Нұрмұхамедов Хасен (1900-1937)

01«Алаш» партиясының белсенді козғалысының көрнекті өкілі, қоғам қайраткері Нұрмұхамедов Хасен Нұрмұхамедұлы 1900 жылы Қарағанды облысы Есіл ауданында дүниеге келген. Азамат соғысына қатысқан.

1917-1919 жылдары «Алаш» партиясының мүшесі болды. Атбасарда мұғалімдер курсында, Омбыда партия-кеңес қызметкерлерін даярлайтын курста оқыды. 1920 жылы Орынбор жұмысшы факультетін, 1930 жылы Мәскеуде К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық академиясының экономика факультетін бітірген.

1919-1920 жылдары Атбасар уезінде мұғалім, 1920-1921 жылдары БК(б)П Атбасар уездік комитетінің мұсылмандар секциясының меңгерушісі, Петропавл губкомы хатшысының орынбасары қызметтерін атқарды. 1922-23 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінің редакциялық алқасының мүшесі, «Қызыл Қазақстан» журналының жауапты редакторы,  1922-1924 жылдары ҚазОАК-не мүше болған. 1923-1928 жылдары ҚазКСР Егін шаруашылығы Халкомының жерге орналастыруға қатысты өкілі, Семей және Акмола губерниясының жерге орналастыру партиясының басшысы қызметтерін атқарды.

1930-1932 жылдары Мәскеудің ауылшаруашылығы экономикасы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, Ұжымшарлық (колхоз) ғылыми-зерттеу институтының аспиранты болды. 1932-1933 жылдары Алматы ауыл шаруашылық  ғылыми зерттеу институтының директоры,  1933-1934 жылдары ҚазКСР Мемлекеттік Жоспарлау комиссиясы төрағасының орынбасары, 1934-1936 жылдары ВАСХНИЛ-дің Қазақстан филиалы президиумының төрағасы, Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақ КСР-і Денсаулық сақтау халық комиссары  қызметтерін атқарды. 1937 жылы қазанда тұтқындалып, 1938 жылы ақпанда ату жазасына кесілген. Қайраткердің есімі 1957 жылы  желтоқсанда ақталды.

Әдебиеттер:

  1. Нұрмұмамедов Хасен // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.258-259
  2. Нұрмұмамедов Хасен // Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – Б.323-324
  3. Төлепберген Б. Мәңгі жас – Алаш идеясы. – Алматы: Алматы баспа үйі, 2008. – 301 б.
  4. 1937-2007 тауқымет пентағзым. – Алматы: РИИЦ-Азия, 2007. – 296б.
  5. Абдуллаев Қ. Азапты жылдардың азаматтары / Абдуллаев Қ., Сейітова К. // Денсаулық. – 2002. -№6. – Б.20-21