Ермеков Әлімхан (1891-1970)
Ермеков Әлімхан Әбеуұлы (1891, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы – 22.06. 1970, Қарағанды қ.) – «Алаш» партиясы мен Алашорда қозғалысы жетекшілерінің бірі, қоғам қайраткері, математик, ұстаз. Математика саласы бойынша профессор атағын алған тұңғыш қазақ. Әлімхан алғашында Қарқаралыда үш жылдық орыс мектебін, 1905 жылы Семей ерлер гимназиясын бітірген. 1921 жылы Томскi технологиялық институтын аяқтаған.
1917 жылы 27 сәуір – 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезіне қатысады. Онда съезд президиумының хатшылығына, кейін съезд шешімімен Семей облыстық қазақ комитетінің мүшелігіне сайланады. Халел Ғаббасов екеуі Семей облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болады. Осы жылы шілде айында жалпықазақтық съезде Семей облысынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылады. Ал қазан айында 1-Сібір облыстық съезіне қатысып, жаңадан құрылған Сібір автономиясының негізгі заңын жазатын комитетке қазақ делегаттары Ә.Ермековті кіргізеді.
Ермеков туралы кезінде «Қазақ» газеті «Технологический институтқа асқан зеректер ғана түседі. Әлімхан білімді, шешен, өткір, халыққа қызмет етуді өзіне парыз санаған жігерлі азамат» деп зор баға берген. Әлімхан Ермеков орыс Географиялық Қоғамы Семей бөлімшесіне мүше болған. Ол туралы Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхананың сирек басылымдар қорында сақталған «Бюллетень Семипалатинского Отдела Русского Географического Общества Июль. №1. 1924г.» басылымында Әлімхан Ермековтің орыс Географиялық Қоғамы Семей бөлімшесіне мүше болғандығы және «Отчет Семипалатинского Отдела Русского Географического Общества с 1-го октября 1924г., по 1-е октября 1925г.» басылымында Әлімхан Ермековтің орыс Географиялық Қоғамы Семей бөлімшесінің қаладан тыс мүше болғандығы жайында мәліметтер жазылған.
Ғалым М.Ескендірұлының «Алаш Орда» министрлері» (2008) атты кітабында: «Әлімхан Ермековтің тарихи зор еңбегінің бірі – Қазақ автономиясы шекарасының біртұтастығын жанқиярлықпен қорғауы. Осы орайда ол 1920 жылы 17 тамызда В.И.Лениннің төрағалығымен өткен қазақ өкілдері қатысқан Халық комиссарлары кеңесінің мәжілісінде Қазақ автономиясы туралы мәселе қаралғанда, Қазақстанның жағдайы туралы Ә.Ермеков баяндама жасайды. Онда ол жер, Қазақстанның шекарасы туралы мәселелерді қамтып, өктемшіл, озбыр, отаршылдық пиғылдағы өкілдермен қызу айтысқа түсіп, өз пікірін тиянақты, жан-жақты, бұлтартпас дәлелдермен қорғап шығады. Нәтижесінде, кезінде қазақтардан тартып алынған Каспийдің теріскей жағалауындағы ені бір шақырымдық және Ертістің сол жағалауындағы он шақырымдық ұлан-ғайыр жер Лениннің тікелей қолдауымен Қазақ еліне қайтарылады»,- деген тарихи мәлімет бар.
Ә.Ермеков осындай саяси жұмыстарға қатысумен қатар, өзінің саналы ғұмырын білім беру саласына жұмсады. 1921 жылы Әлiмхан Ермеков Қарқаралыда екi сатылы мектеп пен педагогикалық техникум ашқан. 1925 жылы Ермеков Семейге шақырылып, Орынбордағы Қазақстан Госплан төрағасының орынбасары болып бекiтiледi және осымен бiр уақытта өндiрiс секциясына жетекшiлiк жасайды. 1929-1930 жылдары алаш жетекшілерін қуғындау басталғанда Ә.Ермеков те тұтқынға алынып, соңынан бостандыққа шығарылады. 1927-35 жылдары Ташкенттегі Қазақ педагогика институтының оқытушысы, ҚазПИ-де доцент, Алматы зоотехника және мал дәрігерлік институтының профессоры және математика кафедрасының меңгерушісі, 1935-37 жылдары Алматы кен-металлургия институты математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі болып, дәріс беріп, ағартушылық қызметпен айналысқан. Осы жылдардағы жемісті еңбегінің нәтижесінде жоғары оқу орындарына арналған алғашқы қазақ тiлiндегi математикалық кiтаптар жазды. Ғалымның «Ұлы математика курсы» оқулығы жоғарғы техникалық оқу орындары мен педагогикалық институттарға арналып, қазақ тілінде латын қарпімен 1935 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан 3500 данамен жарық көрді.
