Әлниязұлы Тобанияз (1875-1930)

Әлниязұлы Тобанияз 1875 жылы бұрынғы Закаспий облысы Маңғышлақ уезі, Жетеней болысында туған, қоғам қайраткері. Діни мектепте бастауыш білім алған. 1915 жылы болыс басқарушысы болып сайланған. 1916 жылы патша жарлығына қарсы шыққаны үшін тұтқынға алынып, 1917 жылы патша өкіметі құлағаннан кейін абақтыдан босатылды. 1918-1923 жылдары Адай уездік революциялық комитетінің төрағасы. Алашорда үкіметінің батыс бөлімшесінің жетекшілері – Халел және Жанша Досмұхамедовтермен тығыз байланыста болды. Жангелдин экспедициясына қолдау көрсетті. Қазақтар мен түрікмендердің достық қарым-қатынаста болуына күш салып, екі халық арасындағы келіспеушіліктерді бейбіт түрде шешуге қол жеткізді. Қылмыс жасағандарға құн төлету керектігін жақтап, мұны өзі басқарған уезде енгізбекші болды. Кеңестік билікке қарсы Қарақұм өңірінде жүріп жатқан қозғалысқа қолдау танытты. Билік орындарының нұсқауларында жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі, дініндегі ерекшеліктердің сақталуын талап етті. 1923 жылы Тобаниязға “ұлтшыл”, “діндар” деген айып тағылды. Соған орай ол уездік революциялық комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. 1924-1928 жылдары уездік салық инспекторы болып еңбек етті. 1929 жылы желтоқсанда тұтқынға алынып, ату жазасына кесілді.
Әлниязұлы Тобанияз 1990 жылы 26 сәуірде Қазақ КСР-нің Жоғарғы сотының шешімімен ақталды.


Әдебиеттер:

Жеткізгенова Ә., Нұрғалиева Ғ. Әдеби көркем шығармалардағы қоғам қайраткері Тобанияз Әлниязұлы бейнесі // Ізденіс. Гум. сер. ¬ – 2011. -¬ № 4. – ¬ Б.193