Әйтиев Әбдірахман (1886-1936)

3Мемлекет қайраткері Әйтиев Әбдірахман 1886 жылы Орал облысы Орал уезі Қараоба болысы Сүгірбай ауылында дүниеге келген. Әкесі Әйтей Құлмағамбетұлы кедей шаруа болған. Тегі – Жетіруға жататын Кердері руы. 1901 жылы Қараоба болыстық бір кластық орыс-қазақ мектебін бітірген. Ол 1904-1909 жылдары Орал уезінің 1-учаскесі төбе биінің жалдамба шабарманы және от жағушысы, Орал уездік Податтық инспекторының тілмәші, Орал уезі 6-учаскесі төбе биінің тілмәші,  іс жүргізуші қызметтерінде болды. 1910-1913 жылдары  Орал қаласында төбе бидің аға іс жүргізушісі  әскер аттары учаскесінің меңгерушісі, аң-құс құтқару қоғамының және әуе әскери флотын күшейту қоғамының мүшесі,  жалданба  ауыл  хатшысы,  болыстық писарь жұмыстарын атқарды.

1917 жылы қаңтарда болыс Бекше Қисықовпен бірге сайлауға түсіп, Қараоба болысының управительдігіне сайланды. 7-наурыздан меньшевиктер мен эсерлер құрған Жайық сырты бөлігі Революциялық комитетінің кооптациялық негіздегі төралқа мүшесі. 1917 жылы 20-наурызда комитет құрамынан шығып, Б.Қаратаев, Д.Күсепқалиев, Ы.Тоқберлинов, Ғ.Әлібековпен бірге Жайық сырты бөлігі азаматтық комитетіне төралқа мүшесі және ұйымдық хатшы болып сайланады. 1917 жылы сәуірде өткен 1-Қазақ Орал облыстық, сьезін ұйымдастырушылардың бірі болды.

1917 жылы жазда Қараоба болыстық земство управасының мүшесі және управа милициясының бастығы қызметін атқарып, Жайық өңірінде астықпен алыпсатарлық жасаушыларға қарсы күрес ісін ұйымдастырды.

1918 жылы тамыз-желтоқсан аралығында Орал ревкомы мен Қызыл армия командованиесі құрған Богдановка астыртын ұйымының жеті адамнан тұратын жауынгерлік барлау тобының, мүшесі, астыртын атқару комитетінің төралқа мүшесі болды. 1919-1920 жылдары Батыс Қазақстандағы Қазақ төңкерісі оқиғаларына және азамат соғысы кезінде қызылдарды қолдады.

25-Чапаев дивизиясының 3-бригадасының саяси бөлімінде, Орал ревкомы үгіт-ұйымдастыру қосалқы бөлімінің және әскер қатарына тарту бөлігінің меңгерушісі, Орал ревкомы Ұлттар коллегиясының мүшесі және Қазақ атты әскер бригадасын ұйымдастырушылардың бірі болды. Қызыл армия құрамында атты барлау жорықтары сынды тағы басқа да жауапты қызметтерді атқарды.

1920-1921 жж. Кеңестердің бүкілқазақстандық құрылтай съезін өткізуге, Қазақ автономиясының солтүстік шекарасын белгілеуге белсене араласты. Ақмола губревкомының төрағасы болды. ҚАКСР Ішкі істер халық комиссары, ОАК төралқа мүшесі, 1921-1925 жылдары Орталық әкімшілік комиссиясының төрағасы,  ҚАКСР  Еңбек халық комиссарының орынбасары және еңбек қорғау бөлімінің меңгерушісі, өлкелік кеңес-партия мектебінің Батыс Қазақстандағы революциялық қозғалыс жөніндегі лекторы, “Сырье” акционерлік қоғамының Қазақ бөлімінің басқарушысы (1926); РКФСР Мемлекеттік сауда басқармасының Қазақстан және Батыс Қытай бойынша уәкілетті өкілінің орынбасары, оперативті бөлім меңгерушісі (1927); “Казторг” қоғамы басқармасының төрағасы (1928), Қазақ зооветеринарлық институтына әкімшілік-шаруашылық бөлім проректоры (1930); ҚАКСР Орталық музейінің директоры (1931); ҚАКСР Осоавиахим Орталық кеңесінің төрағасы (1932); ҚАКСР Халық комиссарлары кеңесінде консультант (1933); Алматы Мемлекеттік қорығының директоры, “Ақкөл” курортының директоры (1934); Әулие-ата теміржол бөлімшесінің фабрика-завод мектебінде мұғалім (1935) қызметтерін атқарды.

Әбдірахман Әйтиев Қазақстанның Батыс аймағындағы революциялық қозғалыс және азамат соғысы тарихын алғаш зерделеген авторлардың бірі. Оның қаламынан  1920 жылы туған “Революционное движение в Уральской области”, “Октябрьская революция в Уральской области” мақалалары осы тақырыптағы толымды еңбектердің қатарында саналады.

Әбдірахман Әйтиев 1936 жылы 16-қарашада Жамбыл қаласында ұзаққа созылған науқастан қайтыс болды. Алматы, Орал қалаларында Әбдірахман Әйтиевтің атына көше берілген, 1992 жылы Орал қаласындағы Әбдірахман Әйтиев атындағы көше алаңына мүсінші Ю.Д.Баймұқашевтің авторлығымен  ескерткіш орнатылды.

Әдебиеттер:

  1. Әйтиев Әбдірахман // Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – Б.89-92
  2. Әйтиев Әбдірахман // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст. Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – Б.70-71
  3. Әйтиев Әбдірахман // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Ғ.Әнес. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2002. – Б.161-163
  4. Қазақстан тарихы. – Алматы: «Аруна» баспасы, 2006. – Б.94-95
  5. Көлбаев Т Әбдірахман Әйтиев – ерлік пен қасіретке толы өмір. – Алматы: Арыс, 2006. – 324 б.
  6. Көлбаев, Тілеу Ерлік пен қасіретке толы өмір // Ана тілі. – 2012. -24-30 мамыр (№21). – Б.6-7
  7. Адырбекұлы К.Тұңғыш Ішкі істер халық комиссары Әбдірахмен // Түркістан. – 2007. – 31 мамыр