Абай атындағы әмбебап кітапхананың сирек басылымдар қорында осы еңбектің бір данасы сақталған. «Ұлы математика курсы» кітабы аналитикалық геометрия негіздері және диференциал мен интеграл негіздері атты екі бөлімнен тұрады. Кітапта жоғары математика элементтері аса қарапайым, жеңіл тілмен түсіндіріледі. Халқының болашағы үшін күресте ауыр жолдан өткен профессордың бұл кітабы қиын-қыстау жылдары жойылып жіберілген. Кітаптың тілдік, терминологиясы жағынан да өзіндік ерекшелігі бар. Оқулықта қазіргі қолданыста жүрген қосынды, қосу, нүкте, теңдеу, шаршы, шеңбер, үшбұрыш, теріс бұрыш, түзу, жазықтық, алым, бөлім, жатық сызық, сабақ, кесінді, тұйықтаушы вектор, теріс бұрыш, тұрақты шама т.б. математика терминдері қолданылады.
Заманында Ә.Ермековтен сабақ алған Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті тау-кен институтының директоры, профессор И.Арыстанның «Егемен Қазақстан» газетінің 2010 жылғы 13 қарашасында жарық көрген «Ескірмейтін еңбек» атты мақаласында: «Осы ұлы адамның көзін көріп, дәрісін тыңдауға жазған тағдырыма ризамын. …Біз ол кісінің халқының болашағы үшін күресте ауыр жолдан өткенін, ұлттық математиканың негізін қалаушы екенін көп жылдардан соң барып білдік. Қуғын-сүргін зардабымен арпалыса жүріп, «Ұлы математика курсы» оқулық кітабын жазғанын тәуелсіздік таңы атқанда ғана естідік. Кезінде жойылып жіберілген еңбектің архивте сақталған жалғыз данасын шәкірттері қайта бастырып шығарды. Бүгінде ол әрқайсымызға қымбат мұра»,- деп ұстазын еске алады. Ә.Ермековтің «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігі 1936 жылы жарық көрген. 1935 жылы КСРО Жоғары аттестациялық комиссиясы оған теориялық механика мен математикадан профессор дәрежесiн бередi.
Әлiмхан Ермеков 1937 жылдың күзiнен 1938 жылдың наурызына дейiн тұтқынға алынғанша Мәскеуде Куйбышев жоспарлау институтының математика кафедрасының меңгерушiсi қызметiн атқарды. Осы жылы 10 жылға сотталып, кесiлген мерзiм 6 жылға азайтылғанымен, Ұлы Отан соғысына байланысты лагерьде 1947 жылға дейiн отырады. 1948 жылы қайтадан тұтқынға алынып, 10 жылға үкiм шығады. Абақты-ғұмырдан 1955 жылы босап шыққан Ә.Ермековке Қарағанды жерiнде тұру туралы шешiм шығарылып, Қарағанды политехникалық университетiнде зейнет демалысына дейін қызмет етеді. Қарағанды мен Қарқаралыда көшелер, мамандандырылған кітап үйі, Ақадырдағы № 131 мектеп Ә.Ермековтің атымен аталады. 1998 жылы ғалымның туған жері Ақтоғайда Алашорда көсемдері Ә.Бөкейханға, Ә.Ермековке және Ж.Ақбаевқа ескерткіштер ашылды.
