Жәнібеков Жанұзақ (1889-1937)
Жәнібеков Жанұзақ Әлжанұлы – Алаш қозғалысының қайраткері. Ол 1889 жылы Қызылжар қаласында туған. 1905-1911 жылдары. Петропавлдағы мектеп пен медреседе оқыған. Шығармашылықпен ерте айналысады. 1908 жылы Қазанның «Шәраф» баспасынан «Айна» атты ағартушылық өлең жинағын шығарады. 1912 жылы Петропавл типографиясына қызметке тұрады. 1913 жылы Орынборға келіп, «Қазақ» газетіне корректор болып жұмысқа орналасады.1915 жылы Н.Күзембайұлымен бірігіп Орынбордан «Құран құралы» атты еңбек жариялайды. Қаламы төселіп, білікті журналист дәрежесіне көтеріледі. 1917-1919 жылы ұлт тағдыры шешілетін барлық саяси істерден шет қалмайды. 1917 жылы 14 желтоқсанда Орынборда Алаш партиясының Торғай облыстық комитеті ашылғанда (төраға Ә.Бөкейхан), соның қазынашысы болып сайланады. Осы жылы «Еркін дала» ұйымына мүшелікке өтеді. 1918 жылы «Қазақ» газетінің редакторы болады. Шебер көсемсөзші ретінде халықтың рухын көтеретін, көзін ашатын мақалалар жазады. «Сыртқы хабарлар», «Алаш құрбандары», «Ғұсманды түріктері», «Кәріс мұсылмандары», «Қара жүз қажы, яки Қорғанский», «Тыңшылар», «Құран құралы», «Талапкер қазақ қызы», «Бағбастан ханым мектебі», «Түрік тілінің ірі ғалымы В.В. Радлов», «Аттан, Алаш азаматы!» т.б. макалаларында қазақтың саяси дәрежесіне қозғау салатын ой айтады. Оның әзірбайжан қайраткері М.Расулзаде мақаласын қазақ тіліне аударуы да біраз нәрсені аңғартса керек. Қаламгердің үлкен бір еңбегі – Алаш жолында құрбан болған Қазы Нұрмұхамедұлының тарихтағы орнын бағалауы және оның қазасына байланысты тұлғаларының көңіл-күйін хаттап қалуы еді. Төңкерістер дәуірі бітіп, саясат бағыты анықталғанда, қайраткер орталықта қалмай, еліне кетеді. 1920-1923 жылдары Петропавлда білім жүйесінде мектептен тыс нұсқаушы болады. 1923-1924 жылдары Ақмола губерниялық комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарады. 1924-1926 жылдары осындағы «Бостандық туы» газетінің редакциялық алқасына енеді. 1926 жылдың аяғында Ақтөбеге келіп, 1929 жылға дейін «Кедей» газетінің редакторы болады. Сол жылы саяси айыппен редакторлықтан алынады. Сөйтіп, 1932 жылға дейін осы облысқа қарайтын Шыңғырлау ауданы №36 ауылдық мектебінде ұстаздық етеді. 1933 жылы Петропавлға кайта келіп, кооператив техникумының директоры болып орналасады. Бұл оқу орны сол жылы қайта құрылғанда, «Каззолото» тресіне жұмысқа алынады. 1936 жылға дейін осы трестің Степняктағы бөлімшесінің төрағасы болады. Репрессия басталғанда қызметінен алынады. Осында жүрген жерінен 1937 жылы 28 шілдеде ұсталып, 13 қыркүйекте атылады.
Әдебиеттер:
- Жәнібеков Жанұзақ // Тілешов Е, Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.192-193
- Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.171-172