Атшыбаев Мұқаш

Атшыбаев Мұқаш (т.ж.б.- ө.ж.б. Орал облысы, Темір уезі, Қазыбек болысы Миялы ауылы, қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы) – Батыс Алашорда қайраткері, қазақтың алғашқы саудагер-кәсіпкерлер тобының өкілі. Атасы Қазыбек Жайық өңіріне танымал би, батыр болған. Әкесі Атшыбай 1869-1870 жылдары «Ел ауа» аталған кіші жүз қазақтары көтерілісіне қатысып, батырлығымен ел сеніміне ие болған.

Мұқаш қазақша-орысша сауаты ашық, кітапты көп жинаған адам екен. Ол дәулетті көп саудагердің бірі емес байлығын ел игілігіне жұмсаған жомарт ұлтшыл болған. Балалары Беркінғали, Құсайын, Әжіғалиларды Орал қаласынан оқытқан. Соның арқасында Беркінғали да елге танымал адамға айналған. 1917-1918 жылдардағы төңкеріс кезінде және азамат соғысы кезінде Х.Досмұхамедұлын қолдады.

Оралда, Ойылда, Қаратөбеде өткен қазақ сиездеріне қатысады. 1919 жылы 10 желтоқсанда Қызылқоғада өткен Батыс Алашорданың қалалық және ауылдық земстволары өкілдері мен ел ақсақалдарының кеңестеріне де қатысады. Кейбір деректерде Ойыл облысының уақытша үкіметіне мүше болған көрінеді. Батыс Алашорданың бас интенданты болған баласы Беркінғали Атшыбаевтың жұмысына пәрменді қолдау көрсетіп, Алаш зиялыларына дем беріп, демеу болып отырды. 1919 жылы 10 желтоқсанда өткен Батыс Алашорданың қалалық және ауылдық земстволары өкілдері мен ел ақсақалдарының кеңесіне шақырылады.

1920 жылдардың басында қайтыс болған. Өзі алашордашыл, алаш жұмыстарына көп көмек еткен, баласы Алашорданың белгілі қызметкері болған Мұқашты кеңес үкіметі кезінде жазаға тарта алмағанымен, 1937 жылы оның туған-туыстары түгел қуғынға ұшыраған.

Әдебиеттер:

1. Алаш. Алашорда: энциклопедия / Құраст. Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс, 2009. – б.67
2. Батыс Қазақстан: энциклопедия / бас ред. Ғ.Әнес. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2002. – б.147-148.
3. Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2014. – б.79-81.