Құдайбердіұлы Шәкәрім (1858-1931)

29Көрнекті ақын-ағартушы, Алаш қайраткері Құдайбердіұлы Шәкәрім 1858 жылы Семей облысының Абай ауданынының Шыңғыстау бөктерінде туған. Шәкәрім Абайдың немере інісі, яғни оның туған ағасы Құдайбердінің ұлы. Өлеңдері мен жазбаларында 5 жасынан хат танығанын, 7 жасынан әкеден жетім қалғанын, қажы атасы Құнанбай мен ағасы Абайдың қамқорлығында өскенін айтады. Данышпан Абайдың тигізген ықпал-әсері туралы Ш. Құдайбердіұлы кейінірек: «Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды, сол кісі мұсылманша һэм орысша ғылымға жүйрік һэм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағылым алып, әртүрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сезіндім»,-деп жазады. Осы дәйексөз Алаш қайраткерлеріне темірқазық болған бір негізді айғақтайды. Қаламгер ретінде қалыптаса келе Ш.Құдайбердіұлы араб, парсы, түрік, орыс тілдері арқылы әлемдік руханияттың тұнығынан су ішуге ұмтылады. «Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың» деген ойында да ізгілік пен біліктің нышаны аңғарылады. Ақынның бүкіл шығармашылығы – ізденген, тазарған, өз иманы мен халық иманына қамқор да жауапкер жан сезімінің айнасы дерлік. Қаламгердің ағартушылық бағыттағы пәлсапалық, сыршыл, шыншыл өлеңдері («Қазақ айнасы», «Жолсыз жаза яки кез болған іс» жинақтарына кірген немесе колжазба күйінде жеткен), халық өмірінің қилы тарихынан сыр шерткен «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Нартайлақ-Айсұлу» жырлары, Шығыс тағылымын байыптаған «Ләйлі-Мәжнүн» аударма-дастаны, орыс тілінен тәржімелеген көркем аудармасын (А.Пушкиннің «Дубровскийі» мен «Бораны», Л.Толстойдың алты әңгімесі, Г.Б.Стоудың «Том ағайдың балағаны»), мұсылмандықтың әліппесі сынды «Мұсылмандық шарты» еңбегі, ұлт тарихының бір шетін түгендеген «Түрік, кырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі», заманындағы түрлі ой ағымын бағамдаған «Үш анық» еңбегі – XX ғасырдың басындағы бірнеше буынның сауатын ашып, рухани көкжиегін кеңейтті. Ол 40-тан аса бере, шамамен 1898-1899 жылдары биік мұсылмандық парызын өтемекке қажылық сапарда болып қайтады. Стамбул, Мысыр, Араб елдерін аралап, ойына – ой, білігіне білік қосып келеді. Мұнан кейінгі жерде ақынның имани абыройы, білімі халқына бұрынғыдан да жақындай түседі. Жасы ұлғая келе ол дінді, білімді елшілдікпен толықтырды. Сондықтан да, тарихи 1917 жылы дана Абайдың қайтқан жасына шыққан (59 жас) ақынды Алаш қайраткерлері «Шәкәрім ақсақал» деп атады. Ш.Құдайбердіұлы мен Алаш қайраткерлері арасында тығыз байланыс болғанын дәлелдейтін дерек аз емес. Мысалы, ұлттың саяси қозғалысының серкесі Ә.Бөкейхан 1907 жылы II Мемлекеттік Думаға депутаттыққа кандидат етіп Ш.Құдайбердіұлын ұсынған. Бірақ ақын өз орнын Т.Нұрекенұлына берген. Сондай-ақ, 1905-1906 жылдары Семейде Ә.Бөкейханның жетекшілігімен және қатысуымен өткен саяси жиындардың барлығына дерлік Ш.Құдайбердіұлы ұлт зиялыларының өкілі ретінде қатысқан. Ақын Алаш қайраткерлерінің ақыл және еңбек күшімен шыққан «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне белсене араласып, мақала, өлең жазып тұрған. Екі басылым арасында өзара пікірталас туғанда бітістіруші-дәнекер болғаны тағы бар. Ә.Бөкейхан 1914 жылы мұсылман сиезіне қатысты сериялық мақалаларында қазақ тілінің мықтылығын дәлелдегенде, Абайдың қатарында Ш.Құдайбердіұлының орнын айрықша атайды. «Қазақ» газетінде Алаш қайраткерлері Шәкәрімнің жарияланған кітаптарына оң баға беріп отырды. Бұл дәстүр төңкерістен кейін де жалғасып, А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында», басқа да қайраткерлердің оқулықтары мен мақалаларында ақын шығармашылығы лайықты сөз етілді. 1917 жылы Ш.Құдайбердіұлы Алаш қозғалысының жуан ортасында жүрді. Алаш партиясын құру және Алаш автономиясын жариялау шарасына даярлық ретінде облыстарда қазақ сиездері ұйымдастырылғанда, ақын өз өңірінде (Семейде) 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында өткен жиынға қатысып, сөз сөйлейді. Ш.Құдайбердіұлы Алаш Орда үкіметі жарияланатын 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен II жалпықазақ сиезіне арнайы шақырылады. Алаш партиясының Семей облыстық комитетіне ақынның өзіне жақын тартқан 4 шәкірт-інісінің (А.Қозыбағарұлы, Т.Абайұлы, Х.Ғаббасұлы, А.Молдабайұлы) кіргені де біраз жайды аңғартса керек. Осы тұста ол: «Оқыған жастың етегін, Қабыл алдым жетегін, Босқа жатып нетемін» деп жазды. 1917 жылы қараша-желтоқсан айларында земство сайлауы болғанда, Ш.Құдайбердіұлы Семей уездік земствосына Шыңғыс болысынан сайланады. Ертерек, 1878-1880 жылдары Шыңғыстаудың болысы болып, ел билеу ісін тәжірибесімен өткерген ақын жаңа заманның да билігін көреді. Облыстық земствоға бірнеше рет қатысады. М.Боштайұлы басқарған облыстық қазақ сотының мүшесі болады. Осы шамада аталған сот земство мәртебесі аясында Алаш Орданың атынан сот билігіне қатысып отырғанға ұқсайды. Біраз зерттеушілер «Алаш Орданың қазысы, биі болды» деуі сондықтан. Ахат Шәкәрімұлы естеліктерінде де осындай мәлімет бар. 1918 жылы Алаш қаласында большевиктер қолынан қапыда қаза болған ұлт сардары Қ.Нұрмұхамедұлының жаназасында Ш.Құдайбердіұлы «Өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен дәлелдеді. … Құдай тағала қазаққа шын ұл бергеніне бүгін ғана көзім жетті» деп аталы сөзін айтты. 1919-1931 жылдары ақын біраз уақыт шығармашылықпен айналысып, «Таң», «Қазақ тілі» басылымдарымен араласып тұрады. 1924 жылы Германиядан келген профессор М.Кучински Қ.Кемеңгерұлының жол бастауымен Құдайбердіұлымен дидарласады. 1930 жылы үлкен ұлы Ғафур Семей түрмесінде қорлықпен қаза болғанда, ақын Шақпақтыдағы қыстауында өмірден баз кешіп, кайғымен жатып қалады. ОГПУ мұнда да тыныштық бермейді. Оның «Елсізде қалған мен бір шал» дейтіні – осы шақ. 1931 жылы 2 қазанда ауданға бет алып келе жатқан ақынды ОГПУ қаныпезерлері екі рет атып, мерт қылады. Құрқұдыққа тасталған оның сүйегін баласы Ахат 1961 жылы аршып алып, мұсылман ғұрпымен Абай зиратының қасына қайта жерлейді.

