Елдес Омарұлы

Елдес Омарұлының әке-шешесі.

Әкесi Омар ерте хат таныған, ауылдағы сауатты кiсiлердiң бiрi болған. Елдестiң туған шешесi Шолпан жастай қайтыс болады. Ал Омар атайдың екiншi әйелi Ғалия бертiнде, 1953 жылы қайтқан. Қаратомарға жерленген. Омардың үш ұл, бiр қызы болған. Елдестiң iнiсi Ескендiр сұм заманның құрбаны болып кетсе, Ғалиядан туған Әбдеш аурудан 1948 жылы көз жұмған. Омарқызы Мәруаш болса Қайындыкөл ауылында (қазiргi Белинский атындағы АҚ) тұрып, тоқсаныншы жылдары қайтыс болды. Ұлы Отан соғысы басталған жылдары Омар ақсақал жетпiстен асқан екен. Сол жылдардың өзiнде көнекөз қария ауыл адамдарына майданнан келген хаттарды, газеттердi оқып берiп отырған. Кiшi баласы Әбдештi ағаларының ауыр жолын қумасын деп әдейi оқытпайды.

Елдес Омарұлының зайыбы мен ұлы.

Елдестiң сүйiп алған жары Эльза Адамовна Берте Ташкенттегi немiс елшiсiнiң қызы екен. Олар тұңғыш ұлдарының атын Кенехан қояды. Сол тұстағы достары оны еркелетiп Генрих десе, орыс жолдастары Андрей деп атаған, сүйтiп батыр атасының атын еншiлеген жiгiттiң үш бiрдей есiмi болыпты. Кенехан Ұлы Отан соғысы жылдарында әскери ұшқыш болып, фашистерге қарсы шайқасады. Ал әкесi тағдыр азабы балаға тимесiн деп сақтық жасады ма екен, кiм бiлсiн, әйтеуiр, оның туу туралы куәлiгiнде баланың аты-жөнiн Генрих Берте деп жаздырады. Асыл ағаның артта қалған жалғыз ұрпағының одан кейiнгi тағдыры белгiсiз.

 

Дереккөздер:

Қонысбай К. Елім деп өткен Елдес [Электрондық қор]: Алаш арысы Елдес Омарұлының шығармалар жинағы жарық көрді. // Қостанай таңы. – 2017. – 1 қараша. – Б.12

Шаяхмет А. Елім деп өткен Елдес еді // https://turkystan.kz/article/56725-elim-dep-tken-eldes-edi