Төреқұлов Нәзір (1892-1937)
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, елші, ғалым Төреқұлов Нәзір 1892 жылы Түркістан маңындағы Қандоз деген жерде туылған. 1900-1903 жылдары Қоқандағы медреседе, 1903-1905 жылдары осындағы орыс-түзем школында, 1905-1913 жылдары Қоқан коммерция училищесінде, 1913-1916 жылдары Мәскеу коммерция институтының экономика факультетінде оқыған. 1916 жылы Минскіде Батыс майданындағы «Земсоюзда» нұсқаушы болған. Сол жылы «Еркін дала» атты жасырын ұйым құрған. 1917 жылы Орынборда өткен I Жалпықазақ сиезіне қатынасқан. Сол жылы бүкілресейлік «Земсоюздың» Торғай облысындағы нұсқаушысы, 1918 жылы «Қазақ мұңы» газетінің редакторы (Орынбор), Қоқан совдепі ревкомының хатшысы, «Халық сөзі» газетінің редакторы (Қоқан), 1918-1919 жылдары Ферғана облыстық ревкомының төраға орынбасары, төрағасы, халық ағарту комиссары, осы жылы Түркістан ОАК мүшесі, 1920 жылы Түркістанның халық ағарту комиссары, «Вестник просвещения и коммунистической культуры» журналының редакторы, 1920-1922 жылдары Түркістан ОАК төрағасы, сол шақтағы барша сиездерге катысушы, 1922 жылы КСРО халықтары орталық баспасы басқармасының төрағасы (Мәскеу), 1923 жылы осында «Темірқазық» журналының редакторы қызметтерін атқарады.
Түркі тілдес халықтардың ортақ әліпбиін латын әліпбиіне көшуді жақтады. Аталмыш баспаға жетекшілік жасаған жылдарда Қазақстаннан шеттелген Ә.Бөкейхан, М.Жұмабаев, Ә.Байділдинге жұмыс тауып беріп, оларға баспана жағынан көмек көрсеткен. Қазақ тілінде «Темірқазақ» атты журнал шығаруды ұйымдастырып, оған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев секілді қазақ зиялыларын тартты. 1920 жылы КСРО халықтары Орталық баспасынан қазақ бөлімшесін ашып, оның жұмысына Алаш қозғалысының қайраткерлерін тартқан. М.Жұмабаевқа үлкен қамқорлық көрсеткен.
1924 жылы Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының бірінші сиезіне қатынасады. 1922 жылы жаңа түрік әліпбиін енгізу комиссиясының төрағасы болып сайланады. 1926 жылы Бакуде түріктанушылардың сиезіне қатысып, латын қарпі туралы сөз сөйлейді. 1928 жылы Орталық жаңа түрік әліпбиін енгізу комиссиясының құрамына енеді. 1928 жылы Сауд Арабиясындағы КСРО-ның бас консулы, КСРО-ның осы елдегі төтенше елшісі және өкілетті министрі болып тағайындалады. 1936-1937 жылдары Москва мен Ленинградта Шығыс халықтары институтының ғылыми қызметкері, оқу ісі жөніндегі проректоры. Н.Төреқұлов қайраткер ғалым ретінде отандық тіл білімі саласына үлкен үлес қосты. Оның «Жат сөздер», «Ұлт мәселесі және мектеп», «Қазақ-қырғыз үшін жаңа әліпби» сынды еңбектері мен өзге де мақалаларында емле, әліпби, терминология жүйесі ғылыми негізде талданып отырады. Сондай-ақ, қаламгердің әдебиет туралы пікірлері де ерекше. Ол С.Сейфуллиннің «Асау тұлпар», «Бақыт жолына» атты шығармаларына, өзбек қаламгері А.Қадыридің еңбектеріне сын жазды. Өзбектің «Инқилоб» атты журналына жазған ислам діні, жәдитшілдік, Түркістан тарихы туралы мақалалары ғылыми нақтылығымен көзге түседі. Қайраткер 1937 жылы 15 шілдеде ұсталып, 3 қарашада атылған.
Әдебиеттер:
- Төреқұлов Нәзір / Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.397
- Төреқұлов Нәзір / Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.314-315
- Мансұров Т. Нәзір Төреқұлов – Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы елшісі. – Алматы: “Зерде” баспасы, 2011. – 640 б.
- Нұрпейісұлы К. Алаш ақиқаты. – Алматы: Ан-Арыс, 2010. – 424 б.
- Төреқұлов Н. Көп томдық шығармалар жинағы. Т.1. – Алматы: “Ел-шежіре”, 2007. – 256 б.
- Төреқұлов Н. Көп томдық шығармалар жинағы. Т.3. – Алматы: “Ел-шежіре”, 2007. – 288 б.
- Төреқұлов Н. Көп томдық шығармалар жинағы. Т.2.- Алматы: “Ел-шежіре”, 2007. – 240 б.
- Қойшыбаев Б. Жазықсыз жапа шеккендер. – Алматы: Қазақстан, 1990. – 168 б.
- Әббдезұлы Қ. Нәзір Төреқұлов және заман шындығы // Ана тілі. – 2005. – 27 қазан. – Б.12-13
- Нәзір Төреқұлов атындағы Республикалық жыр мүшайрасы: Жыр бәйгесі // Жұлдыз. – 2003. – №3. – Б. 33-42
- Сапарбаев Ә. Ұлт рухын ұлықтаған // Егемен Қазақстан. – 2007. – 30 мамыр. – Б. 6
Интернет сілтемелер:
https://kk.wikipedia.org/wiki/Нәзір_Төреқұлов