Асфендияров Санжар (1889-1938)
Алаш қозғалысына қатысушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Асфендияров 1889 жылы Ташкент қаласында зиялылар отбасында туған. 1907 жылы Ташкент реалдық училищесін, 1912 жылы Санкт-Петербор әскери-медициналық академиясын бітіреді. Осында түрлі ұлттардың азаттыққа тілеуқор қайраткерлерімен жолығып, демократиялық Ресейдің келешегі туралы ой бөліседі. 1912-1917 жылдары 10-Түркістан полкінің әскери дәрігер қызметінде жүріп Термез, Самарқант, Лович, Варшава қалаларында болады. Ол 1914-1916 жылдары I дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1915 жылы Лодзья маңында неміс тұтқынына түсіп, 1916 жылы басында келісімге сай босатылады. Қайраткер 1917-1918 жылы Орта Азиядағы саяси серпілістерге белсене араласады. Бұхара мен Самарқанттың жәдидшілдерімен ақылдасып, өңірді жаңартудың жобаларын қарастырады
1917 жылы қарашада Қоқан қаласында Түркістан автономиясын жариялаған өлке мұсылмандарының төтенше сиезі жұмысына қатысады. 1917-1918 жылдары Ташкент қалалық денсаулық сақтау бөлімінің санитарлық дәрігері болып қызмет істейді. Түркістанда Кеңес үкіметі орнағанда, Аштықпен күрес жөніндегі төтенше комиссияның Сырдария облыстық бөлімшесін басқарады. 1919-1920 жылдары Закаспий майданында кеңестік Түркістан полкінің дәрігері, 1920-1921 жылдары Түркістан автономиялық республикасы Денсаулық сақтау халық комиссары, егін шаруашылығы халық комиссарының алғаш орынбасары, кейін комиссары қызметтерін атқарады.
1923-1924 жылдары Денсаулық сақтау халық комиссары, 1925-1927 жылдары Бүкілресей ОАК хатшысының орынбасары болды.
1927 жылы Н.Н.Нариманов атындағы Мәскеу Шығыс халықтарының этникалық және ұлттық мәдениеті институтының, 1928-1931 жылдары Қазақ мемлекеттік педагогика университетінің тұңғыш директоры, 1930 жылдың соңынан бастап Қазақ медицина институтының басшысы болды.
1931-1933 жылдары Қазақ Кеңестік Республикасы Денсаулық сақтау халық комиссары, 1933-1937 жылдары КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Қайраткер С.Асфендияров – «Шатер мира» повесі мен «История Казахстана с древнейших времен», «Қазақ тарихының очеркі» зерттеулерінің авторы. Ол 1937 жылы тамызда ұсталып, 1938 жылы ақпанда нақақтан атылған.
Әдебиеттер:
1. Ахметов, М. Санжар Асфендияров // Денсаулық. – 2014. – № 10. – Б. 14-15
2. Жүз жиырма тұңғыш Т.2 / Құраст. Б. Нұржекеұлы. – Алматы: “Жалын баспасы” ЖШС, 2015. – б.384
3. Жүнісбаев А Санжар Асфендияров-әскери дәрігер // Қоғам және дәуір. – 2012. – №4.- б.126-142
4. Зауал: мақалалар, естеліктер / құраст. Б. Қойшыбаев. – Алматы: Жазушы, 1991. – б.272
5. Қасымбекова, М. Жоғары оқу орындары және қазақ зиялылары // Қазақ тарихы. – 2014. – № 1. – Б. 24-26
6. Қойшыбаев Б Қайраткер және ғалым: [Санжар Асфендияровтың туғанына 120 жыл толуына] // Егемен Қазақстан. – 2009. – 8 желтоқсан
7. Пірәлиев С Ұлтымыздың тұңғыш педагог-ректоры : Санжар Сейтжапарұлы Асфендиаров // Түркістан. – 2008. – 11 желтоқсан
8. Сейталиев Т. Халел Досмұхамедов жшне Санжар Асфендияров : алаш арыстары // Қазақ тарихы. – 2005. – № 1. – Б. 69-71
9. Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар. – 2014. – б.76
10. Хабиев Х. Қазақ халқының тұңғыш профессоры // Қазақ әдебиеті. – 1970. – 10 қаңтар. – Б.2.