Біләл Сүлеев
Біләл Сүлеевтің әйелі – Фатима Ғабитова (1903 – 1968)
Фатима Ғабитова 1903 жылы 1 қаңтарда Алматы облысы, Қапалдағы көпес отбасында дүниеге келген. Ұлты татар. Ол 1917 жылы Капал қаласындағы «Қапал» медресесін бітіріп, ол кісі қазіргі Чкалов қаласындағы “Хусаиния” медресесіне сырттай емтихан тапсырды және 1918-20 жылдары Қапал татар мектебінде және бұрынғы Танекен болысының №3 ауыл мектебінде мұғалім болды.
Фатима Ғабитова – ел тарихына қазақтың көрнекті үш тұлғасының (ағартушы Біләл Сүлеев, ақын Ілияс Жансүгіров пен жазушы Мұхтар Әуезовтің) жұбайы әрі музасы ретінде енген. Ол өзін «қазақтың татарымын» деп атаған.
1918 жылы Фатима Ғабитова қазақтың жас ағартушысы, ақын, педагог, драматург, журналист Біләл Сүлеевке тұрмысқа шығады. Біләлден Жәнібек, Фарида, Азат есімді үш бала сүйеді. Күйеуіне ер-азамат, қамқоршым деп үлкен сый-құрметпен қараған. Дүниеге Фарида атты кішкентайлары келді. Бірақ олардың қуаныш-қызыққа толы, бақытты күндері ұзаққа созылмады. Ақсу қаласындағы ақтың генералдарымен «Кедей комитеті» арасындағы саяси теке-тірес айлап емес, күндеп күшейе түсті.
Фатима Ғабитова 1920-22 ж.ж. ол қазақ тілінен сабақ берді және Жаркент қаласындағы татар орта мектебінде меңгеруші болып жұмыс істеді. Жетісу жастарымен бірге ол жаңа өмір үшін белсенді күреседі, кейіннен ол өзекті мәселелерді талқылап, революциялық әндер шырқайтынын жиі еске алады.
Ф. Ғабитова 1923 жылы Алматы қаласындағы А. Байтұрсынов атындағы №8 Қазақ мектебінде және 9 жылдық облыстық қазақ тәжірибе-көрсету мектебінде жұмыс істейді. Фатима Ғабитова оқу-ағартушылық қызметімен бірге заманының талабына сай әйел теңдігін насихаттады. Анна Ахматова, Марина Цветаеваларға еліктеп өлең жазумен бірге әдеби салон ұйымдастырды. Біләлдің үлкен үйінен қонақ арылған емес. 1920-1928 жылдар аралығында Алматы мен Қызылорда да тұрған кездерінде қазақ зиялы қауымының жиналып бас қосатын жері Фатима Ғабитованың ұйымдастырған дастарқаны болатын. Ахмет Байтұрсынов, Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин бәрі де кеш болса Фатиманың жасаған бәліш, тұш, самсаларын татып, шер тарқатып сыр шертіседі, газет-журнал беттерінде жарияланған дүниелер жөнінде әңгіме қозғайды. Ол кездегі тәртіп бойынша газет-журнал бетіне шыққан мақалалар бүркеншік атпен жазылатын. Бірақ жұрттың бәрі де оның кім екенін жақсы білетін. Фатиманың сол кездегі жүріс-тұрысы, көз тартар көркемдігіне Алаш зиялыларының бәрі де тәнті болған.
Сүлеевтер отбасы 1928 жылы жұмыс бабымен Ақтөбе қаласына көшті. Бұл Фатима үшін соқпағы көп, сындарлы жылдар болды. Ақтөбеде Алматы мен Қызылордадағыдай зиялы қауым ортасының болмауы, ұстаздық мамандығына сай жұмыс істемеуі оған қатты әсер етті. Әсіресе күйеуінің газет-журнал беттеріне өлеңдерін жариялатпауы көңілін құлазытып, еңсесін түсірді. Еркін сезініп, зиялы қауым ортасының көркіне айналған адамды күнделікті тіршіліктің күйбеңі кібіртіктетіп, тынысын тарылта берді. Өкімет жұмысына толығымен берілген Біләл да отбасына, жаны жүдей бастаған сүйікті жарына уақыт тауып, көп көңіл бөле алмады.
