Үкібаев Қаражан (1851-1934)

Қаражан Үкібаев 1851 жылы Шыңғыстаудың Саржал деген ауылында дүниеге келген. Руы – Арғын ішінде Тобықтының Құлық руының Малтабар бөлімінен шыққан. Семей қаласындағы ет және тері өнеркәсібінің негізін қалаған, әрі Мәскеуден бірінші гильдиялы көпес құжатын алып, ақпан төңкерісіне дейін қалтасы қалың, аса бай миллионерлердің бірі болған.
Алаштың оқыған көп азаматтары Қаражан үйінде тұрған. Алаш қозғалысы кезінде кеңсеге деп, бірнеше бөлмелерін босатып берген. Кейін бұл екі қабатты үйі жетім балалар үйіне айналған.
Мұхтар Әуезов Қаражанды жақсы танып, араласып тұрған. Сол таныстықтың арқасында ұлы жазушы 1918 жылы «Абай» журналын шығаруға Қаражаннан қаржы сұрап барғанда, мәрт азамат қолынан келген бар жақсылығын жасаған екен. Сөйтіп, Қаражан Үкібаевтың «Абай» журналын шығаруға атсалысуы ең алдымен 11 мың сомға «Ярдам» баспаханасын сатып алудан басталған.
Қазақ байлары ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ресей мен Татарстан жоғары оқу орындарында оқып жатқан қазақ жастарына демеушілік жасап, шәкіртақы тағайындап отырған. Солардың ішінде Қаражан Үкібаевтың үлесі қомақты. Қаражан Үкібаевтың есімі Алаштың атын айдай әлемге танытқан аса дарынды әнші Әміре Қашаубаев жайлы еңбектерде де кездеседі.
Қаражан Үкібаевтың Алашорда үкіметінің қолдаушысы және белді мүшесі болғандығы ел арасындағы көнекөз қарттардан жеткен әңгімелерден белгілі. Сонымен қатар, мұрағат құжаттарындағы 1928 жылғы 27 тамыздағы қазақ байларын тәркілеуге байланысты қабылданған декреттегі Қаражан Үкібаевтың жеке ісінде оған мынадай мінездеме берілген: «Қаражан Үкібайұлы жеті атасынан бері қарай байлығы үзілмеген шонжар, шіріген бай, әрі Алашорданың маңдайына басқан байының бірі болып, Алашорданың өмір сүруіне жанын салып қызмет етті. Кеңес үкіметіне дұшпандық ниетте болып, қазақ ауылындағы кедейлерді аузына қаратып, Қаражан аты жер жарған».
1927-1928 ж. кенестік саясат байлардың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін қудалаған кезде Сібірге жер аударылады. Кейін, ол жақтан оралған соң, И. Әділов екеуі кеңес үкіметіне қарсы Шыңғыстау көтерілісіне қатысады. 1934 ж. осы көтеріліске қатысқаны үшін большевиктер қолынан қаза табады.

Әдебиеттер:

Тілешов Е. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық / Е. Тілешов, Д. Қамзабекұлы. – Алматы: Сардар, 2014. – 528 б. – Үкібаев Қаражан: б. 419.
Қазбалинов Т. “Абай” журналын ашуға қаржы берген Қаражан // Абай. – 2003. – № 3. – Б. 75-77.
Кенемолдин М. Қаражан Үкібаев кім? // Абай. – 2010. – № 4. – Б. 23-26.
Шаянбаева С. Алаш қаласының айшықты тұстары айшықталып біткен жоқ: [Қ. Үкібаев туралы] // Ертіс өңірі. – 2010. – 27 қазан. – Б. 13.
Алаштың жанашыры Қаражан Үкібаевтің