан мен Сібірдегі кең орындарының ашылуы туралы баяндама жасаған.

Ол әкесінен кейін тұтқындалып, Норильскге келген. 1941-1942 жылдары  соғыстан кейін көп жылдар өткен соң, ол сирек кездесетін пайдалы қазбалар бойынша жақсы білгір маман болғандықтан, ол Оралда құдіретті Лоуренс Берияның бөлімінде уран шахтасының директоры болып жұмыс істегенін үлкен құпиямен айтқан. Содан кейін ол Хакас автономиялық облысының Сорск қаласында тұрып, геологиялық барлау экспедициясында бас инженер болып жұмыс істеген.

Оның өмір жолы ХХ ғасырдың елуінші жылдарының ортасында қайтыс болғанға дейін толық сипатталмаған.

1957 жылы белгісіз жағдайда көз жұмған.

Әлихан Бөкейхановтың немересі – Бөкейханов Евгений Сергейұлы (1938)

Евгений  Сергейұлы Бөкейхановтың 1938 жылы 26 қазанда Оралда геологтар отбасында дүниеге келген. 1949 жылдан бастап Мәскеуде орта білім алып 1960 жылы Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институтының тарих және филология факультетін және 1971 жылы Мәскеу байланыс институттын бітірген.

Екі институт арасындағы уақыт аралығында ол әскери қызметте болған. Екінші институтты бітіргеннен кейін ол аспирантураға түсіп, кандидаттық диссертациясын қорғағап, МЭАЖ автоматикалық телекоммуникация кафедрасында оқытушы, техника ғылымдарының кандидаты, кейін Мәскеу университетінің компанияларының бірінің байланыс және информатика қызметкері болып жұмыс істеген.

1992 жылы Қазақстанға  атасы Әлиханның 125 жылдығына шақырылған соң, ол өлең жаза бастаған.

Мұнда ол ата-бабалар рухы, еске алу дұғасы және тағы басқалардың не екенін білген. Ол естелігінде былай деп жазады: «Менің туыстарым Әлихан Бөкейхановтың 125 жылдығын тойлауға мені Ақтоғайға шақырды. Мереке бірнеше күнге созылды, бірақ бұл менің ұлым Петрге (9 наурыз 1970 ж. туылған) және маған керемет әсер қалдырды. Қарағандыдан Ақтоғайға барар жолда туыстарымен алғашқы кездесу, атамның Қараталдағы туған жеріне бару – мұның бәрі сезім мен ойға толы болды. Мені бұрын-соңды көрмеген және бізді қандай да бір еңбегіміз үшін емес, тек біз тірі болғандықтан және оларға келгеніміз үшін жақсы көрген туыстарымның махаббаты  қатты таң қалдырды және қатты әсер етті. Мен атамның тек маған ғана емес, бүкіл халыққа тиесілі екенін түсіндім. Мереке қарсаңында мені қатты көргісі келген  туысым Қасенхан Алтынбеков мен келмей жатып,  қатты науқастанып, ауруханаға түсіп қалдыпты. Біз оған ауруханаға барған кезде, ол әрең сөйлеп менің қолымды ұстап, мынадай өлең жолдарымен ата – бабаларымның туған жерін сүюді өсиет еткендей болды:

Его рука в моей лежала,

В ней сил, казалось, вовсе нет,

Но сердце мне она сжимала

И душу вынимала мне, –  деп жазады.

Евгений  «Потрогать этот странный мир», «Свидание со Степью». кітаптарының авторы. Ол Мәскеу қаласында тұрды. Оның ұлы Петр Бөкейхан – отставкадағы полковник. Петрдің қызы Дария – Әлихан Бөкейханның шөпшегі.

Әлихан Бөкейхановтың шөбересі – Бөкейханов Петр Евгеньевич (1970)

Әлихан Бөкейхановтың шөбересі, Евгений Бөкейхановтың ұлы – Петр Евгеньевич Бөкейханов 1970 жылы 9 наурызда туған. 1992 жылы Мәскеу энергетика институтын бітіріп, атом энергетикасы маманы болды. Заң ғылымдарының кандидаты, отставкадағы полковник. Петр Евгеньевичтің 2009 жылғы Дария есімді қызы бар, Ол: «Как Петр I усмирил Европу и Украину», «Курская битва. Операция «Кутузов», «Курская битва, которую мы начали», «Курская битва. Оборона. Операция «Цитадель» еңбектері жариялаған.

Әдебиеттер тізімі:

Бөкейханов С. Өткен күнде белгі бар. – Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2008. – 160 б.

Алаштың асыл арулары  // Қазақ әдебиеті. – 2019. – 8 наурыз (№10). – Б.1-3.

Интернет-ресурстары:

https://kk.wikipedia.org/wiki

https://kaz.365info.kz/

https://www.inform.kz/