Бөкейхан Әлихан (1866-1937)

Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы (25.03.1866 жыл, бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылы – 27.09. 1937 жыл Мәскеу) – көрнекті қоғам қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы.

Жасынан зерек, алғыр өскен Әлиханды әкесі Қарқаралыдағы молданың қолына оқуға береді. Бірақ молданың оқуын қанағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысып, оны бітіргеннен кейін, 1879-1886 жж. Қарқаралы қаласының қазақ балаларына арналған мектепте оқиды. 1886-1890 жылдары Омбыдағы 4 жылдық техникалық училищесін «техник» мамандығы бойынша бітіріп шығады. 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде оқыды. Осы жылдары ол студенттік қозғалыстарға белсенді түрде араласып, әсіресе, солшылдардың көзқарасына бейім болды. Ә.Бөкейханов Ресей жандармерия басқармасының назарына студенттік жылдары-ақ ілігіп, «саяси сенімсіздердің» қара тізіміне алынды. Жоғары оқу орнын ойдағыдай бітірген Әлихан Бөкейхан 1894 жылы Омбы қаласына қайта оралып, ондағы Орман шаруашылығы училищесіне математика пәнінен оқытушы болады. Оның шығармалары Омбыда шығып тұрған «Степной край» газетінде ғана емес, облыстық, аймақтық мерзімді басылымдарға, ғылыми жинақтарға жиі басылып тұрды. 1906 жылы Омбыда шығатын кадеттік «Голос степи», «Омич» және «Иртыш» газеттерінде, 1908 жылы Петербургте жарық көрген «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редкаторлық қызмет атқарды. Омбыда қызмет еткен жылдары оның қайраткерлік, педагогтық, ғалымдық, әдебиеттанушылық талантын жан-жақты ашып берді. Әлихан Бөкейхан – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, шаруашылығын, төрт түлік малын, жер-суын жан жақты зерттеген санаулы ғалымдардың бірі.

1896 жылы орыстың императорлық География қоғамы Батыс-Сібір бөлімінің толық мүшесі, 1901 жылы бөлімнің басқару комитетіне мүше болып сайланады. Тарих саласындағы жазып қалдырған елеулі мұралары – «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи», «Киргизы» атты монографиялары. Бірінші ұжымдық монография 1903 жылы «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты көп томдық альманахтың «Киргизский край» деген XVII томына еніп, Санкт-Петербордан жарық көрді. Шығармада Қазақ өлкесінің сонау тас, қола дәуірінен бергі тарихы, мекендеген халықтары, олардың мәдени, саяси-әлеуметтік жетістіктері кең көрініс тапқан. Сондай-ақ, Дала өлкесінің соңғы ғасырлардағы өмір-тарихын сипаттайды, патша өкіметінің жүргізіп отырған отаршылдық саясатын да батыл суреттеген. «Киргизы» атты еңбегі алғаш рет «Формы национального движения в современных государствах» атты жинақпен 1910 жылы Санкт-Петербордан басылып шығады.

Ә.Бөкейхан тұңғыш абайтанушы да болды. Абай жинағының жарық көруіне қалтқысыз қамқорлық жасады. Ол Абай қайтыс болған соң жеті айдан кейін, яғни 1905 жылы Семей қаласының Географиялық бөлімшесінің «Семипалатинский листогында» орыс тілінде Ә.Бөкейханның азалы ғұмырнамасын (некролог) жариялады. Абай өлкеңдері мен қара сөздерінің тұңғыш жинағын редакциялап, жинақтың 1909 жылы Сант-Петербургте басылып шығуына қол ұшын берген.

