Сәдуақасов Жанайдар (1898-1938)
Алаш қозғалысына қатысушы, мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасов 1898 жылы Ақмола уезі, Сарысу болысында (қазіргі Қарағанды облысы) дүниеге келген. Ауыл молдасынан хат танып, 1912 жылы Ақмоладағы орыс мектебіне түсіп, оны бітірген соң ауылына оралады. 1914 жылы Омбы гимназиясында оқып жүрген кезіңде Омбыда қазақ жастары құрған «Бірлік» атты мәдени-ағарту ұйымына, 1918 жылы «Жас қазақ», 1918-1919 жылдары «Қазақ жастарының демократиялық кеңесі» ұйымдарының басшыларының бірі болады.
1917 жылы қазанның басында өткізілген қазақ жастарынын сиезіне қатысады. Осы кезеңде Сәдуақасов халық арасында алаштық идеялардың таралуына үлес қосады. Колчак билігі орнаған шақта астыртын жұмыспен айналысқан. Жазушы, қайраткер Ф.А. Березовский арқылы саяси ұйымдармен байланысып, 1918 жылдың 22 желтоқсанындағы қарулы көтерліске қатысты. 1920 жылдан бастап халық ағарту, атқару комитеттері жұмыстарына араласады. 1920-24 жылдары Қазақ АКСР-і Орталық ақару комитетінің жауапты хатшысы, 1923-24 жылдары Орталық атқару комитеті жанындағы іс қағаздарын қазақ тіліне көшіру жөніндегі Орталық комиссияның төрағасы қызметтерін атқарады. Ж.Сәдуақасов 1924-1925 жылдары Адай уездік ревкомы төрағасы қызметіне жіберіледі. 1925-26 жылдары Қазақ АКСР-і Қаржы халық комиссарының орынбасары, 1927-28 жылдары Сырдария губерниялық аткомының төрағасы болып істеді. 1928-29 жылдары Қазақ АКСР-і Әділет халық комиссары әрі республика прокуроры болып тағайындалды. Жанайдар Сәдуақасов 1929-33 жылдары БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінде мәдениет және насихат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, 1934-36 жылдары БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы, 1936-37 жылдары АКСР-і ХКК төрағасының бірінші орынбасары қызметтерінде болған. 1937 жылы Қазақстан К(б)П Алматы облыстық комитеті мен Алматы қалалық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, сол қызметінде 1937 жылы қыркүйекте тұтқындалғанға дейін істеді. 1938 жылы 25 ақпанда атылған. Жанайдар Сәдуақасов 1931 жылы Қазақстан партия ұйымы қабылдаған маңызды қаулы-қарарларды жинастырып, құжаттар жинағын шығарды. Әр кезде ағымдағы сәтке байланысты мақалалар жазып тұрды. Сәдуақасовтың өмір жолының патша өкіметі құлағаннан кейінгі алғашқы кезеңі С.Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» тарихи романыңда суреттелген. Ж.Сәдуақасовтың есімі 1957 жылдың сәуірінде ақталды.
Әдебиеттер:
- Сәдуақасов Ж. Таңдамалы шығармалар жинағы: Мақалалар, баяндамалар. – Астана: “Елорда”, 2009. – 192 бет.
- Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст. Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс, 2009. – Б.279-280
- История Казахстана: энциклопедический справочник.- Алматы: Аруна, 2010. – 496 с.
- Қазақстан ұлттық энциклопедия. Т7. – Алматы: Қазақ энциклопедисы, 2005. – Б.610-611
- Сәдуақасов Жанайдар / Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: Сардар, 2014. – Б.351-352
- Сәдуақасова П. Жанайдар Сәдуақасов: тарихи тұлғалар // Қазақ тарихы. – 2009. – № 3. – Б.35-40
- Сәдуақасова П. Жанайдар Сәдуақасов : мемлекет және қоғам қайраткері репрессия құрбаны // Қазақ тарихы ғылыми-әдістемелік журнал. – 2009. – №3. – Б.35-40