Құлманов Бақтыгерей (1857- ө.ж.б)

09

Құлманов Бақтыгерей 1857 жылы қазіргі Атырау облысы Теңіз ауданында дүниеге келген. Алаштың белгілі кайраткері. Ол кісінің қайтыс болған жері туралы дерек сакталмаған. Алаш қозғалысы кезінде елге басшы болған көрнекті қоғам кайраткері. Ол – қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен ұлттық зиялы қауымның көшбасшыларының бірі. Арман қуған жас шағында 1887 жылы Санкт-Петербург университетінің шығыс тілдері факультетін қызыл дипломмен бітірген. 1888 жылы филология ғылымының магистрі ғылыми дәрежесін корғаған. Соқтықпалы, сокпакты заманда Құлмановтың да бірсыдырғы тыныш өмір өткізуі мүмкін емес еді. Ол қоғамның әр саласында жұмыс істейді. 1890-1903 жылы Ішкі Орданың Қамыс-Самара бөлігін басқарып, білікті басшы болады. Он жыл артық істеген бұл қызмет оның қоғамдық мәселелерге түсінігін одан әрі тереңдетті. Осы кезеңде ол қоғамнан мол тәжірибе жинады. Халықтың әлеуметтік тұрмыс-жағдайын, арман-мұратын жақсы түсіне білді. Елі сенген абзал азамат 1906-1907 жылы халқының сенімін арқалап, Ресейдің I және II Мемлекеттік Думаларына мүше болып сайланған. Оны қазақ халқы өзінің мүддесін қорғай алатын сенімді азамат ретінде сайлады. Думада ол мұсылман фракциясының мүшесі болды. Құлмановтың сол кездегі Ресейдің басты заң шығарушы жоғары органына екі рет қатарынан мүше болып сайлануы – оның туған халқы алдында перзенттік борышын терең сезіну және мемлекет, қоғам қайраткері болып қалыптасуына шешуші ыкпал жасағаны сөзсіз. Жалпы ұлтжан қазақ оқыған азаматтарының тізе қосып, елдің болашағы жолын ерен істер атқаруы 1917 жылы келетіндігі белгілі. Осы жылдан бастап алаш азамат Құлмановтың саяси белсенділділігі айрықша байқалады. Аталған жылы сәуірінде Бөкей Ордасында обыстық қазак сиезі өткізіледі. Осы сиездің қабылдаған қарарында: «Территорияның ауқымдылығына байланысты халықтың шашыраңқы орналасуы Астрахань өлкесіндегі қазақтарды бір жерден басқаруға итермеледі. Осы мақсатпен комиссарлықка Құлманов (Мемлекеттік Думаның мүшесі), оның көмекшісіне мұғалім И. Меңдіханов сайланды» делінген. Бірінші жалпықазақ сиезіне катысып, жұрттың қолдауына ие болған Құлманов Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінің атқару комитетіне сайланып, қазақ халқының өкілі болып қызмет істейді. Сиез қаулысына Құлманов төраға ретінде қол қойған. Бұл құжатта Ә.Бөкейхан, Ғ.Қараш, Х.Досмұхамедұлы, Ә.Кенесарин, М.Дулатов төрағаның серіктері ретін көрсетілген. Ол екінші жалпыказақ сиезіне арнайы шақырылған. Сиез Алашорда үкіметін құрып, оған төраға сайлауда Құлманов. Ә. Бөкейханмен А.Тұрлыбаевпен бірге баламалы негізде сайлауға түседі. Осы сиезде Алашорданың халық кеңесіне мүше болып сайланады. Екінші жалпы қазақ сиезінде көтерілген мәселелердің бірі Алашорданың Түркістан өлкесін мекендеген қазақтарды Алаш автономиясына тарту мәселесі еді. Осы мәселеге байланысты Сырдария облыс қазақтарының сиезі шакырылады да, оған Қ. М.Дулатовпен, Т.Құнанбаевпен бірге барып катысады. 1917 жылы Батыс Қазақстандағы Алаш козғалысын ұйымдастырушылардың бел ортасында Құлманов жүреді. Алаш қозғалысы үшін белсенді қимыл жасайды. Екінші жалпықазақ сиезі оны Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат етіп ұсынады. Құлманов Бөкей Ордасынан У.Танашевпен бірге Құрылтай жиналысына ұсынылғанда, оған мынадай қысқаша мінездеме берілген екен: «Бақыткерей Құлманов -1 Государственной Думы ағзасы. Бұл күнде Бөкейлікте облыс комиссар. Университет бітірген кісі. Былтыр 25 июнь жарлығы шыққаннан кейін «Арыз айтасыз, мәулет сөйлейсің» деп Астрахан губернаторы Құлмановты жер аударып еді. Құлманов Самар губерниясынан еліне бостандық туғаннан кейін ғана қайтты». Кейін Алашорда үкіметінің ұлттык кеңесіне мүше болады. Алашорда үкіметі таратылғанша оның құрамында болып, халқына адал қызмет етеді. Алаш Орда үкіметі жарияланған екінші сиезде автономия туралы казак зиялыларының пікірі екіге жарылғаны белгілі. Сонда Құлманов автономияны жариялауды жақтаған топтың ішінде болды.

1918 жылы Астрахан арқылы шетелге өтіп кетті, 1919 жылы жатжұртта қайтыс болды деген дәлелденбеген мәліметтер бар.

Әдебиеттер:

1. Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст. Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – Б.232
2. Әбдешев М “Алаш Орда” министрлігі/ Министры “Алаш Орды”. – Алматы, 2008. – 114 б.
3. Дулатбеков Н. Алаш ардақтылары: Санкт-Петербург іздері. – Таймас, 2013. – 240 б.
4. Құлманов Бақтыгерей // Тілешов Е, Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.284-285
5. Құл-Мұхаммед М. “Алаш” бағдарламасы: қиянат пен ақиқат / М. Құл-Мұхаммед. – Алматы : Атамұра, 2000. – 240 б.
6. Сүйінов С. Қайраткер Құлманов: Алаш көсемдерінің бірі Бақтыгерей Құлманов туралы тарихи әңгіме. – Алматы : Ғылым, 1997. – 112 б
7. Төлепберген Б. Мәңгі жас – Алаш идеясы. – Алматы: Алматы баспа үйі, 2008. – Б.141-142
8. Төлепберген Б. Мәңгі жас-Алаш идеясы: Публицистикалық зерттеулер мен мақалалар. – Алматы : Алматы баспа үйі , 2008. – 304 б.
9. Шайхиева А. Бақтыгерей Құлманов – әкім, ел басқарушы // Ізденіс = Поиск. – 2003. – №2. – Б.8-13
10. Шайхиева А. Бақтыгерей Құлманов – қоғамдық-саяси тұлға // Қазақ тарихы. – 2002. – №4. – Б.53-56
11. Шайхиева А. Бөкей облыстық қазақ сиезі және Б.Құлманов // Қазақ тарихы. – 2003. – №2. – Б.35-37
12. Ырысбек А. Алаштан шыққан алғашқы депутаттар / А. Ырысбек // Қазақ үні. – 2014. – 26 желтоқсан. – Б.10

Интернет сілтемелер:

https://kk.wikipedia.org/wiki/Бақтыкерей_Ахметұлы_Құлманов

Бөкейдегі тұңғыш қазақ үкіметі /  http://gonzo.kz/blog/2642