Әлібеков Ғұбайдолла (1870-1923)
Мемлекет қайраткері Әлібеков Ғұбайдолла (Ғабдолла) 1870 жылы Жымпиты уезінде (қазіргі Сырым ауданы) дүниеге келген. Қарасу болысында молдадан хат танып, Орал қаласындағы училищеде оқыған. Орынбор қаласындағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда білім алып, ауылда мұғалім болған. Кейін Орал уездік полиция басқармасында тілмаш, Ойыл және Соналы болыстарының басқарушысы қызметін атқарды. 1917 жылы Ақпан төңкерісі тұсында Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен бірге Орал облыстық қазақ сиезін өткізуге атсалысты. Облыстық қазақ комитетінің төрағасы болды. Орал қаласында өткен облыс қазақтарының бірінші сиезінде Жайық өзенінің сол жағалауын қоныстанған қазақ ауылдарын басқару мақсатында Орал облыстық қазақ комитеті құрылды. Ғұбайдолла осы құрылған қазақ комитетінің төрағалығына сайланды. Комитет мүшелері Ж.Досмұхамедов, Ы.Тоқберлиев, Х.Тасымов, Т.Сарбупиев, Е.Мұқанов, Д.Сәрсенбаев, Ғ.Әлібеков, Д.Күсіпқалиев, Б.Жанқадамов, Р.Қаржаубаев. Д.Жұлдызов, Х.Досмұхамедов, Ы.Топаев, Е.Әбенов, К.Жаленов, Ғ.Есенғұлов, С.Қаратілеуов, Б.Жұмағалиев, С.Омаров және Б.Тілепиндер болды.
Орал комитеті бірінші облыстық қазақ сиезінің Жайықтың сыртқы бөлігіндегі бұрынғы төрешіл басқару жүйесін халықтық басқару жүйесіне ауыстыру жөніндегі шешімінен туындаған барлық қаулы-қарарды жүзеге асырумен шұғылданды. Орал қаласындағы, уездегі қазақ қаржысына салынған жылжымайтын дүние-мүлікті есепке алып, қазақ пайдасына қызмет еткізу, елден ерікті жылу жинау, оқу орындарын ашу, жәрмеңкелер өткізу, азық-түлікпен қамтамасыз ету, басқа қоғамдық ұйым-мекемелермен байланыс жасау ісімен айналысты.
Ғ.Әлібеков сиезді кіріспе сөзбен ашып, оның төрағасын, екі орынбасарын және үш хатшысын сайлау жөнінде ұсыныс жасаған. Съез төрағалығына Жаһанша Досмұхамедов сайланды. Ғұбайдолла Бүкіл ресейлік мұсылмандар сиезіне делегат болып сайланады. Орынбор қаласында өткен 1917 жылғы 21-28 шілдедегі бірінші жалпы қазақ сиезіне Ғұбайдолла Орал облысы мен Маңғыстау уезі атынан Құрылтай жиналысы депутаттығына үміткер ретінде бекітілді.
Осы жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен екінші жалпы қазақ сиезіне де делегат ретінде қатысты. Осы сиезде Жаһанша Досмұхамедовтың Алашорда автономиясын жедел жариялау туралы ұсынысын жақтап дауыс берді. Осы сиезде бүкіл Қазақтық құрылтай сиезінде республика үкіметінің құрамына сайланды. Ғ.Әлібеков Батыс Алашорда үкіметінің мүшесі, 1918-1920 жылдары Батыс Алашорда қызметіне айрықша еңбек сіңірді.
1920 жылдың 24 қыркүйегінен бастап, ол Қазақ АКСР-і әділет халық комиссары, кейін бас прокурордың қызметіне тағайындалады, алғашқы құқықтық құжаттардың жобаларын әзірлеуге басшылық жасап, заң үлгілерін түзеу барысында жергілікті халықтың әдет-ғұрпы, тарихи таным-түсінігі ескерілуін талап етті. 1921 жылы наурыз айында денсаулығының нашарлауына байланысты туған еліне оралды. 1922-1923 жылдары Орал облысы Жымпиты уезі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген шағында қайтыс болды.
Әдебиеттер:
- Әлібеков Ғұбайдолла // Тлешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – Б.94
- Әлібеков Ғұбайдолла // Алаш. Алашорда: энциклопедия / Құраст. Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – Б.77
- Әлібеков Ғұбайдолла // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Ғ.Әнес. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2002. – Б.165-166
- Қабдөшев Б. Алаш Орда көсемдерінің бірі тұңғыш Әділет комиссары // Заң. – 2015. – №4. – Б.14-16
- Сүлейменова Д. XX ғасыр басындағы қазақ зиялылары // Қазақ үні.- 2015. – 16 қыркүйек