Оқу-ағарту министрі Смағұл Сәдуақасов 1929 жылы Біләл Сүлеевке Орынбор мен Ташкент қалаларындағы Қазақ мұғалімдер институттарын Орал мен Семей шаһарына көшіруді жүктейді. Қиыншылығы көп, мүмкіншілігі жоқ кезеңде институттарды көшіру, мұғалімдерге пәтер тауып беру Біләлдің бар уақытын алды. Айлап үйінде болмады. Отбасы жайына қалып, олар өз күндерін өздері көрді. Шаңырақ шайқатылып, іргесінің жігі ашылайын деді. Жығылғанға жұдырық, тұңғыш қыздары Фарида 1930 жылдың 15 қаңтарында кенеттен қайтыс болды. Сол шақта Біләл Сүлеевтің шаңырағын қайғының қара бұлты басты. Фариданың қайтыс болуы Біләл Сүлеев пен Фатима Ғабитованың араларын біржолата ашты. Фатима Фариданың қайтыс болуымен бірге Біләлға деген сезімі сөнсе де отбасын тастамады. Қанша түсініспестік болғанымен ерінің шаңырағын шайқалтқысы келмеді. 1930 жылы Біләл Сүлеевтің отбасына жұмыс қажеттілігімен Ақтөбеден Орынборға, Орынбордан Оралға, Оралдан Ташкентке, Ташкенттен Семейге көшіп жүрулеріне тура келді. Фатима Ғабитова аяғының ауырлығына қарамастан жұбайымен бірге жүрді. Ерсілі-қарсылы көшудің ауыртпалығынан, мезгілді күнінен бұрын дүниеге Азат деген сәби келді. Бірақ жас нәресте де қазаның қайғысын, жанның жарасын жаза алмады.
1930 жылы Біләл Сүлеевті Семейдің мұғалімдер институтына ректорлық қызметке жібереді. Сол жылдары Фатима Семейде қазақ фармацевтикалық техникумында жұмыс істейді. Сол жылдың тамыз айында Біләл Сүлеев «халық жауы» ретінде ұсталды. Бірден Алматы қаласындағы түрмеге қамалды.
Біләл Сүлеевтің «халық жауы» деп ұсталуы Фатима үшін аспан айналып жерге түскенмен бірдей болды. Елім-жұртым, халқым деп күн-түн демей маңдай терін төгіп жүрген азаматтың «халық жауы» атануы үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін жайт еді. Бесікте құндақтаулы баласы бар, Семей қаласында жалғыз, қорғансыз қалған Фатима Ғабитова НКВД-ның қоқайын көре бастады. Үйлері тінтіліп, Біләлдің қолжазбалары түгелдей тәркіленді. «Халық жауының» әйелі ретінде жауап алынды, арандатушылықтар жасалды. Семей қаласынан кетпей, жұма сайын НКВД-ға барып, белгіленіп тұруға міндетті болды. НКВД-ның жаналғыштары Кеңес өкіметін жақтап, күйеуін қаралауға итермеледі. «Балаларыңды ойла, халық жауынан не пайда бар? Алматыңа, туыстарыңа кеткің келсе Біләл Сүлеевтен бас тарт та, оның өкіметке қарсы әрекеттер жасағаны туралы жаз», – деп қысым жасады. Бірақ, өр мінез, таза жанды Фатима күйеуімен аралары қанша суыса да, күні үшін опасыздыққа бармады. Қиындығына көніп, істің артын тосты. Біләлдің ақтығына сенді. Сол күндерді күнделігінде былай жазды: «1930-шы жылдың октябрі. Семейдемін. Жат жер, шет ел. Жанашыр жақын жоқ. Жалғыз өзім. Есігімнен ит бақпайды, тереземді жел қақпайды. Жаныма жан жууға қорқады, өйткені, мен саяси айыпкердің әйелімін».
Біләл Сүлеевтің абақтыдағы тергеу жұмысы екі жылға созылды. Фатима Ғабитова екі жыл Семей қаласында НКВД-ның бақылауында болды. Біләлге тағылған айыптар дәлелсіз болып, ол 1932 жылы ақталды. Тек Қазақстанда қалып, қызмет істеу мүмкіншілігі шектелді. Біләл Мәскеуге жер аударылған досы Смағұл Сәдуақасовтың қасына баруды ұйғарды. Онда Әлихан Бөкейханов, Нәзір Төреқұловтар бар еді. Фатима Ғабитова Алматыда қалды. Фатима Ғабитова 1932 жылы екі баласымен Алматы қаласына оралып, Голощекин атындағы коммунистік университетте қазақ тілінің оқытушысы, кейін Қазақстан халық комиссариаты жанындағы «Өнер, ғылым және әдебиет» секторында ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді.
