Шаймерден Қосшығұлұлы (1874-1932)

Шаймерден Қосшығұлұлы Көкшетау уезі Қотыркөл болысында туған. Алаш қозғалысының қайраткері. Мұсылманша сауат ашқан. Көкшетаудағы Науан, Хазірет Бұхарада медреслерде оқыған. 1886 жылы Көкшетау мешітінің имамы Науан Хазірететтің шақырумен мешіт жанындағы интернаттың мұғалімі болған. Науан Хазіретпен бірге Абайға патша саясатына қарсы назарлық мазмұнында 2 рет хат жазған. Сол үшін патша жандармениясы Абайдың үйін тінтіген. Науан Хазіретпен бірге Ресейдің шоқындыру саясатына ашық қарсылығы үшін Сібірге жер аударылған. Ә. Бөкейхан, М. Сералиндердің көмегімен 1905 жылы наурызда босатылған. 1906 жылы Жалпыресейлік Мұсылмандар съезіне қатысқан. І, ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты.1906 жылы Мемлекеттік Дума депутаты ретінде ,1908 жылы Көкшетау уезі қазағы ретінде Ақмола облысына орыс шаруаларын көшіруді тоқтату жөнінде жеделхат жолдаған. Петерборда татардың «Улфәт» газетінде қосымша ретінде «Серке» газетін шығарушылардың бірі.
1907 жылы Ә.Бөкейханның кеңесімен Түркияға барып үкімет, парламент басшыларымен кездескен. Түріктің бір газеті арқылы ІІ Николайға мәлімдеме жасаған.1918 жылы Қызылжар өңірі Бәйімбет болысында Алаш комитетінің төрағасы.1930 жылдардың басында қудаланып,1932 жылы Омбы уезінде қайтыс болған.

Әдебиеттер:
Қосшығұлұлы Ш.// Алаш қозғалысы: дерек пен дәйек. Ахмет Байтұрсынұлы мен Алаш қозғалысы қайраткерлеріне қатысты шетелдегі архивтерден табылған материалдар жинағы. – Астана, 2022. – Б.61
Қосшығұлұлы Ш. // Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – Б.279