Әдебиеттер:

Құдайбердіұлы Шәкәрім // Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы. – Алматы: Сардар, 2014. – б. 280-283
Еспенбетов А.С. Шәкәрім және Сұлтанмахмұт:Монографиялық зерттеу.-Алматы:«Раритет», 2008. – 230 б.
Мұхамедханұлы Қ. Ш. Шаһкәрім // Көп томдық шығармалар жинағы. 3-том.-Алматы: Алаш, 2005.- б.267-316
Мұхаметқанұлы Қ. Шаһкәрім // Шәкәрімтану мәселелері. Сериялық ғылыми жинақ. 1-том.-Семей-Новосибирск: «Талер-Пресс», 2006. – б.48-100
Шәкәрімтану мәселелері: Сериялық ғылыми жинақ. 1-т.-Алматы: Раритет, 2007.-448 б.
Шәкәрімтану мәселелері: Сериялық ғылыми жинақ. 2-т.-Алматы: Раритет, 2007.-376 б.
Шәкәрімтану мәселелері: Сериялық ғылыми жинақ. 3-т.-Алматы: Раритет, 2007.-376 б
Шәкәрімтану мәселелері: Сериялық ғылыми жинақ. 4-т.-Алматы: Раритет, 2007.-376 б.
Сәрсенбайқызы Ғ. Бар ғылымның түп атасы – Шәкәрім // Дидар. – 2008. – 16 қыркүйек
Сейсенұлы Д. Шәкәрім. Ғұмырнамалық баян. – Астана: Фолиант, 2007. – 264 б.