Меңдешев Сейітқали (1882-1937)

33

Меңдешев Сейітқали 1882  жылы 16 маусымда Бөкей губерниясы, Жаңақала ауданында туған, қоғам және мемлекет қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны. 1903 жылы Қазан мұғалімдер семинариясын бітіргеннен кейін 13 жыл мұғалім болған. Семинарияда оқып жүрген кезінде демократ, ұлт-азаттық қозғалысқа қосылғаны үшін патша өкіметінің қуғындауына ұшырады. 1916 жылы тұтқынға алынып, Астрахан түрмесіне қамалды. 1918 жылы Кеңестердің Бөкей губерниясы сиезінде губерниялық атқару комитетінің мүшесі болып сайланды, 1919 жылы оның төрағасы болды. 1919 жылы шілдеде Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери ревкомының мүшесі және оның төрағасының орынбасары болды. 1920-1925 жылдары Қазақ АКСР ОАК-нің төрағасы, 1925-1926 жылдары Қазақстан тұтынушылар одағының төрағасы, ал 1926-1930 жылдары РКФСР экономикалық Кеңесінің мүшесі болып сайланды. 1930-1937 жылдары Қазақ АКСР оқу-ағарту халкомы, Қазақ АКСР Халком кеңесі жанындағы ғылым жөніндегі комитеттің төрағасы, Қазақ АКСР Халком кеңесі жанындағы қорықтар мен тарихи-ескерткіштерді қорғау басқармасының бастығы қызметін атқарды. 1921-1922 жылдары Қазақстандағы аштықпен күресу жөніндегі төтенше комиссияны басқарды, 1924 жылы Орта Азия елдері мен Қазақстанның мемлекеттік шекарасын межелеу мәселесін шешуге қатысты. 1925 – 26 жылдары КСРО БОАК-нің ұлт республикаларында жер пайдалану мәселесін шешу жөніндегі комиссияның және конституциялық комиссияның мүшесі, 1928-1929 жылдары КСРО БОАК-нің Чувашия кеңестерінің кезекті сайлауын өткізу жөніндегі өкілі болды. Қазақ АКСР кеңестері І-У, VIII, IX сиездерінің делегаты және Қазақ АКСР ОАК мүшесі. 1919-25 жылдары РКФСР және КСРО кеңестері сиездерінің делегаты және РКФСР ОАК және БОАК мүшесі. 1924-1925 жылдары БОАК төралқасының мүшесі. РК(б)П XII сиезінің және Коминтерн 5-конгресінің делегаты. 1921-1926 жылдары РК(б)П Қазақ облыстық бюросының, РК(б)П ОК Қазақ бюросының, РК(б)П Қазақ обкомының мүшесі болды. С.Меңдешев 1937 жылы репрессияға ұшырады. Ол мәдени-әлеуметтік салаға, әсіресе республикадағы оқу-ағарту ісінің дамуына ерекше көңіл бөлді. Мысалы, Үкіметке, өлкелік партия комитетіне Орал қаласында педагогикалық институт ашу жөнінде ұсыныс жасап, жобасын әзірледі. Соның нәтижесінде 1932 жылы 1 қарашада жалпы құрамы 180 адамнан тұратын, химия-биология, техникалық физика, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих-экономика бөлімдері бар жоғарғы оқу орны ашылды. С.Меңдешев Оралда Қазақ драма театрын ұйымдастыруға да ұйытқы болды. Жаңақала аудандағы орта мектептің бірі Сейітқали Меңдешевтің есімімен аталады.

Әдебиеттер:

  1. Меңдешев Сейітқали // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.239-240
  2. Иманғалиев А., Құрманғазиева Г. Меңдешев Сейітқали­ – қоғам қайраткері  // Қазақстан мектебі. – ­ 2004.- ­ №1. -­ Б.74-­78 ­

Интертнет сілтеме:

https://kk.wikipedia.org/wiki/Сейітқали_Меңдешұлы_Меңдешев