Нәзір Төреқұлов

 Нәзірдің әкесі Төреқұл ескіше, орысша сауаты бар, көбінше заң ісімен айналысқан, заманында көп нәрседен хабары бар білімдар кісі болған, сондықтан баласының орысша білім алуына айырықша көңіл бөлген.

Төреғұлдың үміт күткен тұңғышы осы Нәзір болды. Бұдан кейінгі екінші ұлы Әбділқадыр және Фатима атты қызы. Нәзірді жете білетін көзкөрген кісілердің айтуына қарағанда ол сегіз тілді білген. Шешесі тәжік қызы болғандықтан парсы тілі Нәзірдің екінші ана тілі санатында еді.

 

Нәзір Төреқұловтың екі әйелі болған. Бірінші әйелі татар қызы. Екінші әйелі орыс нәсілінен делінеді. Бірінші әйелінен Әнель есімді қыз қалған. Бір сурет сақталған. Рәсімге әкелі – балалы екеуі түскен. Ол – халық жауының қызы ретінде көрмеген қорлығы жоқ пенде. Мәскеуде жабық зауытта лоборанттан инженерлікке дейін көтерілген.

Мәскеудегі Лубиянка түрмесі Нәзірдің өмірінің соңғы тұрағы болды. Осы түрмеде қазақтың арда ұлы мәңгілік келмес сапарға аттанды. Әкесінің өлімін естіген жас қыз Әнелге қатты соққы болды. Әке өлімінен ауыр соққы көрген жас қыз еш нәрсеге мойнымай өмір тағдырымен күресе білді. Ер жетіп, бой түзеген Әнел оқу іздеп, жоғары білім алып, мидай қайнаған тіршілікке араласты. Қанша дегенмен жас Әнелдің әкеге деген сағынышы еш басылмады. Кішкентай қыз кезінде әкесі Нәзірдің өз әкесі Төреқұл жайлы және ата-бабалары мекен еткен Түркістан, Қандөз жайлы айтқан әсерлі де қызықты әңгімелері Әнелдің есінде еміс-еміс қалған болатын-ды.

Қазақ елі тәуелсіз ел болып, өз алдына мемлекет атанғанда Әнелдің қуанышында шек болмады. Өйткені Әнелдің есіне әкесі айтқан Түркістан, Қандөз жайлы әсерлі әңгімелер жиі-жиі орала бастады. 1990-шы жылдардың орта тұсында Түркістаннан шыққан білімді, білікті азамат Ыбырай қажы Ысмайлов Нәзірдің соңында қалған жалғыз қыз Әнелдің бар екендігін естіп, іздеуге кіріседі. Көп ізденістің нәтижесі өз жемісін берді. Ыбырай қажы Мәскеуден тұрақ тапқан Нәзір қызын табады. Міне, осыдан бастап Ыбырай қажы мен Әнелдің арасында ағайын-туыстық байланыс орнайды. Ыбырай қажы Әнелге Түркістан жайлы кең мәлімет береді. Осы Ыбырай қажы айтқан әсерлі әңгімелер Әнелдің әкесі Нәзірдің туған өлкесімен сырттай танысып, кеңінен біле бастады. Түркістан, Қандөз жайлы көп мәліметтер алады. Әнелдің әкесі Нәзірге деген және атасы Төреқұл мен ата-мекені Түркістанға деген сағынышы ұлғая түседі. Қанша оқталып, әкесінің, ата-бабаларының туған мекеніне барғысы келсе де бір жолы түспеді. Әнел Түркістанда әкесі Нәзірдің атына берілген мектеп бар екендігін естіп балаша қуанады. Бертін келе Әнел Нәзірқызы осы мектеп ұжымымен таныстық орнатып, тығыз қарым-қатынаста болды. Екі тарапта бір-біріне хат жазысып, хат берісіп байланыс жасап отырды. Өмірінің соңына дейін Нәзірқызы Әнел мектеп ұжымымен қарым-қатынасын үзбеді.

Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұловтың жалғыз қызы Әнел 2003 жылдың 22 ақпаныңда дүниеден озды. Әнел бұл күндері Түркістан топырағында мәңгілік ұйқыда. Өмірінің соңына дейін әкесі Нәзірді аңсап, сағынып өткен Әнел әкесінің атамекенін көру, бару маңдайына жазылмады.

Облыс орталығы Түркістан қаласында қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлов атындағы музейінде Нәзір Төреқұлов мектебінің ұжымымен тығыз байланыста болған Нәзірдің қызы Әнелдің өмірінің соңында Мәскеуден жолдаған соңғы сағыныш хаты экспонат ретінде көрініс тапқан. Музейге келген әрбір көрермен оқушы осы экпонатты көріп, сондағы Әнелдің мектеп ұжымына жазған соңғы сағыныш хатын оқып, зор әсерге бөленетіні хақ.

Қадыр есімді інісі Өзбекстанда мақта шаруашылығында басшы болып қызмет атқарған. Ағасын ұстап әкеткен соң қуғын көрген. Аз уақыт Келеске келіп паналапты. Кейін Өзбекстанға қайта кетсе керек. Қадыр – Төреқұлдың екінші әйелінен болса керек. Қадырдан ұрпақ бар.

 

 

Әдебиеттер:

 

Төреқұлов Н. // Жұлдыздар отбасы. – 2016. – №11. – Б.19-23

https://islam.kz/kk/articles/islam-jane-tulga/qazaqtan-shyqqan-tungysh-diplomat-nazir-de-qurandy-jatqa-bilgen-1336/

https://oninfo.kz/neldi-sa-ynyshy/