Сүлеев Біләл (1893-1937)

Сүлеев Біләл  – Алаш қайраткері, ақын, ағартушы, журналист, драматург. 1893 жылы  Алматы облысы Ақсу ауданы,  Қапал ауылында туған.  Әкесі Сүлей Майлыұлынан оқып, сауатын ашады. Кейін «Мамания» медресесіне оқуға түседі. Сонда бірер жыл оқыған соң, «Мамания» медресесін ұйымдастырушылардың бірі Е.Маманұлы болыс қаражатымен «Ғалия» медресесінде оқиды. 1916 жылы Орынбордағы мұғалімдер семинариясын аяқтайды. Б.Сүлеев 1916 жылы маусымдағы патша жарлығымен майданның қара жұмысына алынған қазақтарға мыңбасы болып Минск каласына кетеді. Төңкеріс жылдары Қапалдағы татар мектебінде оку ісін басқарушы қызметін атқарады. Алашорданың Жетісу облыстық кеңесінің мүшесі. 1918 жылдан бастап халықты сауаттандыру жұмысына араласып, 1927 жылға дейін Жетісу өлкесінде қазақша мектеп ашу ісімен айналысады. Күш салуымен қазақ ауылдарында екіжылдық бастауыш мектеп, аудан орталықтарында жетіжылдық орталау мектеп, облыста тоғызжылдық орта мектеп ашылады. 1928 жылы Ақтөбе облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі болып істейді. 1934 жылы Қарақалпақ Автономиясы Кеңестік Социалистік Республикасына Халық ағарту комиссары болып тағайындалады. Бұл лауазымды жұмысты 1937 жылға дейін атқарды. Б.Сүлеев көрнекті әдебиетші, сықақшы ақын, көсемсөз шебері, талантты драматург. Семинарияда оқып жүрген кезінен бастап өлең, әңгіме жазып, өзінің талантын жетілдіріп, қаламын ұштайды. «Қазақ» газетінде қосымша жұмыс істеп, «Матай», «Қаптағай» деген бүркеншік аттармен өлең, мақалаларын жариялап отырды. Татар тілінде шығатын «Шура» журналы, «Вахит» газетінде мақалалары мен өлеңдері жиі жарық көріп тұрған. «Картаға салынған қатын» атты комедиясы 1921 жылы сахналанып, Алматыда бірнеше рет қойылған. 1922 жылы Жетісудағы алғашқы жер бөлінісіне арнап «Қабанбай мен Сазанбай» атты сатиралық поэма жазды. «Қаптағай», «Бұйрас» деген аттармен «Қыз бен жігіттің айтысы», «Қазақтың жиырма төрт бас алқа дыбысы», «Қайтсең де көсем боларсың» (1922), «Нақысбек» (1922), «Жұт жеті ағайынды», «Қазақ мұғаліміне» (1923) сықақ өлеңдерін жазады. 1930 жылы құрылған Семей педагогикалық институтының тұңғыш ректоры болды. Ректорлық қызметі кезінде қамауға алынып, 1932 жылы 5 қыркүйекте босатылды. 1932 жылы жансауғалап Мәскеуге кетуге мәжбүр болады. Екі жыл Мәскеудің өндіріс орындарында, мәдени-ағарту саласында қарапайым қызметтер атқарады. 1937 жылдың соңында екінші рет қамауға алынып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.

 Әдебиеттер:

  1. Сүлеев Біләл / Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.294-295
  2. Сүлеев Біләл / Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы. – Алматы: Сардар, 2009. – Б.375-376
  3. Ғабитова Ф. Өртеңде өнген гүл: өлеңдер, проза, естеліктер, күнделіктер, хаттар, пікірлер, ойлар / Ф Ғабитова. – Алматы: Атамұра, 1998. – 272 б.

Интернет сілтемелер:

https://kk.wikipedia.org/wiki/Біләл_Сүлеев

Біләл Сүлеев https://bibseyfulblog.wordpress.com

Біләл Сүлеев http://adebiportal.kz/kz/authors/view/2571