Байтақов Бақытжан (1898 – 1938)

Батыс Аалашорда қайраткері Байтақов Бақытжан 1898 жылы бұрынғы Орал облысы, Темір уезі, Ойыл ауылында туған. Ол Орынбор орыс-қазақ мұғалімдер семинариясын «Халық мұғалімі» мамандығымен бітірген. Ойыл өңірінде болыстық және қалалық орыс-қазақ мектептері мен училищелерінде мұғалім болып қызмет етті. Ойыл өңірінен бірінші (1917, сәуір), екінші (1917, шілде), үшінші (1918, ақпан) және төртінші Орал облыстық қазақ сиезіне делегат болып, жергілікті жер басқармаларын, сондай-ақ, Ойыл облыстық Уақытша үкіметін («Ойыл уәлаяты») сайлауға (1918, мамыр) қатысты. 1917 жылы қарашада Ойыл бекінісінде өткен Жайық сырты қазақтары өкілдері кеңесіне қатысушы.

Жымпиты сиезінің қарарымен Ойыл облысының (уәлаятының) орталығы болып белгіленген Ойыл бекінісінде үкімет, земство мекемелерін жайғастыру және Темір, Елек, Гурьев уездері шегіндегі Қиыл, Қарағанды, Құлынды, Жетікөл, Жекенді, 1-Ойыл, 2- Ойыл, Қазбек, Ақшатау, Ақжал, Бестөбе, Қарашағыр, Жиренқұдық қазақ болыстары мен Новокалединск, Веселоводск, Преображенск, Романов, Шипов орыс болыстары есебінен Ойыл облысына қарасты Ойыл уезін құру ісімен шұғылданды. 1918-1919 жылдары Ойыл уездік сотының төрағасы болып істеді. А.Қалменов, Ғ.Есенғұловпен бірге Батыс Алашорда үкіметі атынан алғашқылардың бірі болып кеңес жағына шығу әрекеттерін жасады. Татар полкі командирлерінің Қызылқоғадағы Батыс Алашорда үкіметіне ұсынысы бойынша екі арада жүргізіле бастаған келіссөздерге қатысты. Батыс Алашорда үкіметі мен кеңес басшылығы арасындағы алыстан арбасқан, сенімсіздікке толы күрделі келіссөздер тарихының Қызылқоға-Ойыл кезеңінің негізгі, екінші бөлігінде де айтарлықтай еңбек сіңірді.

1919 жылы 23 желтоқсанда Қалменов екеуі Ақтөбе қаласына келіп, Қызылқоғада өткен кеңес қаулысын осындағы Қызыл армияның уәкілетті өкілі Лежава-Мюратқа, Қазәсревком мүшелері Ә.Әйтиев пен Б.Қаралдинге табыстады. Соның нәтижесінде, Лежава-Мюрат пен Қазәсревком мүшелері Алашорданың бүкіл пәрменді күштері өлкені басқару органдарының қатарына қосылатындығы жөнінде Батыс Алашорда үкіметі үшін айрықша маңызды шешім қабылдап, бұл шешімді делегация хат түрінде 1920 жылы 3 қаңтарда Қызылқоғаға жеткізді. Қызыл армия мен Қазәсревкомның уәкілетті өкілдері Наумов пен Бегімбетов және Батыс Алашорда үкіметі мүшелері қатысқан 11 каңтардағы бірлескен Қызылқоға мәжілісінде Батыс Алашорда үкіметін Қазәсревкомға, әскери бөлімшелерін З-Татар полкіне қосу, Қызылқоғада Алашорда мүшелерінің қатысуымен әскери бөлім құру туралы қолайлы шешім қабылданды. Байтақов Ойыл өңірінде шаруашылық ісін қалпына келтіру жұмысына араласты.

1920 жылы ақпанда Мәскеуден Ойылға келген Берковскийдің Жем (Ембі) кәсіпшіліктерінен орталыққа мұнай тасу жөніндегі арнаулы экспедициясына қолғабыс беру, аудандық мұнай тасымалдау басқармаларын құру, мұнай таситын керуендер жасақтау ісін ұйымдастырды. Орал губерниялық партия комитеті жіберген шовинистік пиғылдағы қызметкерлердің жергілікті оқығандарды шетқақпайлауына, Ойыл уезін Темір уезіне немесе жаңадан құрылмақшы Адай уезіне косу, сөйтіп Батыс Алашорда орталығының маңызын әдейі кеміту пиғылдарына қарсы тұрды. 1920-1921 жылдары Ойыл уездік атқару комитетінің еңбек бөлімінде қызмет істеді. 1921 жылы қыркүйекте С.Меңдешев пен М.-Х.Мырзағалиевтің ұсынуымен Қазақ РК(б)П облыстық комитеті президиумы қабылдаған шешім бойынша обком жанындағы кеңес-партия мектебіне оқытушылыққа шақырылды. Байтақов 1925-1935 жылдар аралығында өлкелік деңгейдегі әртүрлі жауапты кызметтерде болды. 1935-1936 жылдары БК(б)П Оңтүстік Қазақстан облыстық комитеті ұйымдық-партия бөлімінің меңгерушісі. 1936 жылғы тамыз айынан Қостанай облыстық атқару комитетінің төрағасы, ҚК(б)П ОК-нің мүшесі. КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының қаулысымен 1938 жылы ақпанда атылды.

Әдебиеттер:

1. Байтақов Бақытжан // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Ғ.Әнес. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2002. – б.171-172.
2. Байтақов Бақытжан // Тлешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – б.104-106.
3. Алаш. Алашорда: энциклопедия / Құраст. Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – б.87-89.