Ғұмар Қараш
1962 жылдан Мәскеу қаласында тұратын Ғұмар Қараштың немересі, филология ғылымдарының кандидаты Нәдия (Надежда) Бұрханқызы Қарашаева: «Ағам Басырдың айтуы бойынша, атамды өлтірген бандалар тобы, бір жыл өткенде Астрахань қаласындағы реальды училищені бітіріп, уезд милициясы болып жүрген үлкен ұлы Қадырды өлтіреді. 1922 жылы оның анасы мен әйелін де өлтіріп үйін – мүлкін өртеді» деп жазды.
Нәдия Қарашаеваның айтуынша, Ғұмар Қараштың 4 ұл, 2 қызы болған. Үлкені жоғарыда айтылған Қадыр. Екінші ұлы Басыр Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек армиясы қатарында Қарағанды шахтасында еңбек етіпті. 1974 жылы қайтыс болды. Басырдың жалғыз ұлы Болат 1938 – 2000 жылдар аралығында өмір сүрген. Ал Ғұмардың үшінші қызы Нәзиядан туған Балхия (1928 – 1990 жж.) отбасымен Ақтөбе облысының Алға стансасында тұрған.
Ғұмар балаларының арасында жоғары білім алғаны Бұрхан (1904 – 1967). Ол Мәскеудің Тимирязев академиясын бітіріп, ҚазССР ауыл шаруашылығы министрлігінде қызметке орналасады. Алайда әкесі Алаш зиялылары тобынан екенін сезген ол, 1947 жылы Талдықорған облысының шалғайдағы орыс ауылына барып бой тасалайды. Сонда 10 жылдай ауыл шаруашылығы техникумының директоры болып қызмет етеді. Бұрханнан кейінгі Хамида 12 жасында қайтыс болып кеткен. Ал кенже ұлы Әлихан 21 жасында Ұлы Отан соғысында хабар – ошарсыз кетті.
Мәскеу қаласында тұратын Нәдия Бұрханқызы 1930 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Кейін Алматы қаласына көшіп, орыс орта мектебін тәмамдағаннан соң М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері факультетіне түсіп, 1953 жылы қызыл дипломмен бітірді. Кейін 1962 жылы жолдасымен бірге Мәскеу қаласына қоныс аударды. Зейнет демалысына шыққанға дейін Ресей Білім академиясының филологиялық орталығының ғалым хатшысы болды. 120 – дан астам ғылыми еңбектің авторы. 2020 жылы Нәдия Бураханқызы дүниеден озды. Қысқаша айтқанда Ғұмар Қараш бабамыздың ұрпақтарының тағдыры осы.
Әдебиеттер:
Боранбаева Б. Ғұмар Қараштың ұрпақтары // Egemen Qazaqstan. – 2020. – 11 қараша (№216). – Б.7