Біләл Сүлеев пен Фатима Ғабитова өзара келісімдерімен 1932 жылы 20 қазанда заң орны арқылы айырылысып, үлкен ұлдары Жәнібек әкесімен Мәскеуге кетіп, кіші ұлы Азат Алматыда анасымен қалатын болды. Бұл Фатима Ғабитованың өміріндегі ең бір ауыр, жылдар еді.
1932 жылы Фатима Ілияс Жансүгіровке тұрмысқа шығып, отбасын құрады.
1934 жылы ол ВКП ОК жанындағы жазушылар мен әдеби еңбек қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ бюросында, кейін көркем әдебиет ҚазИздатында жұмыс істейді.
1936 жылы Алматы педагогикалық техникумындағы үлгілі №18 қазақ орта мектебінде мұғалім болып ауысып, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді.
1937 жылы жұбайы Ильяс Жансүгіровті қамауға алады, 1938 жылы жапон тыңшысы деген жаламен ату жазасына тартылады.
Фатима Семейге кетуге мәжбүр болды, онда 1938 жылдан 1940 жылға дейін орыс педучилищесінде жұмыс істейді. 1940 жылы Фатима Алматы қаласына қайтып оралып, ЦК КП жанындағы институттың қазфилиалында жауапты қызмет атқарады және денешынықтыру техникумында сабақ берді. 1942 жылы Алматыда өмір сүру мүмкін болмай, Мұхтар Әуезовтың кеңесімен Жамбыл облысы, Мерке қаласына қоныс аударады. Мерке қаласында Фатима Калинин атындағы қазақ орта мектебінде мұғалім болып, кейіннен оқу меңгерушісі болып істейді. Мектепте қызмет істеген жылдары үлкен беделге ие болып, аудандық мұғалімдер Одағының төрағасы қызметін қоса атқарып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады.
1943 жылы Мерке қаласында Мұрат Әуезов дүниеге келді.
Мұхтар Әуезовтің талап күшімен Фатима Ғабитованың отбасына Алматы қаласында тұруға рұқсат беріледі. Алматыда ердерге арналған №18 орта мектепте мұғалім болып қызмет істейді.
1946 жылы Фатима Ғабитқызы 1 дәрежелі «Ана» медалімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Ерен Еңбегі» үшін медалімен марапатталады.
1951 жылы Фатима құрметті зейнақы демалысына шығып, Ильяс Жансүгіровтің шығармашылық мұрасын, зерттеу жұмыстарымен айналысады.
Ильяс Жансүгіров қайтыс болғаннан кейін 1957 жылы ақталады. Осыдан кейін Фатима Ғабитова жұбайының шығармаларын БАҚ жариялау үшін белсенді жұмыс жасайды, оларды жинайды, мақалалар мен естеліктер жазады.
Фатима Ғабитова 1968 жылы 6 қаңтарда ауыр науқастан соң қайтыс болады.
2010 жылы Халықаралық Мұхтар Әуезов қорының қолдауымен “Жібек жолы” баспасынан “Фатима” атты кітап жарық көрді. Кітаптың құрастырушысы Майра Жанұзақова. Кітаптың бірінші бөлімінде ұстаз педагог Фатима Ғабитованың өлеңдері, жақын тұлғаларымен алысқан хаттар мен телеграмалар келтірілсе, екінші бөлімі басқа адамдардың Фатима Ғабитова туралы естіліктеріне арналған.
Фарида Біләлқызы Сүлеева (1919-1930)
1920 жылы тұңғыш қыздары Фарида дүниеге келді. 1930 жылдың 15 қаңтарында 10 жастар шамасында кенеттен ауырып қайтыс болды.