Әдебиеттер:
- Ақсұңқарұлы С. Алашорданың соңғы тұяғы. Әлімхан Ермековты білесіз бе? // Өмір-ай. – 2017. – 18 қаңтар. – Б.4-5
- Ақсұңқарұлы С. Алашорданың соңғы көзі // Қазақ үні.- 2017.- 23 ақпан
- Алаш ақиықтары: мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар. – Алматы: Алаш, 2006. – 228 б.
- Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.168-169
- Алаштың тілдік мұрасы: электронды қолжазба. – Алматы: “КИЕ” лингвоелтану инновациялық орталығы, 2009. – 364 б.
- Арыстан И. Ескірмейтін еңбек // Егемен Қазақстан. – 2010. – 13 қараша. – Б.7
- Аязбаева Г. Алаштың алғашқы математигі // Семей таңы . – 2011. – 31 мамыр. – Б.3
- Әділбекқызы Ж. Семей орыс географиялық қоғамы және қазақ зиялылары: Ұлылар шыққан орта // Абай. – 2004. – №1. – Б.61-64
- Әлімхан Ермеков (1891-1970): Алашорда Үкіметінің құрылғанына 90 жыл. – Қарағанды облыстық тарихи- өлкетану музейі, 2008. – 16 б.
- Белгібаев М. Орыс Географиялық Қоғамының Семей бөлімшесі / М Белгібаев, Ж Әділбекқызы // География және табиғат. – 2004. – №3. – Б.5-15
- Булғынбаева А.К. Алаш қайраткері – Әлімхан Әбеуұлы Ермеков // Алаш орда: қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы және қазіргі заман. – Өскемен: С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, 2016. – Б.160-169
- Бюллетень Семипалатинского Отдела Русского Географического Общества. – Июль. – №1. – 1924 года. – Семипалатинск, 1924
- Ермеков Ә. Әлімхан Ұлы математика курсы. Курс высшей математики. Основы аналитической геометрии, дифференциального и интегрального исчисления. 1-бөлім. – “Қазақстан” баспасы, 1935. – 159 б.
- Есқалиев С. Ұлттық интеллигенция және КСРО-ның аграрлық саясаты // Қазақ тарихы. – 2010. – №4. – Б.31-33.
- «Кешегі Алаш идеясы – бүгінгі тәуесіз Қазақстан” республикалық ғылыми – тәжірибелік конференциясының материалдары. – Семей: Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, 2010. – 153 б.
- Қайса О. Алашта артық туған бір тұлға еді // Дидар. – 1999. – 3 тамыз
- Құл-Мұхаммед М. Алаш қайраткелері саяси-құқықтық көзқарастырының эволюциясы. – Алматы : Атамұра, 1998. – 360 б.
- Құл-Мұхаммед М. “Алаш” бағдарламасы: қиянат пен ақиқат. – Алматы : Атамұра, 2000. – 240 б.
- Өзбекұлы С. Автономия жөніндегі айтыс: Ә.Бөкейханов, Р.Мәрсеков және Ә.Ермековке қатысты Томскіден табылған тың дерек / С. Өзбекұлы, Құдайбергенов Қ. // Егемен Қазақстан. – 2002. – 29 қараша. – Б.12
- Өскембаев Қ. Әлімхан Ермеков: тұлға тағылымы / Қ. Өскембаев; ҚР Білім және ғылым министірлігі Е.А.Бекетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті. – Арко, 2013. – 340 б.
- Өскембаев Қ.С. Ә.Ә. Ермековтің қоғамдық-саяси және ағартушылық қызметі (1891-1970 ж.ж.). – Қарағанды, 2003. – 277 б
- Пәттеев М. Алаштың ардақтысы // Ақ жол. – 2012. – 26 қараша. – Б.1-7
- Садуақасов Ш. Әлімхан Ермековтің қазақ шекарасын анықтаудағы ерен еңбегі // Қазақ үні. – 2016. – 21 наурыз. – Б.4
- Төлепберген Б. Мәңгі жас – Алаш идеясы. – Алматы: Алматы баспа үйі, 2008. – б.129-130
- Үдербаев А. Әлімхан Ермеков «Ұлы математика курсы» оқулығы // Дала мен қала. – 2011. – 21 наурыз. – Б.4
Интернет сілтемелер: