Искаков Даниял (1897-1945)

1897 жылы Семей уезі Шыңғыс болысында туған. Алаш қозғалысына қатысушы. Құнанбай ұрпағы, Абайдың інісі Ысқақтың немересі. Семей орыс-қазақ мектебінде, қалалық училищеде оқыған. Семейдің мұғалімдер гимназиясында Ж.Аймауытовпен, М.Әуезовпен қатар оқыған. «Алашорданың» Семейдегі «Талап» жас алаш ұйымын құрушы, оның жарнашысы, «Абай» журналының демеушісі болған. Алашордашылар жаппай қуғындала бастағанда бесіктен бірге өскен досы Мұхтар Әуезов екеуі Ташкентке ауысқан. Х.Досмұхамедовпен бірге Ташкентте «Сана», «Шолпан» журналдарын шығаруға қатысқан. «Сананың» жарық көрген алғашқы екі санында М.Әуезовтің «Бәйбіше-тоқал» пьесасының әлеуметтік астары мен көркем бейнеленуі туралы «Қорғансыздар» атты әдеби сын мақаласы жарық көрген. Бұл сол тұста нақты көркем әдеби сынның талабына толық жауап беретін пайымды басылым болған.
Семей облыстық І қазақ сиезінде комитет мүшелігіне кандидат болған. 1917-1919 жылдары Алаш қозғаласына белсене қатысқан. Кеңестік кезеңде 1927 жылы Ташкенттегі Орта Азия университетін бітірген. Әдістемелік еңбектердің және сын мақалалардың авторы. В.Гаршиннің, А.Чеховтің, Р. Ролланның шығармашылығын қазақ тіліне аударған.
1937 жылы Карелияға жер аударылып, осында 1945 жылы қайтыс болған. Қосымша әфсаналық деректерге қарағанда Даниал Ысқақов атылмаған, 1945 жылы айдауда жүріп дүниеден қайтқан-мыс. Ұрпақтарының шежіресінде де солай көрсетілген.

Әдебиеттер:
Ерсәлімов Б. Құнанбайдың қуғын көрген ұрпақтары. – Семей, 2005. – Б.3
Ысқақұлы Д. // Алаш қозғалысы: дерек пен дәйек. Ахмет Байтұрсынұлы мен Алаш қозғалысы қайраткерлеріне қатысты шетелдегі архивтерден табылған материалдар жинағы. – Астана, 2022. – Б.173
Даниял Ысқақов // https://ulagat.com/2020/09/02/