Жәнібек Біләлұлы Сүлеев (1923 -1943)
Жәнібек Сүлеев 1923 жылы 23 ақпанда туған. “Жәнібек” есімі Фатиманың анасы Ғайнижамалға ұнай қоймайды. Сол кезде оның құрбылары “Жәнібек деген хан болды, Жәнібек батыр есімі дүйім жұртқа мәлім” дей бергенде Фатима : «Менің ұлым өткен ғасырдың ханы да, батыры да емес. Ол өз заманының қаһарманы болады!» – деп жауап береді. 1941 жылы Жәнібек 9-сыныпты үздік бітірді. Бала кезінен анасымен және әкесімен Мәскеуде, Кырымда, Кавказда, Ташкентте тағы басқа республикалар мен қалаларда болған. Жоғары дәрежелі оқу орындарының біріне түскелі жүргенде соғыс басталады. Жасы әскер жасына жетпесе де ерікті түрде соғысқа аттанып, расымен де, Жәнібек қаһарман бола білді.
1942 жылы желтоқсанда майданнан анасына жазған қысқаша хаты келген. Онда жауды жеңіп, еліне оралатыны туралы жазылған.
Жәнібек Сүлеев 1943 жылы Смоленск түбінде жау оғынан жарақаттанып, госпитальда көз жұмады, сол қалада жерленген. Анасы Фатима ұлының қазасы туралы 1943 жылы наурыз айында қара қағаз алды. Фатима өмір бойы Жәнібектің басына бір уыс топырақ салсам екен деп армандап өткен.
Азат Біләлұлы Сүлеев (1930 -1997)
1949 жылы Меркедегі 10 жылдық мектепті медальмен бітіріп, Мәскеу университетіне түскен.
Азат Сүлеев – филолог, түрколог (қазақ тілінен орыс тіліне аударған). Қазақ тілінен орыс тіліне жолма-жол аударма шебері. Ол 1954 жылы Мәскеу халықаралық университтенің, филология факультетін бітірген. Азат отбасының сүйіктісі болды. Барлық түркі тілдеріндегі он екі тілді еркін меңгерген, эрудиция мен энциклопедиялық білімге ие болған. Маргарита Алигер немесе Расул Гамзатов келгенде, олар әрқашан Азатты олармен бірге тілмашы болып жүруге шақырған.
Орхон-Енисей жазбалары туралы Азат көп білген. Олжас Сүлейменовпен жақсы дос болған. Азат Олжас Сүлейменовке «Аз и Я» кітабының идеясын берген. Олжас Сүлейменов: «Аз и я»? деген не? Бұл Азат және мен» депті. Соңында бір ұл, бір қызы бар.
Азат Сүлеев 1997 жылы науқастан қайтыс болған.
Біләл Сүлеевтің немересі – Жәнібек Азатұлы Сүлеев
Жәнібек Азатұлы Сүлеев – журналист. Алматы қаласында 1962 жылы 1 желтоқсанда дүниеге келген. Қазтұтынуодағында оператор, республикалық кино үйінің әдіскері болып жұмыс істеді, ішкі әскерлерде қызмет етті. «Арай-Заря» журналы орыс редакциясының меңгерушісі, «Қазақстанның Халық бірлігі» одағы ақпараттық-саяси жұмыс орталығының меңгерушісі, «Қазақстан қаржысы» журналының корреспонденті, «Дәуір – Время» газеті бас редакторының орынбасары, «Бірлік» газетінің саяси шолушысы, «Новое поколение» газеті бөлімінің меңгерушісі, «Атамұра – Столичное обозрение» газетінің саяси шолушысы, Алматы облыстық Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бас маманы, «Фаренгейт бойынша 451º» газеті бас редакторының орынбасары, «Навигатор» интернет-газетінің және «Мегаполис» газетінің шолушысы болып қызметтер атқарған.
2003-2004 жылдары – «Страна и мир» және «Дала мен қала» газеттерінің бірінші орынбасары, бас редактордың м. а., бас редакторы. 2004 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін (бас редактор) Dialog.Kz және қоғамдық-саяси бағыттағы бірқатар интернет-басылымдарда жоба үйлестірушісі. 2009-2010 жылдары – «Известия – Қазақстан» ЖШС Бас директорының орынбасары. 2011 жылы «МК в Казахстане» газетінің бас редакторы. КСРО Журналистер Одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Үйленген 3 балалы.
Әдебиеттер тізімі
- Ғабитова Ф. Өртеңде өнген гүл. – Алматы. – Атмұра. – 1998. – 272 б.
- Фатима. / состав. М. Жанузаковой. – Алматы. – «Жібек жолы». – 2010. – 416 с.
Интернет ресурстары