Алаш көсемi Әлихан Бөкейхан өмiрiнде Семей қаласының алатын орны айрықша. 1896-1903 жылдары Семей және Ақмола облыстары уездерiнде қазақ жер пайдалануын зерттеумен айналысқан Щербина экспедициясына қатысады. 1905-1907 ж. 1-орыс революциясының қазақ даласында ұлт-азаттық қозғалыстың бел алып өрiстеуiне айтарлықтай ықпалын тигiзген аласапыран жылдар болды. Нәтижесiнде, 1905 жылы Семей губерниясына қарасты Қарқаралы қаласына таяу Қоянды жәрмеңкесiнде Алаш көсемi Ә.Бөкейхановтың басшылығымен тұңғыш қазақ сиезi болып өттi. Патшалық Ресейдiң отарлық езгiсiне қарсы наразылық бiлдiрген қазақ қоғамының бiрнеше баптардан тұратын саяси талап-тiлектерi айтылатын «Қарқаралы петициясы» деп аталатын саяси құжаттың авторлары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақбаев сынды ұлт зиялылары болды. «Қарқаралы петициясына» қатысы бар» деген күдiкпен Ә.Бөкейхан Кереку, Омбы түрмелерiне қамалған едi. Алайда, ол 1906 жылы патшалық Ресейдегi I Мемлекеттiк Думаға сайлау науқаны кезiнде Семей облысы қазақтары атынан депутат болып ұсынылған Ә.Бөкейхан түрмеден босатылып, Семейде өз сайлаушыларымен жиын өткiзедi.

Алайда, ел өмiрiндегi саяси толқулардан кейін патша өкiметi тарапынан Алаш ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерiн қайта қуғындау басталып, 1908 жылы Әлихан екiншi рет Семей түрмесiне қамалады. Бөкейханның Семейдегi саяси қызметiнiң ең бiр маңызды кезеңi 1917 жылғы ақпан төңкерiсiмен тiкелей байланысты болып келедi. 1917 жылы желтоқсанның 5-13-ы күндерi Орынборда өткен екiншi жалпықазақ сиезiнде Алашорда үкiметi құрылғаны жарияланып, ал Алашорданың уақытша тұратын орны Семей қаласы болып белгiлендi. Осы жылдары Семейде Алашорда үкiметiнiң ақ туын көтерген Әлихан, Ахмет, Мiржақып бастаған Мұхаметжан Тынышпаев, Халел Ғаббасов, Райымжан Мәрсеков, Жүсiпбек Аймауытов, Тұрағұл Абайұлы, Ахметжан Қозыбағаров, Мәннан Тұрғанбаев, Жақып Ақбаев, Мұхтар Әуезов, Әбiкей және Қаныш Сәтпаевтар, Ыдырыс Мұстамбаев тәрiздi тағы басқа ұлт зиялылары жан аямай қызмет еттi. 1917-1927 ж. Семейдiң бұрынғы «Заречная Слободка» бөлiгi Алаш қаласы болып аталып келдi. Тек, 1927 жылдың 15 қыркүйегiнде барып Семей қалалық кеңесiнiң шешiмiмен Алаш қаласы Жаңасемей болып өзгертiлдi.

Әлихан Бөкейхан 1918 жылдан бастап өзiнiң Алашорда үкiметiнiң төрағасы қызметiне байланысты Семейде тұрды. Ол Алашорда үкiметiнiң Ұлт Кеңесi, Семей облыстық кеңесi, облыстық және уездiк Земство басқармалары, Алаш қалалық Думасы мен Алаш қалалық қоғамдық басқармасы тәрiздi болашақ мемлекеттiк басқару жүйелерiн құруға қатысты қыруар iстер атқарды. Сондай-ақ Алаш милициясы мен атты әскер полкiн құруда да елеулi еңбек сiңiрдi. 1920 жылы тамыз айында қазақ автонмиясын құру және оның аумағын белгiлеу жұмысы қаралған комиссия отырыстары өтеді. Сонымен, ұлы күрескерлер пәтуаға келген қазақтың жерi 1920 жылдың 26-тамызында «Қырғыз АКСР-iн құру және оның территориясын белгiлеу туралы декрет» деген атпен баспасөзде жарық көрдi.

