Әлжанов Отыншы (1873-1918)
Отыншы Әлжанов (1873 жыл 12 тамыз, Семей облысы, Зайсан уезі Нарын болысының алтыншы ауылы – 1918 жыл, Үржар ауданы, Науалы) – Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, Алашорда үкіметінің мүшесі, Жетісудағы алаш қозғалысының басшыларының бірі, ағартушы-публицист, халық мұғалімі. Әкесі Әлжан Сақауұлы дәулетті әрі ықпалды болыс болған. Көзі ашық әке баласының ата дәулетіне арқа сүйеп, өз қатарынан қалып қоймауы үшін оны елдегі жақсы адамдардан үлгі алып, өнер білім іздеуге баулиды.
1882-1887 жылдары Зайсандағы қазақ балаларына арналған бастауыш мектепті, 1887-1890 жылдары Омбы уездік училищесін, 1890 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын оқыған. 1894-1895 жылдары Дала генерал-губернаторы кеңсесінің іс-жүргізушісі, 1895-1907 жылдары Ақмола облыстық сотының аудармашысы қызметін атқарады. 1907-1909 жж. Көкпекті орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі.
1897 жылы Империяда Бірінші Бүкілресейлік халық санағы өтеді. Осы санаққа Отыншы да қатысып, Солтүстік және Орталық Қазақстан тұрғындарын тізімге алу жұмысына тартылады. Өз қызметін жақсы атқарғаны үшін О.Әлжанұлына Петербордан Ресейдің Ішкі істер министрінің өзі қол қойған алғыс-грамота келеді. Бұл қымбат құжат Отыншы ұрпақтарының мұрағатында сақтаулы.
О.Әлжанов семинарияда оқып жүрген кезден бастап, «Дала уалаяты» газеті және басқа да баспасөз беттерінде оқу-ағарту саласы бойынша, сайлау кезіндегі ру тартысы мен жікшілдіктің зияндылығы жөнінде, шаруашылықты өркендету, қазақтың әдет-ғұрып заңдары туралы көкейкесті мақалалар және ауыз әдебиеті үлгілерін жариялап отырды. 1905 жылы Санкт-Петербургте өткен «Шығыс бұратаналарын» оқыту мәселелері бойынша Ерекше мәжіліске «Дала уалаятындағы» қазақ мұғалімдері атынан О.Әлжанов сөз сөйлеген.
1907 жылы өткен мәжілісте Отыншы Әлжанов «бұратана халықтарды» оқыту туралы «Ережеге» сын айтып, қазақ мектептерінің жұмысын қадағалайтын инспекторлық орынға қазақ мұғалімдерін тағайындау, қазақ мұғалімдерінің құқын және діни сабақтар беретін мұғалімдердің жалақыларын орыс мұғалімдерінің құқы мен жалақыларымен теңестіруді және басқа да өзекті мәселелерді ортаға салады. 1907 жылы Көкпектіде тек ұстаздықпен айналыспай, істі болған, зәбір-жапа шеккен қазақтардың мұң-мұқтажын жоқтап, оларға нақты көмек береді. Қазақ жеріне сұғанақтық жасағандардың жолсыз қылығын әшкерелеуде оқыған қазақтың әділетті қимылынан қауіптеніп, орыс келімсегі мен татар саудагерінің атынан пәле-жала ұйымдастырылып, О.Әлжанов 1909 жылы 5 жыл мерзімге Жетісу облысының Лепсі уезіне жер аударылады.
О.Әлжанов 1916 жылғы көтерілісте елге тоқтау айтып, бос қан төгілуден сақтандырады. Патша өкіметі құлағанда ол Уақытша өкіметтің Лепсі уезі комиссарының орынбасары болады. Жетісу жеріндегі Алаш қозғалысына белсене араласады.
Жетісу қазақтары атынан Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылады. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін желтоқсандағы сиезде жалпы, қазақ атынан Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланып, Жетісу облысындағы Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі болады. Жетісу облыстық қазақ сиездерін ұйымдастыруға қатысып, Алматыда автономия қамымен милиция жасақтамақ болып жүр¬генде большевиктер тарапынан Ы.Жайнақов, С.Сабатаев үшеуі тұтқындалады. Алаш қайраткерлерінің қажыр-қайратқа толы саяси дипломатиясымен абақтыдан босатылады. Азамат соғысы жылдары жүдеп жадаған Лепсі еліне көмек көрсету комитетін құрады.
1918 жылы 21 тамызда Семей облысының Мақаншы ауылында қызылдарға қарсы қақтығыста мерт болады. Кеңес өкіметі оның ұрпақтарын да қудалады.
Әдебиеттер:
1. Әлжанов Отыншы // Алаш қозғалысы. – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2014. – Б.92-93
2. Жетісу: энциклопедия. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2004. – Б.161-162
3. Нұрқасым, Қ. Ұмытпаңдар мені. – Алматы: Атамұра, 2002. – 232 б.
***
4. Дулатов М. “Тағы құрбан: Отыншы Әлжанов”: саясат жолында басшылық еткен азамат туған жерінде неге ұмыт қалуға тиіс? // Дидар. – 2010. – 29 мамыр. – Б.5
5. Қапаева А. Отыншы Әлжанов // Қазақ тарихы. – 2001. – № 3. – Б.58-64; № 5. – Б.47-52; № 6. – Б.53-57
6. Кәрімов М. Алаштың ардақты ұлы // Ертіс өңірі. – 2016. – 20 сәуір. –Б.10
7. Кәрімов М. Алашқа қызмет еткен Отыншы Әлжанов // Семей таңы. – 2016. – 15 сәуір. – Б.17
8. Кемеңгер Қ. “Қымбатты Отыншы… сендей ұл туған ел ешкімнен кем болмас” // Абай. – 2014. – № 3. – Б.41-45
9. Сәтиев Х. Отыншы Әлжановты білесіз бе? // Семей таңы. – 2009. – 4 маусым. – Б.3
10. Сәтиев Х. Алаш арыстарының аты жаңғырды // Семей таңы. – 2015. – 3 қараша. – Б.3