1919-1920 жылдары жаңа үкіметтің белгілі жарлығы шығып, Алаш партиясының көсемдері мен саяси белсенділеріне «кешірім» жасалып, большевикттік қызметтерге жіберіле бастайды. Әлихан «Жалпы Сібір сиезі» атты мақаласында «найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкімет» деп сипаттаған большевиктерге қызмет етуден бас тартады. Осы «оппозициялық қылығы» үшін 1920-1922 жылдары оған «буржуазиялық ұлтшыл» деген айдар тағылып, тергеулер жүргізіліп, айлап абақтыда отырды. Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханды елінен кетуге мәжбүр етіп, 1922 жылы Мәскеуге жер аударады. Мұнда ұлттар істері жөніндегі Халық комиссарияты жанындағы Орталық баспаның ғылыми қызметкері, 1926-1927 жылдары Ресей ҒА-ның ғылыми қызметкері болды. 1927 жылы Егіншілік комиссариатында профессор С.П.Швецов ұсынған жер нормасын қорғап сөз сөйлеп, отаршыл пиғылдағы шенеуніктерді сынға алады. 1937 жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан Кеңестік Республикалар Одағы Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясы «возглавлял контрреволюционную борьбу против Советской власти, устоновил связи с руководителями террористического центра в Казахстане и в Москве» деген жалған айыппен қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаған аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлын елінен тыс жерде – Мәскеуде өлім жазасына кесілсін деген үкім шығарды. 1989 жылы 14 мамырда КСРО Жоғары сотының қаулысымен әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан ақталды.

Әдебиеттер:

1. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.122-128
2. Алаш. Алашорда: энциклопедия. – Алматы: Арыс, 2009. – Б.108-109
3.«Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіздік мұраты» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Астана: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ баспасы, 2016. – 481 б.
4. Бөкейханов Ә. Абай (Ибрагимъ) Кунанбаев // Записки Семипалатинскаго Подъотдела Западно-Сибирскаго Русского Географическаго Общества: Вып.3. – Семипалатинск, 1907. – С.1-8
5. Бөкейханов Ә.Н. Шығармалар. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 384 б.
6. Бөкейханов Ә.Н. Таңдамалы / бас ред.: Нұрғалиев Р. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995. – 477 б.
7. Бөкейхан Ә. Шығармаларының 7 томдық толық жинағы: (Омбы-Қарқаралы – С-Петербор – Омбы). – Астана: Сарыарқа, 2009.
Т.1: 1889-1903. – 561 б.
Т. 2: 1904-1906. – 565 б.
Т.3: 1907-1913. – 555 б.
Т. 4: 1897,1905, 1906-1907. – 566 б.
Т.5: 1907,1913-1915: Омбы-Павлодар-Самар-С-Петербор. – 557 б.
8. Қазақ газеті. 1913 жыл / құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева.- Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 480 б.; Қазақ газеті. 1914 жыл. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 504 б.
9. Қойшыбаев Б. Әлихан Бөкейханов. – Алматы: Жеті жарғы, 2001. – 157 б.
10. Мұсаұлы Р. Абай өлеңдерiнiң алғашқы жинағы // Абай. – 1992. – № 3. – Б.9-16
11. «Қазақ» газеті / бас ред.Ә.Нысанбаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998. – 560 б.
***
12. Әділбекқызы Ж. Семей орыс географиялық қоғамы және қазақ зиялылары // Абай. – 2004. – № 1. – Б.61-64
13. Әубәкір Ж. Әлихан – тұңғыш абайтанушы: Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл // Семей таңы. – 2016. – 25 наурыз. – Б.2
14. Белгібаев М., Әділбекқызы Ж. Орыс Географиялық Қоғамының Семей бөлімшесі // География және табиғат. – 2004. – № 3; 4; 5.
15. Дулатбеков Н. Әлиханның аттестаты табылды // Ертіс өңірі. – 2014. – 26 ақпан. – Б.7
16. Кенемолдин М. Әлихан Бөкейхановтың Семейдегі жылдары // Алаштану. – 2008. – № 1. – Б.72-76

 

http://alash.semeylib.kz/

https://www.google.com/

https://abai.kz/

https://www.azattyq.org/

https://kk.wikipedia.org/wiki